Елімізде ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, жақсарту жолын негізгі бағытына айналдырып, саналы ата-аналар шоғырын қалыптастыруды қолға алған қоғамдық негіздегі ұйымдар баршылық. Соның бірі – «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі. Басты миссия – қоғамда саналы ата-ана мәдениетін қалыптастыру, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың педагогикалық-психологиялық білім-дағдыларын көтеру. Осы бағытта ұйым нәтижелі жұмыстар атқарып келеді. Бұған жуырда аталған бірлестіктің облысымыздағы филиалы ұйымдастырған «Баланың бас ұстазы – ата-ана» тақырыбында өткен ата- аналар қауымына арналған үш күндік семинар-тренинг мысал бола алады. Ұзын саны 85 ата-ананың басын қосқан маңызды семинардан өңірдегі колледждердің ата-аналар комитетінің төрағалары тың ақпарат, мол мағлұмат алып қайтты десе болады. Алғашқы күні «Сенімен болашақ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Жанұзаққызы Таразға арнайы табан тіреп семинарға қатысушыларға арнайы тренинг өткізді. Ал, екінші күні облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары «Буллинг пен кибербуллинг», «Бала агрессиясы» тақырыптарын қаузады. Екінші топқа «Сенімен болашақ» РҚБ психологтар академиясының жетекшісі Әсем Жұмағалиқызы арнайы келіп, ата-ана мен бала қарым-қатынасы жайлы жеті модульден тұратын семинар-тренинг өткізді. Ал, үшінші топқа ұйымның Павлодардағы филиалының басшысы Хызыр Жанарыс «Саналы ата-ана» тақырыбында дәріс өткізді.
– Ең маңыздысы – елге жанашыр болу. Осы ниетпен, осы мінезбен өмір сүру арқылы балаға үлгі болуымыз керек. Бұл балаға айтып, түсіндіріп, жазып үйрететін дүние емес. Жай ғана осы ұстаныммен өмір сүру керек. Семинарда осы мәселеге көбірек көңіл бөлдік. Ата-аналардың біз ұсынған ақпараттарды қабылдау, түсіну, қорыту деңгейі өте жоғары болды. Одан кейін «Саналы ата-ана құрамы» деген тақырыпта тренинг өткіздік. Саналы ата-ананың құрамы түсіністіктен, қолдаудан, сезінуден, жауапкершілікпен қараудан тұрады. Қатысушыларға осыны ұғындырдық, – дейді Хызыр Жанарыс.
Шараға қатысушы ата-аналар комитетінің мүшелері де тренингтен тәлімі мол, тың ақпарат, бала тәрбиесінде пайдалануға болатын нәтижелі әдістермен танысып, өз уақыттарының сапалы өткеніне ризашылықтарын білдірді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