Бүгінгі таңда Шымкент қаласында «Жусан» операциясы» бойынша елге оралған 17 әйел және 50 бала тұрады. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Әлжан Тұяқбаев хабарлады. Бір қызығы жусандықтарды аралау үшін басқарма өкілдері дін істері комитетінен, ұлттық қауіпсіздік комитетінен рұқсат қағазын көрсетуімізді сұрады. Мемлекет қызметшілердің «БАҚ туралы» заңды білмейтініне таң қалдық.
Тақырыбымызға ойыссақ, басқарма басшысының айтуынша 17 азаматшаның ұл-қыздарының құжаттарын толықтай рәсімделіп, медицина ұйымдарына тіркеп, қажетті медициналық көмек беріліп, білім мекемелеріне және мектепге дейінгі балабақшаларға орналастыру жұмыстары атқарылды.
Атап айтқанда, Сирия Араб Республикасынан келген 1 азаматша «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес, «Бірыңғай халық тіркелімі» бойынша Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының емханасында тіркеліп, қазіргі таңда медицина қызметкерлерінің бақылауында. Шымкент қаласының «Жұмыспен қамту орталығының» мамандары тарапынан Сирия Араб Республикасынан келген әйелдерге тұрақты түрде жұмысқа орналасу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, бір азаматша бүгінгі таңда өз кәсібін дөңгелетіп отыр.
«ЖУСАНМЕН» ОРАЛМАСА ДА, СИРИЯДАН АМАН КЕЛДІ
Кәсібін ашқан «С» есімді қандасымыздың жағдайын көрдік. Қазіргі таңда тігін мекемесінде тігінші болып жұмыс істейді. Бірақ бұл кісі «Жусан» арқылы емес, елшілік арқылы қайтып келген.
– Қазақстанға Түркия елшілігі арқылы оралдық. Алдымен біздің құжаттарымызды дайындап берді, балаларымды балабақшаға, мектепке орналастырып, алғашқыда киім, азық- түлік алып берді, сосын өз аяғымызға тұрып кеттік. 6 балам бар. Мен қазір тігінші болып қызмет етем. Мемлекеттен ай сайын атаулы әлеуметтік көмек аламын, ары қарай өз кәсібімді ашуға дайынмын. Мемлекеттің тегін «Бизнес бастау» мектебінде оқыдым, одан кейін 3 айлық тігіншілік курсын оқыдым, енді грант алып, іс бастайтын ниетім бар. Құжаттарымның барлығы дайын. Балаларымның туу туралы куәліктерінде «Сирияда туған» деп жазылған. Тек біздің Шымкентте ғана осындай, «Сирияда туған» деп жазып береді- деп өз сұқбатын тәмамдаған азаматша өткен күндерін есіне алып көзіне жас алып қалды.
«Мені көрсетпеулерінізді сұраймын»
Келесі кейіпкеріміз телефон арқылы жауап беріп, есімін көрсетпеуді сұрады.
— Ауданнан көшіп келгендіктен З жыл өтпей тұрғын үй кезегіне тұра алмайды екенбіз. Бізге баспана керек, басқа мәселеміз жоқ. Өзімнің 5 балам бар, оның 3-еуі мектепте оқиды. Балаларымның туу туралы куәлігінде «Сирияда туған» деп көрсетілген. Соны «Қазақстанда туған» деп ауыстыруымыз керек. Басқа да қыз-келіншектермен мешітте сабақ, оқу барысында араласып, тілдесіп тұрамыз,- деп Шымкент қаласындағы «М» есімді азаматшамыз қазіргі жай күйін айтып берді.
«Денсаулығым дәрігерлердін қатаң бақылауында»
Жалдамалы пәтерде тұратын «С» есімді азаматша бізбен сұқбаттасуға келісім берді.
– Сириядан келіп. Ақтау қаласына түскеннен кейін азық-түліктермен қамтамасыз етті. Аллаға шүкір, жағдайымыз жақсы, балаларымыз мектепке барды. 3 балам бар. Бір балам мен күйеуім Сирияда қайтыс болды. 2 қызым Қазақстанға қайтып келді, ұлымды сол жақта босандым, жасы 3-ке келіп қалды. Бірінші қуанышым, Қазақстанды, өз даламызды көргенім болды. Ол сәттегі көңіл-күйімді айтып жеткізе алмаймын. Бізді жылы сөздермен жақсы қарсы алды. Жай-күйімізді қадағалап, көмектерін аямады. Қуаныштымын! Қазіргі таңда балаларыма атаулы әлеуметтік көмек алып жатырмын. Қызым жартылай мүгедек, басынан жарақат алып келген. Жұмыс істеуге дайынмын. Бірақ балаларымның денсаулығы жоқ, үшеуміз де басымыздан қатты жарақат алғанбыз. Ол жақта ем ала алмадық, Қазақстанға келіп емделіп жатырмыз. Екі қызымды есепке қойған. Порталмен ауруханаға жатып, тегін дәрілерін әкеліп, тексеріп тұрады. Дәрігерлер шақырған кезімде келіп тұрады, хабар алып тұрады.
Қолымнан келсе, Қазақстанға қызмет қылуға дайынмын. Балаларымның жағдайына байланысты әлі ешқандай курсқа қатыса алмадым. Туған-туыстарыммен жақсы арласып, хабарласып тұрамыз,– деді ол.
