ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді. Ол аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының құрылыс учаскелерін аралап, Шу ауданы әкімдігінде арнайы кеңес өткізді.
Басқосуда «Қазавтожол» АҚ облыстық филиалының басшысы Айжан Туғанова хабарлағандай, республикалық маңызы бар «Меркі-Шу-Бурылбайтал» автожолының 262 шақырымын қайта жаңғыртудың бас мердігерлері – «Синь-Син» құрылыс және дамыту жөніндегі Қытай компаниясы» ЖШС және «АБК Автодор-НС» ЖШС. Тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ. Жоба бойынша қиыршық тасты-мастикалық асфальтбетон төсеу жұмыстары қарастырылған. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2022 жыл.
Мердігер компаниялар құрылыс-монтаж жұмыстарын 2019 жылдың сәуір айынан бастап жүргізуде. Бүгінгі таңда жеті миллион текше метрден астам жол төсемі төселініп, 250 су өткізу құбыры салынған. Бір бағыт бойынша 173 шақырым жол төсемі төселініп, 20 көпір мен жол өткелдерінің құрылысы бойынша жұмыстар орташа есеппен 70 пайызға аяқталған. 151 шақырымдық жол пайдалануға беріліп үлгерген.
Кеңесте жалпы жол-құрылыс саласына қатысты бірқатар өзекті мәселелер сараланды десек, соның бірі – құрылыс материалдары бағасының айтарлықтай өсуі. «АБК Автодор-НС» ЖШС өкілінің айтуынша, бүгінде битумның құны тоннасына 138 мың теңгені құрайды. Сондай-ақ, металл құрылымдар, жанар-жағармай және басқа да материалдар қымбаттауда.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмысшылар мен техниканың тапшылығы бойынша қытайлық мердігерге қатысты шағымдар көп екенін атап өтті. Жазбаша түрде баяндалған және индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жолданған басқа да сұрақтар баршылық.
— Министрлік жолдардың жай-күйіне, сондай-ақ құрылыс материалдарының бағасына объективті талдау жүргізеді. Мердігерлердің жұмыс тәжірибесі мен міндеттемелерін орындау сапасына қарай олардың рейтингісін әзірлейміз. Біз жауапкершілігі жоғары адал мердігерлер пулын құрамыз, ол бойынша ең жауапты қосалқы мердігерлік ұйымдардың келесіде бас мердігер атану мүмкіндігін қарастыра бастаймыз.
Бас мердігерлер жұмыстың негізгі көлемін қосалқы мердігерлік ұйымдардың мойнына жүктегені дұрыс емес. Олардың тарапынан орындалған жұмыс үшін төлемнің кешіктірілуі туралы да көптеген шағымдар бар. Біз қосалқы мердігерлік жұмыстармен айналысатын шағын компанияларды қолдау бағытын жалғастырамыз. Өйткені, көптеген құрылыс жұмыстары соларға артылған.
Құрылыс материалдары бағасының өсуі – бұл ортақ мәселе. Қаржы министрлігімен бірлесіп, мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізу керек. Монополияға қарсы комитетпен ауқымды жұмыс жасау маңызды. Жалпы алғанда, жоба іске асырылуға қабылданған кезде құрылыс материалдарының бағасы туралы мәселе көтерілуі керек. «Қазавтожол» АҚ басшылығына жол компанияларының барлық келісім-шарттарын талдауды, ал мердігерлерге өз ұсыныстарын жолдауды тапсырамын.
Қытай компаниясына қатысты Шығыс Қазақстан облысында да мәселелер бар. Егер сіздер Қытайда жұмыс істесеңіздер, сол 90 шақырым жолды 90 күнде ретке келтірер едіңіздер, — деді Бейбіт Атамқұлов.
Сондай-ақ, кеңесте павлодарлық «Темірмаш» компаниясының қосалқы мердігері бас мердігер «АБК Автодор-НС» ЖШС тарапынан төлемдердің кешіктірілгеніне қатысты шағымданды. Министр жедел түрде орындалған жұмыстарға ақы төлеуді тапсырды.
Жиында «Тараз» Химпарк» АЭА басқарушы компаниясына қатысты да аз сын айтылмады.
— Соңғы жылдары іс жүзінде ешқандай өзгеріс жоқ. Өткен жылы қант зауытының құрылысы басталуы керек еді, әлі сол қалпында тұр. Миллиардтаған бюджет қаржысы жұмсалғанымен, нәтижесі жоқ деуге болады. Сонымен қатар, мұнда айтарлықтай жалақысы бар көптеген штат ашылған. Егер жұмыс істейтін жобалары болмаса, олар не үшін ақша алып отыр? – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Белгілі болғандай, басқарушылар штаты 147-ден 75 адамға дейін қысқартылған. Мұнда 16 нысан пайдалануға берілген десек, олар тек инженерлік инфрақұрылымға ғана қатысты.
Аймақ басшысы министрге «Тараз» Химпарк» АЭА-ны дамыту мәселесін қарастыру үшін арнайы селекторлық кеңес шақыруды ұсынды. Ұсыныс қабылданды.
— Келісемін, салынған қаражат ауқымды, олардың жұмсалуы бойынша есеп беру керекпіз. Жолдарға келетін болсақ, жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын дамытуға күш салу қажет. Басты міндет – биыл Меркі-Шу-Бурылбайтал жолының бір бағытын ашу. Құрылыс материалдарының бағасына келетін болсақ, келісімшарттардың басқа жүйесіне көшетін кез келді деп есептеймін, — деп атап өтті Бейбіт Атамқұлов.
Басқосу соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысында битум шығаратын зауыт салуды ұсынды.
— Жер бөлу және инфрақұрылым жүргізуде ешқандай мәселе болмайды. Сондай-ақ, құрылыс ұйымдары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сияқты тұжырымдаманы ұмытпауы тиіс. Жергілікті жұртшылықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектесіңіздер, — деді аймақ басшысы.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі