Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірқатар құрылыс нысандарын аралап, олардың жұмысымен танысты.
Алдымен Шекара қызметіне тиесілі жаңа нысанды аралады. Мердігер сәуір айында басталған құрылыс жұмысын жыл соңына тапсыруды жоспарлауда.
Бұдан кейін облыс әкімі «Таразға тарту» жобасы аясында Тұңғыш Президент саябағында орналасқан жасанды көлшіктің суын тазартып, эскизді жобаға сай ретке келтіру және айналасын абаттандыру жұмысының барысын көрді. «АдияГрупп» ЖШС директорының кеңесшісі Данияр Жетпісбаевтың айтуынша, суды бұрғылау арқылы 30 метр тереңдіктен шығарыпты. Жасанды көлшіктің табаны мен жағалауына тас төселіп, су жіберіліпті. Ал жағажайына шым төсемек. Бұл нысанды мердігер 15 тамызда беруді жоспарлауда.
-Бұл жағажайды жасаудағы мақсат – жағасынағы көгалға шетелдегідей адамдар келіп демалып отыратындай болуы керек. Мүмкін болса суға балық жіберу жағын да қарастырған жөн. Егер бұлақ көзі ашылып жатса, онда мұндағы су айналымы жақсарады. Олай болып жатса фарель балығын өсіруге мүмкіндік туар еді. Жағасын көгалдандырып, сәндік ағаштар отырғызу керектігін ұмытпаған жөн, — деді облыс басшысы.
Сондай-ақ аймақ басшысы сол арадағы Шу мен Қордай аудандарының «Таразға тарту» жобасы аясында абаттандырылып жатқан ашық аспан астындағы сахнаны көріп, оның жобасына аздаған өзгерістер енгізді.
Бұдан кейін құрлысы біраз күннен бері тоқтап тұрған Оқушылар сарайына соқты. Бұл нысанда облыс әкімі бір апта бұрын да болған. Сол кезде мердігердің құрылысқа қажетті материалы жоқтығынан құрлысы тоқтап тұрғанын көріп, көмек беретінін айтқан еді аймақ басшысы.
«ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС учаске бастығы Батырбек Тұрсынбеков «Бүгін 25 плита әкелінді. Ертең 36 плита жеткізіледі. Бұл құрылыс жұмысын қайта бастауға мүмкіндік беріп тұр. Негізгі жұмыстың барлығы осы плитаға қарап тұрған еді. Қажетті материалды жылдамырақ алуға көмек көрсетіп, құрлысымыздың жандануына қайта жан бітірдіңіз. Енді біз құрылыс жұмысын жалғастырып, оны сапалы аяқтауға күш салатын боламыз», — деді.
Жалпы бұл нысанды аяқтау үшін 200 плита 20 тоннадай арматура қажет екен. Бұл материалдардан енді кедергі болмайды дейді мердігер өкілі.
-Уақыт өтіп бара жатыр. Ал сендер болсаңдар құрлысты материал жоқ деп тоқтатып қойдыңдар. Енді қажетті плиталар жеткізілуде. Қарап отырмай ертеңнен кешіктірмей құрылыс жұмысын қайта бастаңдар, — деді Бердібек Машбекұлы.
Жалпы құрылыстың сапасын бақылауды тапсырыс беруші мен облыс әкімдігінің білім басқармасына тапсырды.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі