Бұл түзету сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық актілерге енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар аясында қарастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, бұл өзгерістер «Жедел-іздестіру қызметі туралы» заңға түзетулер енгізуді көздейді.
«Заңға енгізілетін түзетулер мәжбүрлеу белгілері болған жағдайда заңсыз сыйақы алу фактілерін анықтау үшін арнайы жедел іс-шаралар жүргізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қылмыстық кодекске 247-1-бап енгізіледі, онда заңсыз сыйақы бергені үшін жауапкершілік қарастырылған», — деді Сарқұлов Мәжіліс отырысында.
Антикордың бірінші орынбасарының айтуынша, бұл жаңалық заңсыз сыйақы алушыларды ғана емес, оны ұсынушыларды да жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.
Биылғы жылдың алғашқы мәжіліс отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары қаралып жатыр.