«Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз – оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту»,-деп Елбасымыз өзінің Жолдауында қазақ тілі мәртебесін белгілеп, басты міндет тіл мәртебесін көтеру екенін айқындап берді.
Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің дамуы – сот төрелігін жүзеге асырудағы басты аспектілердің бірі болып табылады. «Тілдер туралы» Заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі»,-деп көрсетілген.
Сот ісін жүргізу тілінің мәні өте зор, өйткені сот ісін жүргізу тілі қағидатын іске асыру арқылы азаматтардың қай ұлтқа қарамастан сот алдындағы теңдігі қамтамасыз етіледі.
Қазақстан Республикасында сот ісін жүргізу қазақ тілінде жүргізіледі, сонымен бірге орыс тілі ресми түрде қолданылады, қажет болған жағдайда басқа тілдер де қолданылады. Басқа тілдерді қолданудың қажетті жағдайларына іс жүргізу әрекеттерін орындау және белгілі бір тілде шешімдер қабылдау сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауды қамтамасыз ететін жағдайлар кіреді. Сондықтан, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу және қажет болған жағдайда басқа тілдерді қолдану түсініктерін теңестіріп қарауға болмайды. Құқықтық тұрғыдан сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу нормасы жоғары тұруы тиіс. Қазақстанда сот ісін жүргізу тілі қазақ тілінде деп нақты айту қажет. Қазақстан унитарлық (біртұтас) мемлекет. Ендеше, сот ісін мемлекеттік тілде жүргізу үшін ешқандай қысыр сөз, дау-дамай туындамауы керек. Жалпы, бұл мәселе Жоғарғы Сот тарапынан тұрақты бақылауда. Сондықтан, бірінші сатыдағы соттардың сот төрелігін жүзеге асырудағы қызметін тексеру барысында істерді мемлекеттік тілде қарау барысы тексеріліп тұрады.
Сот актілерінің сауаттылығы туралы көптеген объективті, әртүрлі пікірлер бар. Мысалы, еліміздің солтүстік және орталық өңірлерінде тілдік орта еліміздің оңтүстік және батыс аймақтарынан басқаша. Мәселен, Нұр- сұлтан қаласында соттардың этникалық құрамы негізінен қазақ ұлтының өкілдері екенін ескеретін болсақ, олардың көпшілігі орыс тілінде сөйлейтіндері жасырын емес. Олар мұндай әрекеттерді мемлекеттік тілде сөйлегілері келмегендіктен емес, қазақ тілін жетік білмегендіктен жасауға мәжбүр.
«Арыз қай тілде түссе, сол тілде іс жүргізіледі», — деп ұрандатқан сот жүйесінде мемлекеттік тілдің деңгейін көтеру үшін айтарлықтай шаралар қабылдануда, көптеген жұмыстар атқарылуда. Атап айтар болсақ, қазіргі таңда сот жүйесінде қазақ тілін үйрету мақсатымен тілдік курстар ашылып, судьялар және сот жүйесінің қызметкерлері кәсіби қазақ тілін үйренуде. Алайда, бүгінде мемлекеттік тілге 100 пайыз көшуге кедергі болатын сауаттылық мәселесін жоққа шығаруға болмайды.
Демек, тіл мәселесі тек сот саласын ғана емес, барлық салаларды қамтыған кезде одан әрі дамып, өркендейтіні анық. Әрбір қазақстандық осы мақсатқа жетіп, өзінің азаматтық жауапкершілігін түсінген кезде, бұл өзекті мәселе өздігінен шешілетініне сенімдімін.
Фота интернеттен алынды https://images.app.goo.gl/2WG5jRZESCg5dVXb7
Райхан Ратова, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі
мамандандырылған ауданаралықсотының бас маманы