«Жабық кеңесті ашық деп жариялаймын. Күн тәртібіндегі мәселе біреу-ақ. Тәртіпті оқушы болуы үшін Қожаның не істеуі керек?»
Осы жолдар қазақ оқырмандарының, қазақ көрермендерінің бәріне таныс болар? Тіпті айнаның алдына отырып алып, өз-өзін тәртіпке шақырып отырған Қожаның бейнесі әрқайсыңыздың көз алдарыңызда тұрғаны анық.
Бүгін астанадағы Жетісу саябағында Қожаның тап осы сәтін, айна алдында өз-өзін «педсоветке» салып жатқан отырысын бейнелейтін мүсіні ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды елімізде «Балалар жылы» деп жариялады. Осы жыл аясында 1963 жылы «Менің атым Қожа» шығармасы желісімен «Қазақфильм» студиясы түсірген балалар фильміндегі Қожа кейіпкеріне орнатылған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ескерткіштің жалпы биіктігі 183 см, қола, гранит материалдарынан жасалған. Мүсінші – Талапхан Азамат.
Дамыған елдердің кез келгенінде көркем әдебиет кейіпкерлеріне ескерткіш орнату қалыпты үрдіс. Бұл үрдістің біздің елде де белең алғаны қуантады. Әрине, бұл істе мемлекет басшысынан бастап, ел тізгінін ұстаған азаматтардың атқарған жұмысы ерекше – дейді Жанболат Аупбаев.
Мүсін орнату туралы идеяның авторы белгілі журналист Мұрат Қожамқұлов. Десе де, осыдан бір жыл бұрын «Ана тілі» газетіне Жанболат Аупбаевтың «Менің атым Қожа» кітабы кейіпкеріне ескерткіш қою керек» деген мақаласы жарық көрген болатын. Содан кейін бұл іс қолға алынып, бүгін тұсауы кесіліп отыр.
«Менің атым Қожа» — 1957 жылы жазылған, қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірі. Авторы – балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев. 1963 жылы «Қазақфильм» студиясының осы шығармасы бойынша жазылған киносценарий экранға шықты. Режиссері – Абдолла Қарсақбаев еді.
Жүрекке жылы ескерткіштің ашылу салтанатында сөз алған “Хабар” Агенттігі” АҚ Басқарма төрағасы Берік Уәли бұл ескерткіштің бүгінгі Халықаралық балалар күні мерекесіне тұспа-тұс келуінің өзі ерекше мәнге ие екенін атап өтті.
Бұл біздің дәуірдің ғана емес, жарты ғасырдан бергі дүниеге келген әрбір баланың сүйіп көретін фильміне айналды. Қазақ балалар әдебиетінің көрнекті өкілі Бердібек Соқпақбаевтың классикалық повестіне Абдолла Қарсақбаев жан бітірсе, бүгін ол туынды мүсін өнері арқылы мәңгілікке жол тартты десек болады – деді ол.
Ескерткіштің ашылу салтанатына Қожа рөлін сомдаған актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Санжар мен Жанардың рөлін сомдаған Гүлнәр Құрабаева, Бердібек Соқпақбаевтың қызы Самал және Абдолла Қарсақбаевтың ұлы Тоқтар келді.
Бұл Қожаға ғана қойылған ескерткіш емес. Сол кездегі қазақтың кез келген қарадомалағына, кез келген ауыл баласына қойылған мәңгілік белгі. Бұл қазақ әдебиетіне, қазақ балалар әдебиетіне, қазақтың балалар фильміне қойылған ескерткіш дер едім. Біз осы фильм арқылы күллі қазақ баласының бейнесін көрсетуге тырыстық. Қазіргі балалардың бақыты да сол, бейбіт елде, Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп келеді. Осы тыныштықтан, осы берекеден айырмасын – деді бала Қожадан қарт Нұрланға айналған кейіпкер.
Осы орайда мүсіннің ашылуына, орнатылуына, жасалуына ат салысқан азаматтарға алғысын білдірген Самал Соқпақбаева астананың әкімі Алтай Көлгіновке өтініш жасады.
Әкемнің шығармашылығын дәріптеп, елге танытып, мәңгілік мұраға айналдырып жатқан азаматтарға ерекше алғыс айтқым келеді. Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин мырзаға, елорда әкімі Алтай Сейдірұлына, басқа да осы істің басы-қасында болған азаматтарға айтар алғысым шексіз. Осы ретте, қала басшысына бір ұсыныс жасағым келеді. Астананың бір көшесіне балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың есімін беріп, сол көшеге бюстін орнатып берсе, кейінгі ұрпақ үшін ұмытылмас дүние болар еді – деді жазушының қызы.
Бір қызығы әлемнің 20-ға жуық тіліне аударылған «Менің атым Қожа» повестінің алғашқы аудармашысы осы Самал Соқпақбаева. Ол кезде Самал журналистика саласында қызмет атқаратын. Әкесінің туындысын Қазақстан баспалары баспай жатқанда, бұл оны орысшаға аударып, Мәскеуден бастыртады. Одан кейін французшаға, тағы басқа да 15 тілге аударылды.
Ал 1963 жылы кино-картина болып көрерменге жол алған «Менің атым Қожа» әйгілі Канн фестивалінде «Балаларға арналған ең үздік шетел фильмі» номинациясын жеңіп алады.
Бұл – қазақ кино саласындағы тұңғыш жүлде еді.
Дереккөз-baq.kz : https://baq.kz/menin-atym-qozhaga-eskertkish-ornatyldy_279664/