Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның сыртқы саясат ведомствосының басшысына ілтипат білдіре отырып, қазақ-өзбек ынтымақтастығы барлық салада қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан бауырлас Өзбекстанмен өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға баса мән береді.
Кездесу барысында сауда-экономикалық ықпалдастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Екі елдің дамуына тың серпін беретін жаңа бағыттарды қарастыру және екіжақты тауар айналымын арттыру маңызды екені айтылды.
Мемлекет басшысы көлік-транзит саласындағы ынтымақтастықты нығайтудың мәні зор екенін атап өтті. Президент Қазақстанның «Дарбаза – Мақтаарал» теміржол желісін салуға кіріскенін мәлімдеді. Бұл жолды одан әрі Өзбекстан шекарасына жеткізу көзделіп отыр. Аталған теміржол байланысы екі ел арасындағы жүк тасымалының көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан тарапының Транскаспий халықаралық көлік бағдарын дамыту ісіне атсалысуы барлық тарапқа тиімді болады деп санайды.
Өз кезегінде Бахтиёр Саидов құрмет көрсеткені үшін Мемлекет басшысына алғыс айтып, Өзбекстан Президентінің ізгі тілегін жеткізді.
Министрдің айтуынша, екі ел басшылары Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы одақтастық қарым-қатынасты нығайту үшін жоғары меже қойып отыр. Осыған орай Бахтиёр Саидов бұған дейін жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру жөніндегі бірлескен жұмыс жоспарын баяндады.
Бұдан бөлек, алдағы уақытқа жоспарланған екіжақты және көпжақты сипаттағы кездесулер мен іс-шаралар кестесі қарастырылды.
Ақорданың баспасөз қызметі