Ағымдағы жылдың 14 сәуірінде сағат 04:50 шамасында Т. Рысқұлов ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық ҰҚКД қызметкерлерімен бірлесіп, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 45 жастағы тұрғынды ұстады. Оның басқаруындағы «Нива» маркалы автокөлігін
тоқтатып, тінту жүргізу кезінде жүк салғышындағы дөңгелектердің ішінен 34 дана полиэтилен пакетке салынған есірткі заттары тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, ол жалпы салмағы 32 келі 606 грамм кептірілген марихуана болып шықты.
Сонымен қатар, аталған көлік жүргізушісінің жеке басын тінту барысында киімінің оң қалтасынан полиэтилен пакетке оралған салмағы 4 граммды құрайтын кептірілген марихуана есірткі құралы табылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.
Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.
Дереккөз: : Жамбыл облысы Баспасөз қызметі