«РУХАНИ АУЫРЫП ЖҮРМІН»
Келесі кейпікеріміз қаланың сырты болса да, орталықтан алыстау елдімекенде әкесімен, туған екі бауырымен бірге тұрып жатыр. «Далаға шықпаймын, шығуды енді ғана бастадым» дейді ол.
– Азық-түлік әкелді, бала-шағамызға қарай киім-кешек бере бастады. Менде бір бала. Денсаулығыма байланысты үйдемін, анда- санда шығамын. Төрт жыл болды, сол жақта қатты ауыра бастадым, зардабын әлі шегіп келе жатырмын. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін ештеңе істей алмадым. Маған дәрігерлер «ауруханаға жатыңыз» деп жиі айтады. Бірақ, менің басымдағы сынаққа, сырқатыма ол уколдар әсер етпейді. Менің жан дүнием дертті. Сол себепті үйдемін. Үй мәселесімен, АӘК әкімшілікке хабарласқан едім, жәрдем беріңіздер деген едім, бір бала болса да жетімсіреп отыр ғой. Қазір жұмыс жасай алмай, баламды қамтамасыз ете алмай отырмын. Жұмыс істей алмаймын. Мемлекет үшін болмаса да, балам үшін жасаймын ғой. Әкемнің үйінде тұрып жатырмын. Үйде үш қызбыз, барлығымыз бірге тұрамыз. Кез келген жерде талып-құлап қаламын, тілім күрмеліп қалатын кездер де болады. Балам 7 жаста, сабағы өте жақсы, ұйқысы тыныш. Балам Қазақстанда туған, ол жақта бір жылдам астам уақыт болдық. Мемлекеттін жасаған үлкен көмегі – елге алып келді. Қаншама адам жылап қалды, қызығып қарап қалғандар да болды. Сол жақта қалып жатқандар бар деп естідім, мен ол кісілермен жақсы арласпадым. Денсаулығым түзеліп жатса, барлығы жақсы болады. Аллаға шүкір! Келгелі бері жеке ұстасаңыздар деп ескерткенмін, көшеге енді шығып жүрмін,– деді кейіпкеріміз.
«БІРІНШІ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫН ЖҮРГІЗУ»
Сапар барысында елімізге белгілі радикализм, экстремизм, терроризммен сотталғандар және радикалды көзқарастағы тұлғалармен жұмыс істейтін «Ақниет» қоғамдық бірлестігі Шымкент қаласы бойынша филиалының басшысы Дәлелхан Оспановпен сұқбаттасудың сәті түсті.
– Бізде «Ақниет» орталығының филиалы өткен жылы шілде айында ашылды. Жусандықтармен филиал ашылмай тұрып та жұмыс басталып кеткен болатын. Аталмыш операция аясында Шымкентке шамамен 15 келіншек келген. Әрине, бірінші кездесу кезінді бірден теологиялық тұрғыдан әңгіме қозғаған жоқпыз. Медициналық қызмет, балабақша, мектепке орналастыру мәселесі 2019 жылы басталған болатын. Қазіргі жағдайлары жаман емес. Ол кезде де түсіндіру жұмыстары жасалған. Бірақ қазір басымдық теологиялық бағытқа беріліп отыр. Оның киелі жерлерді аралау, балаларды түрлі театрларға апару, қайырымдылық іс-шараларға қатыстыру сияқты шаралар бар. Жиі кездесу өткіземіз, жеке-жеке мәселелерін тыңдыймыз. Бірінші мәселе – туу туралы куәлік мәселесі, күйеуінің немесе баласының жоғалғаны туралы деген анықтаманы алуға көмектес, метіркесін реттеу, ары қарай адвокат жалдап қою. 2020 жылы терроризм мен радикализмді алдын-алуға бағытталған бірнеше жиналыс өткізген болатын. Онда жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, білім басқармасының басшылары келіп ұсыныстарын ортаға салған. Осыған байланысты қазір мектепке бару мәселесі шешілді. Шымкент қаласы бойынша 5 азаматшамен ғана тікелей жұмыс жасап жатырмыз, ал қалған 10 азаматшамен дін істер басқармасы айналысады. Филиалда менімен бірге 2 дінтанушы бар, айлық мәселесі және осы мекемені жалдау мәселесі барлығы қаржыландырылады.
Сонымен қатар мақала халықаралық INTERNEWS коммерциялық емес ұйымымен жүзеге асып, Еуропалық Одақпен қаржыландырылатынын еске сала кеткен жөн.
Ерлан Қариннің «Операция «Жусан» кітабында әйелдердің 40 %-ы білім туралы дипломға ие, оның ішінде 21%-ы орта арнаулы, ал 19%-ы жоғары білім алған. Әйелдердің біреуінің ғана арнайы діни білімі бар, ол бір жыл бойы Алматыдағы медресе де оқыды. Сұхбат алған кейбір әйелдер Египетте араб тілін үйренді.
Біздің ақпарат агенттігі алдағы уақытта «жусандықтармен» үнемі байланыста болып, әлеуметтендіру мәселесін бақылауда ұстайтын болады.
Бұл басылым Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен әзірленген. Басылымның мазмұны ақпарат агенттігінің жауапкершілігінде және Еуропалық Одақтың көзқарасын білдірмейді.
TURANINFO.KZ