Комитет мәліметінше, 13 қаңтардан бастап Қазақстанда ISO 20022 халықаралық стандартты төлем хабарламаларының форматы енгізілген. Бұл елдің төлем жүйелерін, екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерін және басқа азаматтарды қамтиды.
Не өзгерді?
Негізгі өзгеріс — жаңа «нақты төлеуші» графасы.
Оны қалай толтыру керек?
Заңды тұлғалар өздерінің құрылымдық бөлімшелері үшін салық пен әлеуметтік төлемді төлеген кезде жиынтық төлем тапсырмасының «нақты төлеуші» бағанында тиісті құрылымдық бөлімшенің атауы мен БСН-ын көрсетуі қажет. Сот орындаушылары борышкерлердің міндеттемелері бойынша төлемдерді аударған кезде төлем тапсырмасының «нақты төлеуші» бағанында борышкердің ТАӘ және ЖСН-ын көрсетуі қажет.
Бұл неліктен маңызды?
«Нақты төлеуші» графасында мәлімет дұрыс көрсетілмеуі қаражат дұрыс есепке алынбауына және қарыз пайда болуына әкеп соғуы мүмкін.
Ол үшін не істеу керек?
- Ұлттық банк талаптарын төлем тапсырмаларын толтыруда қатаң сақтаңыз;
- Кез келген сұрақ туындаған жағдайда екінші деңгейлі банктерге жүгініңіз;
Комитет салық төлеушілерді төлем құжаттарын рәсімдеу кезінде мұқият әрі жауапты болуға шақырады.