Жиында интернет-алаяқтыққа қарсы күрес және қаржы пирамидаларының алдын алу, қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары қаралды.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шеңберінде «Киберпол» арнайы топтарымен 2,5 мыңнан астам қылмыс ашылғанын, нәтижесінде 962 млн теңге көлеміндегі шығын өтелгенін баяндады. 914 қылмыскер ұсталды. Жалған нөмірлерден түскен 58 млн қоңырау бұғатталды. Еліміздің 5 қаласында 19 SIM-бокс және 6 мыңнан астам тіркелмеген SIM-карталары анықталды. «Антифрод-орталық» жұмысы аясында шетелге шығару сатысында тұрған 400 млн теңге бұғатталды. Шараларды күшейту үшін несие беруден ерікті түрде бас тарту, сондай-ақ жәбірленушінің қатысуынсыз ресімделген несиелерді есептен шығару бойынша бірқатар заңнамалық түзету пысықталуда.
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Дмитрий Малаховтың мәліметтері бойынша, биыл 43 қаржы пирамидасы анықталып, мессенджерлердегі 266 чат жабылған. Осылайша, 2 млн-ға жуық азаматтың қаржылық шығынының алдын алды. «Киберқадағалау» жүйесі 8 мыңнан астам алаяқтық сипаттағы сайт бұғаттады. Азаматтарға компаниялар мен олардың интернет-ресурстарында қаржылық пирамида белгілерін дербес тексеруге мүмкіндік беретін Telegram-бот іске қосылды. Бүгінгі таңда 9 мыңнан астам өтініш қаралды.
Мәдениет және ақпарат министрлігі арқылы интернет-алаяқтық, онлайн-казино және қаржы пирамидаларын жарнамалауды анықтау тұрғысында ақпараттық алаңға мониторинг жүргізу барысында жыл басынан бері заңсыз мазмұндағы 12 мың материал мен сілтемелерге қол жеткізуді шектеді. Киберқауіпсіздік мәдениетін дамыту шаралары нәтижесінде халықтың қауіп-қатер туралы хабардар болу деңгейі 80,4%-ға дейін өсті.
Премьер-Министр Олжас Бектенов алаяқтық схемалар үздіксіз дамып келе жатқанын, барлық қажетті деректерді алуға мүмкіндік беретін заманауи хакерлік бағдарламалар қолданылатынын атап өтті. Осыған байланысты бірқатар бағыт бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. Мәселен, осы санаттағы қылмыстық істерді тіркеудің ұзаққа созылуы мәселесін шешу үшін қаржы пирамидалары белгілерін анықтаудың нақты тетігін әзірлеу және бекіту тапсырылды.
«Мемлекет басшысы интернет-қылмыстарды ерте анықтау мен жолын кесу мәселесіне баса назар аудара отырып, оларға қарсы іс-қимыл шараларын күшейтуді бірнеше рет тапсырды. Онлайн-кредиттерді ресімдеуге, банктік жинақтарды ұрлауға байланысты әрекеттердің көпшілігі шетелден отырып жасалады. Ұрланған ақша «дроперлер» дейтіндердің көмегімен қолма-қол ақшаға айналады. Олар – негізінен жұмыссыз азаматтар, көбінесе «жеңіл» ақшаға құныққан жастар. Қазір заңнамада «дроперлерге» қатысты ешқандай жауапкершілік қаралмаған. Оның үстіне ақпараттық базадағы мәліметтерді желіге немесе алаяқтарға беру бойынша да жауапкершілік жоқ. Сондықтан мүдделі мемлекеттік органдар банк шоттарын, карталарды, жеке куәліктегі деректерді, телефон нөмірлерінің базаларын бөтен адамдарға қасақана бергені үшін жауапкершілікті енгізу мәселесін пысықтауы қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сонымен қатар алаяқтарға қарыз беруге жол бермеу мақсатында онлайн-кредиттерді ресімдеу кезінде ақпараттық қауіпсіздік жүйесін күшейту жөнінде шаралар қабылдау қажет. Мұнда онлайн-кредитті ресімдеу кезінде жеке басын сәйкестендіру рәсімдерін қайта қарау тапсырылды.
Сондай-ақ ҚНРДА онлайн-несиелерді алаяқтық шабуылдардан сақтандыру мәселесін қарастырады.
Үкіметтің баспасөз қызметі