Бейсенбі күн. Іс-сапармен Меркі ауданында болып, мектептердің жаңа оқу жылға дайындықтарына қоғамдық бақылау жүргізіп, Тұрар Рысқұлов ауданы Малдыбай ауылының маңынан өтіп, шамамен сағат 19.48 Таразға қайтып келе жатқан телефоныма әкем хабарласып, Ұшбұлақ маңында әскери қойма өртеніп жатыр, абайла айналып өт деген тапсырма келді. Сол кезде күн батыс жаққа қарасам қара түтін, артынан қызыл жалынды көрдім. Сол қызыл жалын эпицентріне барар жолды Ақшолаққа жетпей 20 км жауып еді, екі полицейді халық жеп қояйын деді. Бас ал десе шаш алатын жағдай болды. Ақшолақ ауылына кіре берісте екі полиция экипажы тұрып, Жаңатұрмыс пен Түймекент ауылдары арқылы Сарыкемер ауылына жеттім. Жол бойында асығып, бір бірінен озған жеңіл көліктер байқалмайды. Жүргізушілердің бәрінің көзінде “Екінші Арыс” болды ма деген үрей. Әсіресе үрейдің ең жоғары болған кезі жарылыстың қатты дауыс шығарып, құлаққа әсер етуі болды. Сарыкемерге кіргенімде әйелдер балаларын алып жолда көлік тоқтатып, қалаға қарай бет алып жаяу жүргендері қарасы көп болды. Аудандық әкімдік қызметкерлері жиналып тапсырма күтіп тұрғындары байқалды. Түнгі он екі шамасында қаладағы мектептерге эвакуацияланған байзақтықтарды қабылдап жатыр екен. Қала әкімдігі мен елге танымал азаматтар төсек орындарын жайғастырып, Меруерт Лештаева ыстық тамақпен қамтамасыз етті.
ЖАРЫЛЫСТАРДАН КЕЙІН АУАДА ЗИЯНДЫ ЗАТТАР БАР МА?
Химиялық элементтердің ауаға зияндылығын тексеруге “Казгидромет” өкілдерін кездестіріп қалып, ауаны ластаушы заттардың бар-жоғын анықтау үшін тексеру жүргізіп жатыр. Жамбыл облысы Байзақ ауданының жол бойында «Қазгидромет» мамандары арнайы құрылғылар орнатып, ауа сапасын тексеріп жатыр.
«Кеше болған жағдайға байланысты бүгін таңертеңнен бастап біз сынама алуға шықтық… Сынаманы алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауаны тексеру үшін, атмосферада ластаушы заттар бар-жоғын анықтау үшін. Оның ішінде шаң-тозаңға, азот оксид, диоксид, күкірт диоксидіне, формальдегидке, сутекті… фторидке қатысты тексеру үшін сынама алып жатырмыз. Қазір мынау — екінші нүкте. Қаланың кіреберіснен жаңа алғанбыз. Енді бұл — екіншісі … Ары қарай баратын тағы нүктелер бар.
Жоспар бойынша, бес нүктеден сынама алынады. Бірінші нүктеде тек қана қазір көміртек оксиді бойынша айта аламын. Шектік концентрациясы шектен асқан жоқ. Қалған ластаушы заттардың сынама талдауы зертханада сынама жүргізілгеннен кейін дайын болады», — дейді «Қазгидромет» РМК зертхана басшысы Зәуреш Әбдиева
Кеше кешкісін сынамалардың нәтижелері белгілі болып, атмосферадағы ластаушы заттар норма аспайды деп жауап берді зертхана басшысы.
БАЙЗАҚ АУЫЛЫ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ БАЗЫНАСЫ ҚАНДАЙ?
Айдар Оразалиев отбасы мүшелерін басқа ауылға аттандырып, өзі үйін қарауылдап қалғанын айтады. Үйдегілер кешкі сегіз тоғыздар шамасында басқа ауылға кетті. Кім қайда бара алса, сонда кетті. Ал, мен үйіме қарап қалдым. Менің әйелім, төрт қызым, әке-шешем, аға-інім бар. Отбасымда барлығы — 15 адам. Далада жүрген балалар қорыққанынан жылап, кейбірі тіпті сөйлей алмай қалды. Ауылдағылар түнде бір үйге ұрлықшы түсті дейді. Бірақ кімнің үйін тонағанын білмеймін. Менің үйіме ешкім ұрлыққа түспепті. Үйге келсем, үй іші астан-кестең, теледидар жерде жатыр. Басында теледидарды біреу алып кетіпті деп ойлап қалдым. Сөйтсем, жерде жатыр, — дейді ол.
Ауылдың тағы бір тұрғыны Айзада Әлменованың өз дүкені бар екен. Жарылыс гүрс еткенде ол жұмыста болыпты.
