Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар өңіріне жұмыс сапарымен барып, өңір халқымен кездесу өткізуде деп хабарлайды turaninfo.kz ақпарат агенттігі БОРТ №1 телеграм арнасына сілтеме жасап.
Ең әуелі Президент өңірдің тұтас мемлекет үшін маңыздылығына тоқталып өтті.
Павлодар – Қазақстанның дамуында үлесі мол, маңызы жоғары аймақ. Өздеріңіз білесіздер, өткен аптадан бері өңірлерге сапарым басталды. Аймақтардағы халықпен кездесіп, ел дамуына қатысты бастамаларым туралы айттым. Алдымен Түркістан мен Шымкентке, содан кейін Семейге бардым.
Біз алдағы қысқа дайындық барысымен танысып, шұғыл мәселелерді қарадық. Облыстар үшін стратегиялық маңызы бар міндеттерді айқындадық. Бір сөзбен айтқанда, бұл өте мағыналы сапарлар болып жатыр, — деді Президент өз сөзінде.
«Шын мәнінде, халықтың қолдауы – реформаларды табысты жүзеге асырудың ең басты кепілі. Мен тың өзгерістерге тілектес болып жатқан азаматтардың бәріне тағы да алғыс айтқым келеді. Біз бір ел болып жұмыла білсек, көздеген мақсатқа жетеміз.
Бүгін, міне, өздеріңізбен жүздесу үшін Ертіс бойына ат басын бұрдым. Бұл өңірге менің ықыласым ерекше екенін білесіздер. Павлодар облысы – еліміздің ең көрікті мекендерінің бірі», — деді ол сондай-ақ.
Сонымен қатар Перзидент Ертісті маңайлаған елде туған көрнекті, тарихи тұлғалардың есімін атап, олардың өткен бүгінге қалдырған өлшеусіз өнегесінің мән-маңызына тоқталды.
Абылайдың ақылшысы Бұхар жырау, ғұлама ойшыл Мәшһүр Жүсіп, Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытов осында дүниеге келген. Жаяу Мұса, Естай ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәкен Айманов сынды руханият саласының айтулы өкілдері осы өңірден шыққан. Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Ермұхан Бекмаханов, Кемел Ақышев, Шапық Шөкин сияқты әйгілі ғалымдар – Ертіс бойының перзенттері. Бір сөзбен айтсақ, Баянауыл баурайы – тектілердің берекелі бесігі.
Павлодар облысында «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидаты айқын көрініс тапқан. Бұл аймақты экономикамыздың энергетикалық жүрегі деуге болады. Еліміздегі электр қуатының 40 пайыздан астамы осында өндіріледі. Қазақстанда шығарылатын көмірдің де жартысынан астамы Павлодардың еншісінде. Облыстың әрбір бесінші тұрғыны өңдеу өнеркәсібінде немесе отын-энергетика кешенінде жұмыс істейді.
Еліміздегі мұнай-химия өнімдерінің үштен бірі, ферроқорытпалардың жартысынан көбі осы өңірде шығады. Сондай-ақ, бұл өлке өңдеу өнеркәсібінің және шикізаттық емес экспорттың көлемі бойынша алдыңғы орында тұр, — деп баяндады Мемлекет басшысы.
Мұнымен қоса Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың экономикалық әлеуеті туралы да ойын білдірді.
— Соңғы 3 жылда Павлодардың жалпы өңірлік өнімі 28 пайызға өсіп, 3,9 миллиард теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығы, құрылыс, сауда және басқа да салалар қарқынды дамып келе жатыр. Мұның бәрі жергілікті жұрттың тұрмысы жақсарып, әл-ауқатының артуына тікелей ықпал етеді.
Еліміз қазір жан-жақты әлеуметтік-экономикалық реформалар кезеңіне қадам басты. Біз алға қойып отырған стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға Павлодар облысы зор үлес қосады деп сенемін, — деді Президент.