Көбі қазақстандықтар қытайлық платформаларды жиі пайдаланатынын айтады, бірақ тереңірек үңілмейді. Осы мәселені толығырақ білу үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сұрау салдық. Ведомство нақты қанша қазақстандық шетелдік сайттарды сауда көзі ретінде пайдаланатынын көрсетпеді. Десе де, мынадай деректер жолдады.
«Қазақстан Республикасының электрондық сауда операторы «Қазпошта» АҚ 2024 жылы Temu маркетплейсі 2,8 мың тонна интернет-тауарлар, AliExpress — 649,8 тонна интернет-тауарлар декларациялады. Бүгінде Alibaba-да 7500 тауар ұсынылған, JD.com 25 түрлі тауар ұсынылған, 1 миллионнан астам жазылушылар тіркелген. 2024 жылғы 5 қарашада Douyin алаңында Қазақстанның Ұлттық павильонының ресми ашылу рәсімі өтті. Jiangsu Soho Holding Group Co., Ltd қытайлық серіктестерімен бірлесіп, қазақстандық өнімдерді онлайн сату ұйымдастырылған және TikTok платформасы арқылы стриминг іске қосылды», — деп қосты министрлік.
Былтыр қандай тауарларға ең жиі тапсырыс берілді?
Платформаларды қолданушылар санын білдік. Іздеген затыңды табатын қосымшалар арқылы қазақстандықтар қандай заттарды ең жиі тапсырыс берген. Министрлік тауарлар ассортименті халықтың қажеттілігіне қарай ауысып отыратынын ескертіп, отандастарымыздың шетелден көбіне киім-кешек, аяқкиім және спорт тауарларын ең жиі тапсырыс беретінін мәлімдеді.
ҰСБ деректеріне сәйкес, 2023 жылдың қорытындысы бойынша маркетплейстер арқылы тауарларды бөлшек саудада өткізудің жалпы көлемінің ең көп үлесін:
- телефондар мен гаджеттер — 27,5%,
- тұрмыстық техника — 11,6%,
- компьютерлік тауарлар, бағдарламалық қамтамасыз ету — 10,1%,
- автотауарлар — 7,9%
- қалған 40%: киім-кешек, аяқкиім және спорт тауарлары, сұлулық пен денсаулық (косметика, парфюмерия және т.б.), үй және саяжай тауарлары, азық-түлік өнімдері, жиһаз, құрылыс және жөндеу заттары құрады.
Экономикаға зардабы тиіп жатыр — сарапшы
Қытаймен бизнес жүргізуде бірнеше жылдық тәжірибесі бар сауда сарапшысы Сүйініш Жакиннің аталмыш қосымшалардың ел экономикасына зардабы тиіп жатқанын айтты. Оның сөзінше, шетелдік қосымшалар елімізде ресми тіркелмегендіктен ақшаның бәрін жұрт шет елге құйып жатыр.
«Қытайлық сайттар арқылы тауар тапсырыс беру қазіргі таңда өте қолайлы, қолжетімді және арзанға соғатын болғандықтан, сұраныс көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Pinduoduo, 1688 және қазір Temu сауда платформаларында тауарлары осылай қарқынды дамып, көбейе берсе, шағын кәсіпорындарға зиянын тигізеді. Екіншіден, бұл сайттар Қазақстанда заңды тіркелмеген соң, ешқандай салық төлемейді. Сәйкесінше, бұл елдің жалпы экономикасына зардабын тигізеді», — деді маман.
Сарапшы онлайн сауда қазір елімізде де қарқынды дамып келе жатқанын алға тартты. Десе де, шетелдік сауда өндірістерінен біз баға тұрғысынан қалып қойып жатырмыз дейді сарапшы.
«Қазір тек қана қытайлық сайттар емес, Қазақстанның ішкі нарығының өзінде онлайн сауда қарқынды дамып жатыр. Отандық банктер арқылы үйде отырып сауда жасай беретін, 3 сағат ішінде жеткізіп беретін мүмкіндіктеріміз бар. Алайда біз көрші елден баға жағынан ұтылып жатырмыз. Отандық өнімдердің бағалары қымбат. Ал Қытай платформаларында тауарлар бағасы өте арзан. Баға арзан болғасын қазір адамдар 6-10 күнге дейін күтуге дайын. Бізде кәсіпкерлерге жеңілдік берілсе, мемлекет тарапынан жақсы қолдау болса, кішкентай зауыттар мен өндірістерді өзімізге әкеліп шығаратын болсақ, нарықтағы бәсекелестікті құлатып, отандық тұтынушыларға мүмкіндік ашылатын еді деп білемін», — дейді сарапшы.
«Салық деңгейі сол күйі сақталады»
Елімізде ҚҚС өсуіне байланысты Сауда және интеграция министрлігі кәсіпкерлерге жақсы жаңалықпен бөлісті. Шетелдік платформалар арқылы алынған тауарларды жеткізумен айналысатын қазақстандық кәсіпкерлер үшін ведомство салық көлемінің сақталатынын айтты.
«Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі МКК ҚМ ақпаратына сәйкес, шетелдік компаниялардан интернет-алаңдар арқылы Қазақстан Республикасының жеке тұлғаларына қызмет көрсеткені және тауарларды өткізгені үшін ҚҚС (Google салығы) 12% деңгейінде сақталады және онлайн тауар тапсырыстарына пайыздық мөлшерлемені қайта қарау жоспарланбаған», — деп қосты министрлік.
Айта кетейік, отандық тауарларды шетелдік маркетплейстерде ілгерілету мақсатында министрлік отандық тауарларды экспортқа ілгерілету және ШОБ субъектілерін шетелдік онлайн сауда алаңдарына шығару бойынша өзара жұмыс жүргізіп жатыр.