Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, өткен кездесуге Тараз қаласының, облыстық салалық басқарма және құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.
Аймақ басшысы өз сөзінде алдымен облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталды.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында жалпы өңірлік өнім 1 290,7 млрд.теңгені құрап, 6,1 пайызға артқан. Экономикалық өсім – 1,3 пайыз.
Ал, тоғыз айда өнеркәсіп өнімінің өндірісі 3,7 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 12,6 пайызға, тұрғын үй — 0,2, сауда – 2,5, байланыс – 8 пайызға артып, ауыл шаруашылығы – 7 пайызға төмендеген. Көлік қызметі өткен жылғы тиісті кезеңдегі деңгейде қалыптасты. Негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі өсім 2 пайызға өсіп, 314,2 млрд. теңгеге жетті. Өнеркәсіп саласында 634,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, оң динамика жалғасуда.
Сондай-ақ, кездесуде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков есеп беріп, атқарылып жатқан жұмыстар мен өзекті мәселелерді шешу жоспарларын баяндады.
Шаһар басшысының айтуынша, Тараз қаласының №7 аумақтық округінде көп қабатты 136 тұрғын үй, 3865 жеке үй бар. Халық саны 32 482 тұрғынды құрайды. Аумақтық округ 59 көше, 43 бұрылысты қамтиды.
— Жалпы, бұған дейін қала тұрғындарымен кездесулерде көтерілген көшені түнгі жарықтандыру, жолдарын жөндеу сияқты мәселелер зерделеніп, тиісті шаралар қабылдануда.
Қазіргі уақытта, қаланы жарықтандыру, абаттандыру, көшелерін жөндеу бойынша 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық Даму жоспары әзірленді. Қалада жоспарлаудың басымдықтарына сәйкес мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау нысандары салынып, қоғамдық көліктер көп қатынайтын көшелер жөнделіп, көше жарығы жүргізілетін болады,-деді Б. Орынбеков.
Ағымдағы жылы округтегі жалпы ұзындығы 1,800 шақырымнан асатын көшелер мен бұрылыстар орташа жөндеуден өтсе, келер жылы да бұл бағытта бірқатар көшелер мен бұрылыстар жөндеуден өтеді деп жоспарланған.
Округке қарасты Байзақ батыр көшесі, №168 және Желтоқсан көшесі, №237 үйлердің бірлескен аулалары абаттандырылып, Өзбек көшесінің 2-бұрылысы, №12 үй маңында балалар ойын алаңшасы салынды.
Сонымен қатар, бір аулада абаттандыру жұмыстары, балалар ойын алаңшасы мен қоқыс алаңшасына дейін тротуар салу және жолдарды асфальттау, кіші футбол алаңшасының құрылысы жүруде. Ал, 2024 жылы округте 10 мекенжайды абаттандыру көзделуде.
Кездесу барысында тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Олар негізінен жол жөндеу, бағдаршам орнату, кәріз су жүйесі жаңарту, ауыз су, аялдама салу, алеяда қаңғыбас иттердің көптеп жүруі, заңсыз құрылыстар, инфрақұрылым тартуға қатысты мәселелерді көтерді.
Ербол Қарашөкеев сұрақтарға облыс деңгейінде және қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді. Аймақ басшысы барлық өтініштер назарға алынатынын баса айтып, кейбір мәселелерді шешу бойынша жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.