Қазақстандықтар жалға берушілердің арбауына түсіп, 1 миллион теңгеден аса қаржысынан айырылды. Полиция алаяқтық әрекеттерге барған үш күдіктіні Шымкент қаласында ұстады. Қаскөйлер тұрғын үйлерді жалға беру бойынша қызмет көрсететін арнайы қосымшаны пайдаланып, қылмыстық әрекетін жүзеге асырған.
«Олар жоқ пәтерлер туралы қызықтыратын хабарландырулар жариялап, клиенттерді сендіру үшін барынша сенімді ақпарат ұсынған. Тұрғындар бұл ұсыныстарға қызығып, хабарласқан кезде алаяқтар алдын ала төлем жасауды талап еткен. Азаматтар пәтерді брондамақ болып ақша аударып, алаяқтықтың құрбаны болған», — деп жазылған хабарламада.
Тергеу барысында күдіктілер былтыр тамыздан бері интернет алаяқтықтың кемінде 20 дерегіне қатысы бары анықталған. Осы уақыт ішінде олардың заңсыз әрекеттері салдарынан жәбірленушілерге жалпы 1 миллион теңгеден аса шығын келген.
Күдіктілерден 11 ұялы телефон, 15 SIM-карта, ноутбук тәркіленді. Қазір тергеу жалғасып жатыр.