Аймақ басшысы ауданға қатысты әлеуметтік желілерде көтеріліп жүрген көптеген мәселелерді атап өтіп, оларды шешу бойынша тиісті басқармаларға, аудан әкімі мен оның орынбасарларына, бөлім басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өткен кездесуде жергілікті тұрғындар көп мәселенің тиегін ағытып, олардың шешу бойынша жұмыстардың сылбыр жүріп жатқанын айтып шағымданды.
Атап айтсақ, меркіліктер «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландыру барысында әлі күнге дейін қағазбастылыққа тап болатынын айтып, облыс әкімінен көмек сұрады.
Сондай-ақ, тұрғындар аспалы көпір және су қоймасын салу, халықтың әлеуметтік осал топтарына лайықты көңіл бөлу, жедел жәрдем, кәріз жүйесі мен мал ұрлығына қатысты мәселелерді көтерді.
Бұдан бөлек, жиында сөз алғандар Меркі ауылындағы орталық көше жөндеуді қажет ететінін, аудандағы орталық базардағы бей-берекетсіздікті реттеу, қант қызылшасын өсіруді кәсіп еткен шаруалар қажетті тұқымды кедергісіз алу, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арналған мектеп-интернатты жабдықтау, жатақханасын күрделі жөндеуден өткізу, жеке меншікке өтіп кеткен саябақты мемлекет меншігіне қайтарып, абаттандыру, кейбір ауылдардағы интернет жылдамдығының төмендігі және өзге де түйткілдердің түйіні қашан тарқатылатынын сұрады.
Ербол Қарашөкеев барлық сұрақтарға жауап беріп, әр мәселе шешімі бойынша ұсыныс беру үшін аудан басшылығына нақты мерзім бекітті.
Нақтырақ айтқанда, облыс әкімі жауаптыларға тұрғындардың табысын арттыруда маңызды рөлге ие «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде іскер ауылдықтардың қажетті қаражатқа қол жеткізуіне көмек беру, шаруа қожалықтарды субсидиялау, экологиялық мәселелерді дер кезінде шешу, «Меркі-Бурылбайтал» тас жолы мен ауыл-аймақтағы жолдарды сапалы жөндеу мәселелері бойынша аудан басшылығына салалық басқармалармен бірлесіп, тиісті ұсыныстар беруді тапсырды.
Аймақ басшысы облыс деңгейінде атқарылып жатқан жұмыстарға да қысқаша тоқталып, ауданның әлеуетін тиімді пайдалану, инвесторлар тарту, жаңа жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, мемлекеттік қолдауларды әр ауылға жеткізу шараларының маңыздылығын баса айтты.
— Аудан әкімдері мен басқарма басшыларының үйлесімді жұмыс атқармауының салдарынан көптеген мәселелер туындайды. Жауаптылар өз міндеттерін мүлтіксіз орындауы қажет. Сөзден іске көшіп, нақты нәтиже көрсету керек, — деді Ербол Қарашөкеев.
Кездесу барысында аудан әкімі Жорабек Баубеков есеп беріп, негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерді баяндады. Айта кетейік, қазіргі таңда ауданда 8 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері тіркеліп, 10 мыңға жуық тұрғын өз кәсіптерін дөңгелетуде. Сондай-ақ, өткен жылы 1500-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылған.
Кездесу соңында аймақ басшысы бірқатар тұрғындарды жеке қабылдады.
Сондай-ақ, облыс әкімі жергілікті аға буын-ардагерлермен және жастармен кездесіп, ой бөлісті.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі