Президент Павлодар жұртшылығымен кездесуі барысында бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. Әсіресе экология, ауыз сумен қамтамасыз ету, логистика, әуе қатынастары салаларындағы кезек күттірмейтін мәселелер туралы нақты жоспармен бөлісті.
— Павлодар мен Екібастұз жастары «EcoStudentKZ» республикалық экологиялық челленджін қолдап, студенттердің саябақтар мен гүлзарларды тазартқанынан хабардармын. Қоршаған ортаға қамқорлық туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыратындықтан, мұндай іс-шаралар көбірек болуы тиіс деп есептеймін.
Сондықтан менің ұсынысыммен Астана мен Алматы қалаларында «Қоқыссыз таза табиғат» атты жалпыұлттық акция басталды. Бұл игі іс табиғатқа немқұрайлы қарамайтын азаматтарды біріктіруге арналған.
Бұл бастамаға қоғамдық ұйымдар, азаматтық белсенділер, студенттер мен еріктілер қосылатынына сенімдімін, — деді Президент экоакция жайында.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ертіс өзенінің өңір үшін маңыздылығын айрықша атап өтті.
«Павлодар өңірі үшін Ертістің орасан зор маңызы бар. Бұл өзен – осы өлкенің тұрғындары, кәсіпорындары және ауыл шаруашылығы үшін негізгі тіршілік көзі. Соңғы үш жылда облыста суармалы жердің көлемі 1,5 есе артты. Алдағы уақытта оны тағы 2 есеге, яғни, 300 мың гектарға дейін ұлғайту қажет. Облыс әкімдігі осы мәселеге баса назар аударуға тиіс.
Үкіметке өңірдің суармалы алқаптарына бөлінетін қаржыны көбейтуді тапсырамын. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан ғана емес, халықты жұмыспен қамту үшін де өте маңызды. Судың тапшылығы экономиканы дамытуға кедергі келтіреді. Сондықтан, Ертістің суын тиімді, үнемді пайдалануға айрықша мән берілуі керек»
Өңір маңындағы ауылдарда ауыз су тапшылығының реттелу барысы да Президент баяндамасында айтылды.
«Үш жылда ауылдағы ағайынды таза сумен қамту көрсеткіші 55-тен 94 пайызға дейін өсті. Биыл аймақта осындай 19 жоба жүзеге асырылып жатыр. Әкімдік келесі жылы құны 14 миллиард теңге болатын тағы 39 жобаны қолға алуды ұсынып отыр. Осыған орай, Үкіметке қаржы бөлуді тапсырамын.
Жалпы, еліміздің барлық елді мекенінде таза су қолжетімді болуға тиіс. Мен былтырғы Жолдауымда 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз сумен қамтамасыз етуді тапсырдым. Үкімет осы міндеттің орындалуын ерекше бақылауға алуы керек»
Баяндама барысында Павлодар өңірінің логистикалық мүмкіндіктері де сөз болды.
«Павлодардың орасан зор транзиттік әлеуеті бар. Бірақ, Ертістен өтетін ескі көпір көлік-логистика саласын дамытуға мүмкіндік бермей отыр. Оның апатты жағдайда тұрғанына біраз жыл болды.
Көпір арқылы жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Бұған дейін облыс орталығын айналып өтуге жол ашатын жаңа көпір салу жоспарланған. Үкіметке келесі жылы осы жобаны бастауды тапсырамын. Жолды күтіп ұстауға баса назар аудару қажет», — деді Мемлекет басшысы.
Соңғы жылдары ел ішінде облыс орталығынан Елордаға ұшақ ұшпауына байланысты сын көбейген. Бұл мәселеге байланысты да Президент нақты жоспарды ортаға салды.
«Павлодар облысының экономикасын дамытуға өзге өңірлермен әуе қатынасын орнату айрықша ықпал ететіні анық. Қазір облыс орталығынан Астананың өзіне тікелей ұшақ ұшпайды.
Үкімет жыл соңына дейін «Павлодар – Астана» бағытындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіруі керек. Сондай-ақ жергілікті әуежайдың ұшу-қону жолағын жөндеу мәселесін пысықтаған жөн», — деді Президент.