Бүгін Жамбыл облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанынан құрылған Педагогикалық әдеп және педагогтің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші органның 2021 жылы атқарған жұмысы туралы қорытынды жасалды.
«Жамбыл облысының білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті» мемлекеттік мекемесі ережесінің 15-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Департамент басшысының 2021 жылғы «12» ақпандағы №5 бұйрығымен департамент жанынан педагогикалық әдеп және педагогтің құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультациялық-кеңесші орган құрылған болатын.
Аталған кеңестің негізгі функциясы – білім беру ұйымдары басшыларының және өзге лауазымды, өзге де тұлғалардың «Педагог мәртебесі туралы» заңның нормаларын және педагогтік әдеп ережелерін сақтау мәселелерін қарау болып табылады.
2021 жылғы жоспарда төрт отырыс өткізу қарастырылған. Алайда, Әдеп кеңесінің жеті отырысы өткізілді, оның үшеуі кезектен тыс.
Педагогтерге арналған Ұлттық біліктілік тестілеу барысында тыйым салынған заттарды пайдаланған 67 педагогке шара қолданылды (49-ескерту, 17-сөгіс, қатаң сөгіс-1).
Мұғалімдердің педагогтік әдеп ережелерінің бұзылу фактілері бойынша түскен өтініштер – 2021 жылы әдеп кеңесімен 7 шағым қаралған, нәтижесінде үш мектеп директорына және бір мектеп директорының орынбасарына шара қолдану туралы ұсыныс беріліп, бір мектеп директорын жұмыстан босату ұсынылған. Ұсыныстар орындалып, тиісті жұмыстар жүргізілген.
Педагогтік әдеп нормаларын сақтамаған жеті мектеп директорына және бір мектеп директорының орынбасарына «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 409-бабының 7-3 бөлігінің 1-тармақшасы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, «ескерту» түрінде жаза қолданылды.
Қазақстан Республикасының «Педагог мәртебесі туралы» Заңының талаптарын бұзған 2020 жылы 10 мектеп директорына әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалса, 2021 жылы 8 мектеп директорына іс қозғалған.