Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Гродекова ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы балық өсіріп, табыс тауып отыр. Дильмурат Хусаин-Ахунов төрағалық ететін шаруашылық жылына екі рет республикадағы сұранысқа ие су айдындарына шабақ жөнелтеді. Бұл жолы мұндағы балықшылар Нұр- Сұлтан қаласындағы Есіл өзеніне 540 мың тұқы тұқымдас шабақ жіберді. Негізі, сандельдіктер мемлекеттік тапсырыс аясында жұмыс істейді. Олар өз істеріне әбден төселген.
– Шаруашылықта 18 маман жұмыс істейді. Айлық табыстары көңіл көншітерлік. Жылына мұнда 3 млн ға жуық шабақ өсіріп, еліміздің басқа өңірлеріне және облыстағы су айдындарына жеткіземіз, – деді шаруашылық жетекшісі Д.Хусаин-Ахунов.
Сонымен қатар Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары Қанатбек Зауырбектің айтуынша, облыс аумағында балық өсірумен айналысатын 117 шаруашылық болса, Балқаш көлінде 18 су қоймасы мен 17 республикалық мәнге ие учаске бар.
— Біз сандельдіктердің жұмысына дән ризамыз. Бір Гродеково ауылында 71 гектарды алып жатқан 8 шағын шаруашылық балық өсірумен айналысады. Шабақтардың дені Қапшағайға, Шардараға, Балқашқа, облыс аумағындағы Билікөл, Ақкөл, Теріс-Ащыбұлақ және басқа да су қоймаларына жіберіліп тұрады, — деді З.Қанатбек.
Ал, балық өсірудің шебері, ихтиолог Нұрлан Молдабеков шаруашылықта шабақтың бірнеше түрі өсірілетінін және шабақтардың дәумаңдай, сазан, англиялық карп түрлері жоғары сұранысқа ие екенін айтты.
Өңірлік коммуникациялар қызметі