«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ ел экономикасын қолдау мақсатында шамамен 3,5 трлн теңге бөледі
Үкіметтің экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспары шеңберінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан экономикасына шамамен 3,5 трлн теңге сомасында қолдау көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов мәлімдеді.
«Үкімет «Самұрық-Қазына» және «Бәйтерек» холдингтерінің, ішкі капитал нарығының ресурстары мен қаражатын, экономика үшін басым жобаларды қаржыландыруға тікелей шетелдік инвестициялар мен жеке капиталды белсенді түрде тартады. «Бәйтерек» желісі бойынша ағымдағы жылы 3 трлн теңгеден астам сомаға жобаларды қаржыландыру жоспарлануда», — деп толықтырды Олжас Бектенов.
Қолдаудың негізгі бөлігі тікелей қолдау құралдары арқылы көрсетілетін болады, оған 2,8 трлн теңге бөлінеді. Бұл қаражат келесідей бөлінеді:
- экономиканың нақты секторының жобаларын қаржыландыру: шамамен 1,4 трлн теңге;
- көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қоса алғанда, агроөнеркәсіптік кешен жобаларын қаржыландыру: 0,5 трлн теңгеден астам;
- тұрғын үй блогын қолдау: шамамен 0,4 трлн теңге;
- «Наурыз» және «Отау» ипотекалық бағдарламаларын іске асыру: 0,4 трлн теңге;
- экспорттаушылар мен шағын және орта бизнес субъектілерін (ШОБ) қолдау: 32 млрд теңге.
Бұдан басқа, кепілдік беру, субсидиялау және сақтандыру сияқты жанама қолдау құралдары арқылы 700 млрд теңгеден астам қаражат бөлінетін болады:
- инвестициялық жобалар мен ШОБ жобалары бойынша кепілдіктер беру: 150 млрд теңгеден астам;
- ШОБ субъектілеріне субсидиялар беру: шамамен 300 млрд теңге;
- экспорттық операцияларды сақтандыру: шамамен 300 млрд теңге.
Бұл бастама экономикалық тұрақтылықты нығайтуға және Қазақстан экономикасының негізгі секторларында өсуді ынталандыруға бағытталған.
«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ баспасөз қызметі