Жол қозғалысы ережелерін сақтау, заң бұзушылық деректерін болдырмау мақсатында кең ауқымды жергілікті тексеру жұмыстары жүргізілуде. Тараз қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері бір тәулікте облыс орталығының аумағында 191 жол қозғалысы ережесін, оның ішінде самокаттар мен мопедтерді пайдалану бөлігіне қатысты заң бұзушылықтарды анықтады. Жүргізушілер жол белгілерін және жолдың жүру бөлігі белгіленген ережелерді бұзуда, жолаушыларды тасымалдау ережелерін, жол қиылысынан өтуді, мопедтер мен скутерлерде қорғаныс құралдарын міндетті пайдалану талаптарын сақтамайды.
Сондай-ақ автокөлік жүргізушілері құжатсыз көлік құралын басқарғаны, алдыңғы және бүйір әйнектерді қараңғылауға тыйым салу талабын бұзғаны, рульде телефонды пайдаланғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Тексерудің алғашқы күнінің қорытындысы бойынша айыппұл тұрағына 26 скутер мен мопед, 2 көлік құралы қойылды.
ІІМ баспасөз қызметі