Арнайы операция ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қатысуымен Алматы қаласында ОАӨАОО аланыңда Халықаралық үйлестіру штабын орналастыра отырып өткізілді. “Канал-Перехват” операциясының негізгі міндеттері – жаңа психоактивті заттардың түсу арналарының жолын кесу, Ауғанстаннан опиаттар контрабандасына қарсы іс-қимыл кезінде әріптес елдердің өзара іс-қимылын пысықтау, трансұлттық есірткі топтары қызметінің жолын кесу, қару мен оқ-дәрілерді заңсыз айналымнан тәркілеу. Біздің еліміздің мүдделерін ескере отырып, операцияның міндеттеріне Жамбыл облысында жабайы қарасора жинауға және оңтүстік өңірлерде қарасораны заңсыз өсіруге қарсы іс-қимыл кіреді. Байқаушылар ретінде Иран құқық қорғау күштерінің, Қытайдың қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының, ШЫҰ-ның Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының, қылмыстық кірістерді заңдастыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі Еуразиялық топтың, ОАӨАҮО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері сөз сөйледі. Сондай-ақ Кеңеске Ұйымның бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков, ҰҚШҰ Үйлестіру кеңесінің төрағасы – Ресей Ішкі істер министрінің орынбасары Андрей Храпов, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстанның құзыретті органдарының басшылары қатысты. Өз сөзінде Ішкі істер министрінің орынбасары Қайрат Сөнтаев атап өткендей, арнайы операция трансұлттық байланысы бар тұрақты қылмыстық топтармен күрес жөніндегі негізгі іс-шаралардың бірі болып табылады. Мұндай бірлескен оқу-жаттығулар өз мемлекеттерінің аумақтары арқылы есірткі ағындарын анықтау мен жолын кесуде әртүрлі елдердің есірткі күресушілерінің тактикалық өзара іс-қимылын пысықтауға көмектеседі. Арнайы операция нәтижесінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің аумағында 900-ден астам есірткі қылмысы анықталды, 2,5 тонна есірткі тәркіленді, оның ішінде 19,5 кг героин, 856 кг апиын, 560 кг гашиш, 240 кг марихуана және 248 кг “синтетика” бар. 2800-ге жуық оқ-дәрі мен 48 қару табылып, тәркіленді. Бес есірткі зертханасы таратылды. 561 адам жауапкершілікке тартылды. Қазақстан аумағында операцияға Ұлттық ұланның тікұшақ техникасы, пилотсыз ұшу аппараттары және жүріп өту мүмкіндігі жоғары автокөлік жұмылдырылды. Есірткіні тасымалдау жолдары мен арналарын жабу үшін бірлескен мобильді топтар құрылды. Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдарымен 94 қылмыстық іс қозғалды, оның ішінде 17-сі контрабанда бойынша. Заңсыз айналымнан 455 кг түрлі есірткі, оның ішінде 53 грамм героин, 173 кг марихуана, 2,2 кг гашиш, 18 кг синтетика тәркіленді. Үш есірткі зертханасы жойылды. 147 адам жауапкершілікке тартылды. Қорытындылау кезінде барлық қатысушылар “Канал-Перехват” операциясының ұйымдастырылуына жоғары баға берді.
Ақпарат көзі: Polisia.kz сайты