Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Шу ауданына жұмыс сапары барысында Балуан Шолақ және Дулат ауылдық округтерінде өткен халыққа есеп беру кездесулеріне қатысты. Аталған округ әкімдері өткен жылы елді мекендерді дамыту бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен алдағы жоспарлар туралы баяндаса, жергілікті тұрғындар басшылықтың назарын шешімін күткен мәселелерге аударды.
Аймақ басшысы аудандардағы жағдайға көңілі толатынын білдіріп, алдағы уақытта да ауыл тұрғындарының тұрмыс деңгейін жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілетініне сендірді. Сонымен қатар, ол шаруалық және үй іргесіндегі жерлердің суармалы сумен қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
— «Сусыз егін болмайды, егінсіз ел өркендемейді» деген сөз тегін айтылмаған, сондықтан суармалы сумен қамту мәселесін егіс науқаны басталғанға дейін шешуге күш саламыз, — деді облыс әкімі.
Балуан Шолақ ауылдық округінің әкімі Базархан Жүнісқұловтың баяндамасын мұқият тыңдаған Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындары ие болған гранттардың саны мен оның мақсатты жұмсалуына көңіл бөлді. Ол ауыл тұрғындарына мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін барынша түсіндіру қажеттігін атап өтті.
Өз кезегінде жергілікті жұртшылық өкілдері де бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, олар 2010 жылы желідегі кернеудің кілт көтерілуі салдарынан істен шыққан ауылдық Мәдениет үйіндегі электр жүйесін қалпына келтіруді сұрады. Бердібек Сапарбаев желінің қалпына келтірілетінін әрі Мәдениет үйінің жөндеуден өтетіне сендірді.
Кездесу барысында кәсібін табысты дөңгелетіп отырған ауыл тұрғындарының демеушілігімен спорт кешенінің салынғандығы, ол жергілікті жастарды спортпен айналысуға белсенді түрде тартуға мүмкіндік бергендігі айрықша айтылды.
Дулат ауылдық округінің әкімі Найман Сұлтанбаев та Бәйдібек ауылында жиналған жұртшылық алдында есептік баяндама жасады. Жұмыс тәжірибесі мол оның ауыл тұрғындары арасында сыйлы. Бұл оған жерлестеріне барынша көмек көрсетуге белді азаматтарды тартуда оң ықпалын тигізуде. Осы орайда айта кету керек, облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы аясында өткен жылы ауылда бірден үш мұқтаж отбасы баспалы болды десек, ал биыл жеке кәсіпкер жаңа мешіт салуға ниетті. Тағы бір табысты ауыл тұрғыны тас жолда кемпинг салуды жоспарлап отыр.
Сондай-ақ, ауылда шешімін күткен мәселелер де жоқ емес десек, олар әсіресе жоғарыда аталып өткен суару және ауыз сумен қамтамасыз ету, электр желілерінің тозуына қатысты туындап отырған жайттар.
Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарын аталған мәселелердің көп ұзамай шешімі табылатынына сендірді.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі