Смайылов депутаттар алдында не деді?
Аудит нәтижелерін Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов баяндады.
«2024 және 2025 жылдары жүргізілген екі аудит нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесінен бірқатар өзекті мәселе мен кемшілік анықталды», — деді Смайылов.
Қазақстанның фармацевтика нарығының көлемі 2024 жылы 1,2 трлн теңгеге жеткен, десе де оның 84%-ы — шетелдік өнім.
2022-2024 жылдары медицина ғылымын қаржыландыруға 58 млрд теңге жұмсалған. Алайда биомедициналық зерттеулерді тіркеу жүйесі және клиникалық базалар тізімі әлі де жасалмаған.
«Ғылыми зерттеулердің нәтижесі өте төмен. Кейінгі 10 жылда елімізде небәрі екі түпнұсқа отандық препарат тіркелген. 4 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалғанына қарамастан, олардың біреуі де ұлттық формулярға енгізілмеген», – деді Әлихан Смайылов.
Мемлекет отандық фармацевтиканы дамыту үшін ауқымды көлемде жеңілдік беріп келеді. Кейінгі үш жылда осы салаға берілген преференциялардың жалпы көлемі 148 млрд теңгеге жеткен.
«Отандық компаниялар жеткізетін дәрі-дәрмек саны 968-ден 507-ге дейін, яғни 2 есеге жуық қысқарған», – деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы.
Әлихан Смайылов 2024 жылы жеке компания мемлекетке 8 млрд теңгеге 62 млн медициналық қолғап жеткізгенін айтты. Алайда бұл қолғаптардың көлемі мен сипаттамалары компания сол кезеңде Тайландтан сатып алған партиямен сәйкес келген.
«Бұл жағдай шетелдік өнімді отандық өнім ретінде сату қаупін көрсетеді. Мемлекетке өнім нарықтағы бағамен салыстырғанда 2 есе қымбат сатылған. Мұндай схемалар мемлекетке залал келтіреді», – деді Әлихан Смайылов.
Оның сөзінше, кейбір тауар өндірушілер арзан және нашар шикізат пайдаланады. Бұл бақылау болмаса, нарыққа сапасыз өнімдер жеткізілетінін білдіреді. Мысалы компаниялардың бірінен 3 млрд теңгеге сатып алынған препараттар қолдануға жарамсыз деп танылып, есептен шығарылған.
Жалпы аудит қорытындысы
Екі аудиттің қорытындысы бойынша 741 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар, 32 млрд теңгеге қаражат тиімсіз жоспарланғаны және пайдаланылғаны, 58 млрд теңгеге шығын анықталған.
Әкімшілік құқықбұзушылық белгілері бар 134 дерек бойынша материалдар уәкілетті органдарға, бес дерек бойынша аудит материалдары құқық қорғау органдарына жіберілген.