Кешкі сағат алты-жетілер шамасында жарылыстың дауысы шықты. Кондиционер, тоңазытқыш бәрі өшіп қалды. Басында жер сілкінісі болып жатыр екен деп қалдым, шықсам түтіннің иісі шығып тұр. Бірақ оған мән берген жоқпын. Терезеден бомба жарылғандай көріністі көрдім. Жүрегімізден жүрек қалған жоқ. Тоғыздарға таман қыздарым мені алып кетті. Әкімшіліктің чатында тұрғындардан сабырлылық танытуды сұрады. Бірақ біз Арыстағы жағдайды білеміз ғой. Кейін тағы бір жарылыс болды, терезелер сынды. Сосын бәрін өшіріп, кетіп қалдым, — дейді Айзада.
Айзада дүкенімді тонап кете ме деп, уайымдап түнде ауылға қайта оралған. Алайда, сарбаздар барлығын қарауылдап тұрғанын көрген соң, үрейі басылған.
Түнгі үште дүкенге қайтып келсем, сарбаздар тұр екен. Жастардың көмектесіп жүргенін көріп қуанып қалдым. Әскерилерге қарындары ашып қалмас үшін су мен тіскебасарлар бердім, — дейді ол.
Аудан бойынша газ өшіріліпті. Ауыл тұрғындары тамақ жасай алмай отыр екен. Сондай ақ дүкендерде нан бітіп, енді оны қай уақытта жеткізілетінін білмейді.
Газды ремонт жасаймыз деп өшіріп тастады. Барлық дүкендерде нан жоқ. Ертең де нан келмеуі мүмкін. Халық енді қалай күн көреді? Газ болса ең құрығанда тамақтарын жасап ішер еді, — дейді Айзада.
ӘКІМ ЖАҚЫН АУЫЛДАРДАН ҚАШҚАНДАРЫ ТУРАЛЫ БІЛМЕЙДІ МЕ?
Жарылыс болған Жамбыл облысы Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов төтенше оқиға кезінде кейбір адамдардың қорқып, үйін тастай қашыпты деген мәліметті жоққа шығарды.
Оның айтуынша, бұл дабыра жұрттың алып-қашпа сөзі.
Жарылыс болған жерге жақын Байзақ, Отамойнақ, Базарбай деген ауылдарда кейбір адамдар өз бетімен үйін тастап қашқандығы туралы ел аузында дақпырыт жүр. Мұны Байзақ ауданының әкімі жоққа шығарды.
«Төтенше жағдай орын алған аумақта үш елді-мекен бар. Қайнар елді-мекенінен 17 үй бар, ондағы 85 адамды түгелдей түндегі қабылданған шаралардың арқасында қаладағы №5 мектепке жеткіздік. Адам шығыны жоқ. Таңертеңнен бастап эвакуацияладық. Адамдар үйін тастап, бас сауғалап қашты деген болған жоқ. Бәрі үйінде болды. Бұл елдің артық әңгімесі, — дейді ол.
Бақыт Алпысбайұлының айтуынша, ауылда бүлінген заттар қазір қалпына келтіріліп жатыр.
«Жарылыс болған жерге жақын екі елді-мекенде, Жібек жолы ауылында 13 үйдің терезесі сынған. Қазір олар қалпына келтіріліп жатыр. Басқа, анау айтқандай шығын жоқ», — дейді ол.
АЛМАТЫЛЫҚ ДӘРІГЕРЛЕР ЖАМБЫЛДЫҚТАРҒА КӨМЕКТЕСУДЕ
Арнайы елордадан Денсаулық министрі Алексей Цой келіп, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасында ем қабылдап жатқан әскерилер мен өрт сөндірушілердің жағдайымен танысты.
«Бізде 98 азамат медициналық көмекке жүгінді, олардың 28-і ауруханаға жатқызылды, қалғандары жарақат пункттерінде тиісті көмек алып, үйлеріне жіберілді. Барлық емделушілердің жағдайы тұрақтанды, “шоктан” шықты», — деді Министр.
Қазіргі уақытта Тараз қаласының стационарларына 28 зардап шегуші жатқызылды, оның 5 – і реанимацияға жатқызылды, оның екеуі ауыр дәрежеде. Амбулаториялық емдеуге 70 науқас ауыстырылды, тоғыз адам қайтыс болды.
Жарылысқа байланысты зардап шеккен адамдарға медициналық көмек көрсету үшін 37 жедел медициналық көмек және санитарлық авиация бригадасы жұмылдырылды.
27 тамызда Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы ауыр халдегі реанимациядағы пациенттерге медициналық көмек көрсету бойынша телеконсультация өткізді. Сондай-ақ, таңертең Алматы қаласынан Тараз қаласына Алматы қаласының № 4, 7 қалалық ауруханаларының реаниматолог, комбустиолог травматолог дәрігерлерінен тұратын медициналық авиацияның мобильді бригадасы ұшып келді.
Сапар соңында А.Цой зардап шеккендерге дер кезінде медициналық көмек көрсеткен дәрігерлерге алғыс білдірді. Ол облыста науқастарды емдеуге байланысты проблемалық мәселелер жоқ екенін атап өтті. Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан да барлық қажетті қолдау көрсетілетін болады. Бұл мәселе Мемлекет басшысының ерекше бақылауында деп айтып кетті.
