Брифингте Жамбыл облысы прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы, Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Мұхаммед Қошмағанбетов сөз сөйледі.
Елімізде интернет-алаяқтық қылмыстарының белең алуына байланысты Н. Ұласбекұлы өзінің сөзін маңызды бағыттардың бірі –интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу жұмысының нәтижелеріне арнады.
Облыс прокуратурасы интернет-алаяқтықпен байланысты қылмыстарды алдын алу, ашу және тергеп-тексеру сапасын арттыру мақсатында бірқатар үйлестірушілік шаралар қабылдады.
Жоспарланған іс-шаралар аясында мекемеаралық жиналыстар өткізілді, нәтижесінде 2024 жылдың 4 қарашасында облыс прокурорының өкімімен полиция және прокуратура қызметкерлерінен тұратын «Cyberpol» мекемеаралық жұмыс тобы құрылды.
Топ заманауи құрал-жабдықтармен және қажетті ақпараттық жүйелермен қамтамасыз етілді.
Жедел-тергеу жұмыстарына аса назар аударылып, 267 интернет-алаяқтық қылмысының 90 бойынша күдікті тұлғалар анықталып, жауаптылыққа тартылды. Ашылу пайызы 34%-ға көтерілді.
Прокуратураның бастамасымен әзірленген «CyberShekteuTaraz» телеграмм-боты арқылы 114 жалған мәліметтер (интернеттегі қатерлі сілтемелер, алаяқтардың ұялы телефон нөмірлері, әлеуметтік желілер мен маркетплейстардағы жалған жарнамалар) қабылданып, бұғаттау шаралары жүргізілуде.
Ұлттық Банк «Антифрод-орталығы» мүмкіншілігін пайдалану тәжірибесі күнделікті қолданылуда. Аталған орталыққа күмән тудыратын 256 банктік есепшот енгізіліп, 231бұғатталды.
Телефон арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстарының да өршіп тұрғандығын ескере отырып, байланыс операторларымен кездесулер ұйымдастырылып, «Казахтелеком» және «Кселл» АҚ-ның өкілдерімен ынтымақтастық меморандумы жасалынды.
Бүгінгі күні бірлескен жұмыстар нәтижесінде 128 слоттық «СИМ-бокс» құралы анықталып, күдікті қамаққа алынды.
Бұл құралды пайдалану арқылы басқа облыс тұрғындарына алдау жолымен қаражаттарын жымқыру фактілері тіркелді. Сондай-ақ, интернет-алаяқтарға көмек көрсеткен азаматтардың жауаптылығы күшейтілуде.
Қазіргі уақытта екі дроппер қылмыстық жауаптылыққа тартылды.
Жәбірленушілерден жымқырылған қаражаттарды есеп-шоттардан шешуге көмектескен дропперлерден келтірілген шығынды өндіру тәжірибесі де заңмен қолға алынды.
Брифинг барысында прокуратура мен полиция өкілдері журналистерді қызықтырған сұрақтарға жауап берді.
Өңірлік коммуникациялар қызметі