Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданы Аспара ауылдық округініңтұрғындарымен кездесіп, олармен бірге округ әкімі Гаухар Оспанбекованың 2020 жылғы жұмыс қорытындылары мен ағымдағы жылға арналған міндеттері туралы есебін тыңдады.
Аспара ауылдық округінің құрамына кіретін Аспара, Қайыңдысай және Құмарық елді мекендерінде 1,6 мың адам тұрады. Округ бюджеті – 50 миллион теңгеден кем емес десек, 99,9 пайызға игерілген. Ондағы 37 шаруа қожалығындағы жалпы егістік жер көлемі 11,2 мың гектарды құрайды десек, олар дәстүрлі түрде бидай, арпа және беде өсірумен айналысады. Мал басы да артып келеді.
Мал шаруашылығын дамыту үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында үш шаруа қожалығы 29,6 миллион теңге несиеге қол жеткізсе, тағы тоғыз аспаралық «Еңбек» бағдарламасы бойынша гранттар алған. Аспара ауылында футбол алаңы салынып, Аққайнар көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қайыңдысай ауылындағы көше де жаңарып, тағы бір көшені жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайындалған. Бұдан бөлек мұнда балалар алаңы ашылыпты. Осындағы Нүсіпбек Рақыш атындағы және Құмарық ауылындағы Сәдуақас Рысбаев атындағы көшелер жарықтандырумен қамтылған. Үш ауылда да газ бар, дегенмен екеуінде су құбыры жоқ. Ол бойынша бүгінде тиісті сметалар дайындалған, енді бюджеттік қаржыландыру мәселесі шешілуде. Пандемия кезінде коронавирустық инфекцияның бірде-бір жағдайы тіркелмеген.
Ауылдық округтің әкімі Гаухар Оспанбекованың айтуынша, ағымдағы жылға арналған жоспарда ең алдымен – ауыз су мәселесін шешу жайы қарастырылған. Әрине, қаражаттың мүмкіншілігі ескерілген. Сондай-ақ, көшелерді жөндеу, Қайыңдысай ауылында футбол алаңын салу, Аспара ауылында 150 орындық жаңа мектептің құрылысына жобалық-сметалық құжаттама дайындау, абаттандыру жұмыстары қаралған.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындары мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламаларының мүмкіншілігін қаншалықты пайдаланып отырғанын сұрады. Жауап көңіл көңшітпеді. Халықаралық автожол бойында бірде-бір шағын және орта бизнес нысаны жоқ. Алынған гранттар ұсақ мал сатып алуға жұмсалған. Вегетациялық кезеңдегі суармалы судың жетіспеушілігі көкөніс дақылдарының өніміне айтарлықтай кедергі келтіреді десек, ол кезде Аспара 1, Аспара 3 арналары да тартылып кетеді. Округте 11 жұмыссыз тіркелген.
«Аспара» өндірістік кооперативінің басшысы Қалдыбай Алмабаев Бердібек Сапарбаевтың ауылдарына келген бірінші облыс әкімі екенін атап өтті. Ол былтырғы субсидия мәселесін шешіп беруге көмек сұрады. Сондай-ақ, қой жүнін өткізетін орынның жоқтығын, бұрын оны шаруалар оны өткізіп, жыл сайын 20 миллион теңгеге дейін табыс тапқанын жеткізді.
Жергілікті мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі Нұржан Байжұманов қолданыстағы білім беру мекемесі 34 жыл бұрын жатақхана жобасы ретінде салынғанын, сондықтан онда акт және спорт залдарының жоқтығын, дәліздері тар екенін атап өтті.
Бердібек Сапарбаев ақпан айында бюджетті нақтылау кезінде бұл мәселе егжей-тегжейлі қаралатынына сендірді.
— Жыл қорытындысы бойынша облыс жақсы нәтижелер көрсете білді. Ауыл тұрғындары үшін ең бастысы – жерді тиімді пайдалану. Бірақ бұған жету үшін бірлесе жұмыс жасауымыз керек. Шағын ауылдық округте 37 шаруа қожалықтың болуы – өте көп. Бірігу арқылы сіздер несиелік ресурстарға қол жеткізе аласыздар. Нақтырақ айтсақ, кепілдік база, элиталық тұқым сатып алу, қондырғыларды үнемі жаңартып отыру мүмкіндігі пайда болады. Сіздерге ыңғайлы болу үшін ескі техникаларды жаңартуға бағытталған trade-in бағдарламасы іске қосылды, — деді Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарына.
Әкімдердің басты міндеті – тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын және шаруа қожалықтарын ірілендірудің маңыздылығын түсіндіру екендігін тілге тиек етті. Шаруалар мемлекет беріп отырған жеңілдіктерді пайдалануы тиіс. Бұл орайда көмек алу процесінің қол жетімділігін қамтамасыз ету қажет.
Сондай-ақ, аймақ басшысы тұрғындарды өзі және өзгелердің денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Қазір той-тойлайтын уақыт емес. Вируспен күрес әлі аяқталмағандықтан, мерекелік шараларды шегере тұру керек. Инфекция жұқтыру жағдайлары біздің өңірде баяу болса да , өсіп келеді. Сондықтан санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау маңызды.
— Ең бастысы, қоғамдағы бейбітшілік пен тыныштық сақталуы тиіс. Бұл біздің тіршілігіміздің негізі, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Жиыннан кейін облыс әкімі тұрғындар назар аударуды сұраған мектеп ғимаратын аралап, танысты. Барлығы дәстүрлі форматта оқып жатқан оқушылар мен мұғалімдерді әңгімеге тартты.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі