Бұл магистраль қаланың Төле би және Жамбыл даңғылдары мен Қ.Тұрысов көшелерін бойлай орналасқан.
Айта кету керек, аталған қайта жаңғырту жұмыстары өткен жылы басталған болатын. Жобаның мақсаты – Тараз қаласының тұрғындарын үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз ету, сондай-ақ тозығы жеткен жылу желілерін заманауи жүйеге бейімдеу. Жаңартылып жатқан жылу магистралі Сыпатай батыр көшесінен басталып, Төле би даңғылы мен Қ.Тұрысов көшелеріне дейінгі аралықты қамтиды. Жалпы ұзындығы 6138 метрді құрайтын бұл желінің 2024 жылы 4602 метр бөлігі ауыстырылып үлгерген. Ал ағымдағы жылы қалған 1536 метрлік бөлігі толықтай жаңартылмақ. Бұл жұмыстар биылғы жылдың 26 сәуірінде басталып кетті.
Қазіргі уақытта қайта жаңғырту жұмыстарын «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Бұл жобаны сапалы әрі уақытылы орындау үшін мердігер мекеме 20 бірлік арнайы техника мен 32 жұмысшыны жұмылдырған. Бүгінгі таңда жұмыс алаңында ескі құбырлар толығымен алынып, олардың орнына жаңа құбыр жүйесінің негізі қаланып жатыр. Құбырлардың қоршау құрылымдары – яғни бетон жақтаулары қойылып, инженерлік жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Тексеру барысында комиссия мүшелері мердігер компанияның өкілдерімен арнайы кездесіп, жұмыс барысы туралы нақты мәліметтер алды. Сонымен қатар, олар нысандағы жұмыстардың сапасына ерекше назар аударып, белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екендігін қатаң ескертті. Комиссия мүшелері жылу магистралін жаңғырту жобасының маңыздылығын атап өтіп, бұл жұмыстардың тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін баса айтты.
«AMANAT» партиясы өз тарапынан аталған инфрақұрылымдық жобаның толық жүзеге асуына және құрылыс жұмыстарының заң талаптарына сай жүргізілуіне тұрақты түрде қоғамдық бақылау жүргізетінін жеткізді. Жаңғырту аяқталғанға дейін бұл жоба партия мен қоғамдық кеңестің ұдайы назарында болады.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырысы негізінде жарияланды