«Жамбыл облысында туризм саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған стратегиялық жоспары» негізінде жоспарланған мақсат пен міндеттерге қол жеткізу мақсатында туризм инфрақұрылымын жетілдіру, оның ішінде тарихи-мәдени нысандар мен жол бойындағы сервистік кешендер, туризм түрлерін дамыту, жаңа туристік нысандар ашу, туристік инвестициялық жобаларды ілгерілету, археологиялық ескерткіштерді музеефикациялау бағыттарында жұмыстар жүргізілуде.
Облыс аумағында орналасқан туристік объектілер мен субъектілерге түгендеу, яғни инвентаризация жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта облыс аумағында 197 қонақ үй және 434 тамақтану орындары, 48 туристік ұйым және 11 балаларды сауықтыру лагерлері, 7 шипажай мен 15 демалыс орындары, 78 қолөнершілер мен 25 көлік субъектісі жұмыс атқаруда. Облыс аумағында орналасқан негізгі туристік нысандар саны 37-ден 65-ке ұлғайтылды.
Сонымен қатар, туристік нысандарға QR-кодтар орналастырылған. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс аумағында 5 тілдегі аудио және бейне гидтері бар «Taraz Tour» мобильді қосымшасы іске қосылған. Бүгінгі таңда 86 туристік нысандарда QR-кодтар орнатылған. Мобильді қосымша мобильді телефонның әрбір пайдаланушысына облыстың туристік әлеуеті мен туристік мүмкіндіктері туралы қазақ, орыс, ағылшын, түрік және қытай тілдерінде толық ақпарат береді. Облыстың негізгі туристік нысандарын қамтитын 10 жаңа туристік маршруттар әзірленіп, туристік өнімдердің саны 115-ті құрап отыр. Сондай-ақ облыста туристік ақпараттық дүңгіршектер іске қосылды. Қазақстан Республикасының «Ақылды қала» эталондық стандарты шеңберінде «Айша бибі» кесенесі және «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің аумағында туристерге бір терезе қағидаты бойынша тегін туристік қызмет түрлері ұсынылатын туристік ақпараттық дүңгіршектер орнатылып, іске қосылған. Ал ағымдағы жылдың ақпан айында туризм саласына жастардың қызығушылығын арттыруға бағытталған және жастардың туризм саласына қатысты идеяларын қолдау мақсатында «Туризм жастары» еріктілер тобы құрылған. Бүгінгі таңдағы еріктілер саны 150-ді құрап отыр.
Материал Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша дайындалды