Жамбыл облысында 9 желтоқсан – халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай «Сыбайлас жемқорлықсыз ел – өркендеуші ел» форумы өтті.
Бүгінгі күні елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруда кешенді шаралар жүргізілуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Заңнамаларды жетілдіру, алдын алуды, ағартуды және қылмыстық-құқықтық сипаттағы жұмыстарды ұтымды үйлестіру ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы шешуші өзгеріске қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жүзеге асыру мәселесінде бірнеше қоғамдық институттармен өзара ынтымақтастық орнатылып, бірігіп жұмыс жасалуда.
«Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді анықтау мақсатында тым жоғары баға қою фактілерінің орын алуына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Мониторинг нәтижесінде енгізілген ұсыныстар бойынша мемлекеттік органдармен мемлекеттік сатып алу жоспары қайта қаралып бүгінгі күнге 1,1 млрд. теңгеден аса бюджет қаражаты үнемделді», — Ә.Әшірбаев.
2020 жыл соңында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына енгізілген тағы бір өзгеріс – ол квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарында корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілді. Бұл норма квазимемлекеттік сектор субъектілері үшін міндетті түрде, ал бизнестің жеке таңдауы бойынша қолданылады.
Осылайша, департаменттің ұсынысы негізінде облыс аумағындағы 351 квазимемлекеттік сектор субъектілерінде комплаенс қызметтің ережелері бекітіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға жауапты тұлғалары белгіленген.
«Елбасымыз: Халық сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлескен ымырасыз күреске мүдделі болғаны жөн. Қазақстандықтар арасында бұл мәселеге немқұрайлы қарайтындар болмауы тиіс. Ең бастысы, жұртшылық жемқорлық көріністеріне төзбей, ол жөнінде хабарлап, сол бойынша ілкімді шаралар қабылдануы керек — деген болатын. Сондықтан, осы індетпен күресу – барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білуі қажет» ,- Ә.Әшірбаев.
Форумда облыс әкімі орынбасары Р.Дәулет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ә.Әшірбаев, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы республикалық қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Қ.Төлендиев, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Н.Жувандикова, Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Е.Саурықов, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің проректоры Д.Нұрмұханбет қатысып сөз сөйледі.
Форум барысында қатысушыларға академиялық адалдық қағидаларын және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, облыс тұрғындарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттылығын арттыру бағытында ақпараттар беріліп, форум қатысушыларын жемқорлыққа қарсы бірігіп тұруға және әлеуметтік зұлымдық – жемқорлыққа қарсы күрес жұмысына өзіндік үлес қосуға шақырды.
Форум соңында қоғамда адалдық, әділдік, парасаттылық құндылықтарын нығайтуға елеулі үлесін қосқан қоғам белсенділері, оқу орындары мен мекеме қызметкерлері марапатталды.