Президент Павлодарда өткен жиын барысында жастардың шетелде жүрсе де ел мүддесі үшін қызмет етуге мүмкіндігі бар екенін алға тартты.
«Жас ұрпақ аға буынның өмір жолынан тағылым ала білгені жөн деп санаймын. Жастарымыздың кез-келген сәтте елге оралуына мүмкіндік бар. Тіпті, шетелде жүрсе де сол жақтан ел мүддесіне қызмет жасай алады.
Біз оларға мемлекетшілдік рухын сіңіріп, ел игілігіне қызмет етуге жұмылдыра білуіміз керек. Бүгінгі жастар заман талабына тез бейімделе алады. Олардың өршіл идеялары мен ерік-жігері – Қазақстанды дамытатын басты күш.
Өскелең ұрпақтың осы әлеуетін дұрыс арнаға бағыттау – біздің міндетіміз»
Сонымен қатар ол мемлекет тарапынан әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсетіле беретінін, алайда жұмысқа мүмкіндігі бар азаматтардың отбасын асырауға міндетті екенін айтты.
«Біздің қоғам масылдық психологиядан арылуы керек. Әрине, мемлекет әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсете береді.
Бірақ жұмыс істеуге мүмкіндігі бар әрбір адам адал еңбекпен табыс тауып, отбасын асырауға міндетті. Осының өзі елімізді дамытуға үлес қосу деген сөз»