Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне орай, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында болып, ондағы тәрбиеленушілерді құттықтап қайтты.
Облыс басшысын қуанышпен қарсы алған орталық тәрбиеленушілері нысанның барлық бөлмелерін бірге аралап, жаңалықтарымен бөлісті. Бұл күні орталықта «Мейірім» жобасы аясында «Мейірім» отбасы ашылып, оның лентасын аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының судьясы Ербол Ұлатайұлы қиды. Аталмыш отбасының арнайы бөлмелерін облыстық сот ұжымы әдемі жиһаздармен, керекті бұйымдармен жабдықтапты. Облыс әкімі сауапты іске атсалысқан азаматтарға өз алғысын білдірді. Қонақтар шара барысында балаларды кәсіпке бейімдеу кабинеттерімен танысты. Жаңадан ашылған «Бриллиант» сұлулық салонында орталықтың қыздары шаш қию, тырнақ, бет әрлеумен айналысады. Жеке кәсіпкердік демеушілігімен жасалған салонда қыздар бет әрлеу, маникюр жасауға арнайы курстарды оқып, машықтаныпты. Бұдан соң өздеріне арнайы келген меймандарды балалар «Гаухартас» аспаздық студиясы кабинетін көруге шақырды. Аспаздық студиясы да жеке кәсіпкердің демеушілігімен толықтай жабдықталыпты. Мұнда балалар өз қолдарымен жасаған дәмнен ауыз тиюді ұсынды. Қонақтар ары қарай «Балалық шақтың шуақты қаласы» атты мерекелік концертті тамашалады.
Салтанатты концерт сюжеттік бимен ашылады. Онда бүлдіршіндер «Сказочный мир» биін билеп, көрермендерді бір серпілтті. Мұнан соң қолдарына гитара аспабын ұстаған әнші балақайлар, «16 қыз» әнін орындады. Әншілерді қазақша киім мен би билеген 16 қыз демеп, мың құбыла биледі. Балалардың мерекелік концерттік бағдарламасын тамашалаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев, сахнаға шығып, бүлдіршіндерге ақ тілегін арнады.
– Қымбатты балалар! Сіздерді Халықаралық балаларды қорғау күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке атаулы халықаралық мерекелердің бірі ретінде дүние жүзінде аталып өтуде. Бұл сендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тілектеріңді назарсыз қалдырмайтын күн. Өйткені еліміздің ертеңгі тірегі- бүгінгі осы бүлдіршіндер.
Сондықтан да, жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім, жарқын болашақ сыйлау мемлекет қамқорлығына алынған. Балалар біздің болашағымыз. Сондықтан осы бүлдіршіндердің бетінен күлкі кетпей, жүректенрінен жылуы кетпейтіндей жағдай жасау – біздің борышымыз. Тәуелсіздік алған күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да саясаты балаларға барлық жағдай жасау. Құдайға шүкір деп айту керек, біздің балалар білім, тіл, мәдениет, спорт болсын барлық жағынан басқа елдің балаларынан кем емес. Оған біз қазір осы жерде балалардың өнерін көріп, куә болып отырмыз. Бұл орталыққа келмегенімен 10 айдай болыпты, соның өзінде мұнда көп өзгерістер орын алғанын қуаныштымын. Сол үшін орталық басшылығына, ұстаздар мен тәрбиешілерге рақмет айтамын,-деді Бердібек Сапарбаев.
Балалар мерекесіне арнайы келіп, ақжарма тілегін арнаған облыс басшысына орталық тәрбиеленушілері өз қолдарымен жасаған бұйымын сыйлады. Мұнан соң сөз алған орталық директоры Айжан Дүкенбаева да, облыс басшыларына рақметін айтып, демеуші болып, қол ұшын ұсынған азаматтарға алғысын жеткізді.
Айта кетейік, қара шаңырақта бүгінде 111 бала өсіп жатыр. Олардың әр қайсысы түрлі ұлттан болғанымен қазақ, орыс тілдерінде білім алады. Балалар ата-ана қамқорынан қағылғанмен, бұл орталықта арнайы отбасылық негізде тәрбиеленеді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі