Ол – толассыз қалың қар жауып, аймақтағы жолдардың жағдайы нашарлауына байланысты бірқатар шектеулер қойылғанын хабарлады.
Қазіргі уақытта «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» республикалық маңызы бар автожолының 534-тен 593-шақырымына дейінгі Күйік және Шақпақ асуларында, 159-238 шақырымындағы Қордай асуында ауыр жүк көліктері үшін қозғалыс жабылды.
Ауыр жүк көліктері әзірше «Алматы-Ташкент» тас жолының Қордай ауданындағы ескі асу арқылы жүргізіледі.
Айша бибі ауылы аумағында 200-ден астам ауыр жүк көлігі тас жолдың бойында тұр. Автожолдарды қар құрсауынан тазартуға «ҚазАвтоЖол»-мен бірлесіп 80-нен астам арнайы техника жұмылдырылды.
— Полиция департаментінің барлық жеке құрамы күшейтілген режимге көшірілді. 150 полиция қызметкерімен бірге ПД басшылығы әр учаскеге бөлініп, күндіз-түні тас жолдарда халық қауіпсіздігі үшін жұмыс жасаудамыз. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін, тұрғындардың қауіпсіздігі мақсатында полицейлер қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсетуде, — деп атап өтті ПД бастығы.
Бір түннің өзінде түрлі келеңсіз жағдайларға тап болған ондаған адам құтқарылып, жолда қалған көліктер сүйреп жеткізілді. Шу ауданында ауылдан 15 шақырым қашықтыққа адасып, жоғалып кеткен екі малшы іздестіріліп, аман-есен табылды. Олардың малдары да түгел табылып, жеткізілді.
Ауа температурасының бұдан да төмендеу ықтималдығы туралы хабар келуде. Осыған байланысты, дизельдік отынмен жүретін көліктер үшін республикалық маңыздағы жолдарға шектеу қойылды. Полиция жағдай тұрақтанғанға дейін мүмкіндігінше алыс жолға және елдімекендерден тыс аймақтарға шықпауға және сақтық шараларын орындап, алдын алу жұмыстарына түсіністік танытуға шақыруда.