ТАЛҒАТ МАМАЕВ: ҚОЛДАН КЕЛГЕНШЕ БАРЛЫҚ КӨМЕК ЖАСАУДАМЫЗ
Оперативтік штабты Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаев басқаруда, бірақ бүкіл жұмысты үйлестіріп отырған Бердібек Мәшбекұлының орынбасары Талғат Мамаев.
- Оперативті штаб құрылған. Құзырлы органдардың барлық өкілдері кірді. Бүгінгі күнге мыңға жуық қызметкерлер өрт болған жұмыс істеуде. 113 техника тартылып, өрт ауыздықтауға айналысуда. Қазір премьер-министрдін орынбасары Роман Скляр жарылыс болған аймақтарды аралап, оперативті штаб ғимаратында Үкіметтік комиссия келе жатқан туралы айтып кетті Талғат Шариұлы.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен комиссия құрамына Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев, төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, ішкі істер министрінің орынбасары Мұрат Баймұқашев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, индустрия және инфрақұрылымдық даму және басқа да орталық мемлекеттік органдардың вице-министрлері кірді. Комиссия алдына залалды бағалау және өрт пен жарылыс салдарын жою, зақымдалған инфрақұрылымды қалпына келтіру, сондай-ақ зардап шеккендерге әлеуметтік қолдау шараларын көрсету бойынша міндеттер қойылды.
Комиссия төрағасы Роман Скляр қысқаша айтуынша “қазір біздің комиссия белгілі бір мандатқа ие, Президент бүгін бізге тапсырма берді. Мүдделі министрліктерге тапсырмалар берілді. Төтенше жағдайдың себептері жайлы тергеудің нәтижесі анықтайды деді ол.
МИНИСТР ИЛЬИН КІМДЕР КІНӘЛІ ЕКЕНДІГІ ТУРАЛЫ АЙТТЫ
Үкімет бекіткен комиссия отырысына келген ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин біздің сұрақтарымызға жауап берді.
Өрт сөндіру бөлімшесі өрт ошағына тікелей келіп, өртті сөндіру үшін жауынгерлік «қанат» қойылып, сол уақытта жарылыс болды. Жарылыс кезінде жұмыс істеген барлық техниканың істен шығып адамдар шығынан әкеліп соқты.
Кез-келген өрт сөндіруді біз ол жерге кірмес бұрын тәуекелмен танысамыз, қауіпсіздікке жауап беретін ұйым олардан сұрақтар қояды: бұл қоймада не бар? Ол бүгінгі күні, яғни сөндірудің осы минутында қауіп төндіре ме?
Әзірге ешқандай қауіп жоқ деген шешім қабылданды, тек бір «бокстан» түтін шықты, сондықтан өртті сөндіру үшін «ұрыс» алаңына айналдыру туралы шешім қабылданды.
Содан кейін жану процесі күрт басталды, сәйкесінше қайғылы жағдай орын алды.
Қорғаныс министрлігінің кезекшісінен тікелей шақырту алып, оларда өрт болды және өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес әрекет еттік деді министр.
КІМДЕР КЕТУ КЕРЕК?
Бүкіл айыбын, ел алдындағы кінәсін мойындаған ҚР Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев. Ол Азаматтық радиосының тілшісі Манас Қайыртайұлына “Мен жарылыс болған сәттен ақ өзіме шешім қабылдадым. Отставкаға берем. Оның қабылдауы мәселесі жоғары жақ шешер” деп жауап берді Нұрлан Байұзақұлы. Бүгінде министрдің отставкаға кетуін бизнесвумен, журналист Динара Сатжан өзінің инстаграм аккаунтында осы үшін министрдін жылы орны босату керектігін айтып кетті.
МИНИСТРЛЕР қашпайды, Жамбыл облысы прокуроры неге қашады?
Үкіметтік комиссия отырысынан кейін штабқа Жамбыл облысы прокурорның бірінші орынбасары Қанат Мамаев келгенін байқап, қояр сұрақтарымды қоя алмадым. Жүгіріп қашпаса да, прокуратура қызметкерлерін алдыма шлагбаум қылып қойды. Қанат Есіркепұлының “БАҚ туралы” Заңын мойындамағандығы және сұрақтар қойылуынан қашуына не себеп екен?! Осы мәселемен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Бас прокуратураға сауал жолданып, құқық қорғау органы жауапты тұлғаның әрекетіне заңды түрде баға беруін сұрайтын боламын.
Айта кетерлігі, осы мақала жазылып жатқанда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өкімі “Жамбыл облысының Байзақ ауданында оқ-дәрілер қоймасындағы өрт пен жарылыстардың салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2021 жылғы 29 тамызда жалпыұлттық аза тұту жариялансын” жарық көрді. 30 жыл Тәуелсіздігімізде оныншы рет аза тұту күні екен.
Исламбек Дастан