Жаңа жыл қарсаңында Жамбыл облысы, Қордай ауылындағы «Батыс» тұрғын алабында 60 пәтерлі бес қабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді. Нысан құрылысы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан.
Бұл күні көпбалалы және толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар отбасылар жаңа пәтерлердің кілттеріне ие болды. Талай жылдар бойы пәтер кезегінде тұрып, өз баспаналары болуын армандаған отбасылар бұл Жаңа жыл қарсаңында тамаша тарту болғаны сөзсіз. Енді олар жаңа ауданда орналасқан жайлы үйде тұратын болады. Тұрғын үй аумағы толығымен абаттандырылып, сумен, электр және газбен қамтылған. Үйлердің қабырғалары Абай мен әл-Фараби бейнелері бейнеленген муралдармен безендірілген.
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пен Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай тұрғындарының қоныс той қуанышымен бөлісті.
— Елбасы мен Мемлекет басшысының саясаты халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған. Бізге оңай болмаған өтіп бара жатқан жылда бұған тағы да көз жеткіздік. Пандемияға қарамастан, 2020 жылы бүкіл Қазақстан аумағында үлкен құрылыстар жүзеге асты. Ел бойынша 15 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Үй кілттерін ең алдымен аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім және халықтың әлеуметтік осал топтарындағы басқа да азаматар иеленуде. Бұл бағытта Қордай ауданында да көптеген жұмыстар жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Баршаңызды баспана қуаныштарыңызбен және Жаңа жылыңызбен құттықтаймын! Шаңырақтарыңызда тек шаттық орнасын, — деп ізгі лебізін жеткізді Бейбіт Атамқұлов.
Оның құттықтауына аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев та қосылды.
— Осы ауқымды жұмыстардың барлығының басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, әл-ауқатын арттыру. Осы орайда жаңа жұмыс орындары құрылып, әлеуметтік нысандар ашылуда. Қордай өңірін дамытуға барлығы 35 миллиард теңге қарастырылып, 22 ауыл газға қосылып, 100-ге жуық көше асфальтталып, тұрғын үйлер салынуда. Біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Келер жылы Қордай ауылында тағы бірнеше тұрғын үй пайдалануға беріледі, — деп облыс әкімі жергілікті тұрғындарды қуантты.
Бейбіт Атамқұлов пен Бердібек Сапарбаев қоныстой иелерімен бірге жаңа пәтерлерді аралап шықты. Көпбалалы ана Жазира Рахым қонақтарға өзінің үш бөлмелі пәтерін таныстырды.
— Біз сегіз бала тәрбиелеп отырған үлкен отбасымыз. Жұбайым уақытша жұмыссыз. Мен төрт айлық баламмен үйде отырмын. Әлі жұмыс таппадым. Біз бұған дейін тұрғын үй жалдап келген болатынмыз. Енді міне өз пәтерімізге қол жеткіздік, енді пәтерден-пәтерге көшпейтінімізге өзім әлі сене алмай тұрмын, — дейді көпбалалы ана.
Сәуле Жаңабаева да жалғызбасты ана ретінде жаңа пәтерге ие болған. Оның балалары өз бөлмелерін қалай жабдықтайтының алдын ала жоспарлап қойыпты.
— Пәтер жылы әрі жайлы. Маған ауладағы балалар алаңы ұнады. Келесі көшеде аурухана, мектеп, одан әрі азық-түлік базары орналасқан. Мұнда күнделікті өмірге қажеттінің бәрі бар, — дейді Сәуле Жаңабаева.
Осы сәтте оның көршілері ауланы қалай безендіретіндерін және қандай гүлдер отырғызылатындығын қызу талқылап жатты.
Аудандық құрылыс бөлімінің бастығы Елдос Мендекеев Қордай ауылында келесі жылы пайдалануға берілетін тағы екі көпқабатты тұрғын үй салынып жатқанын жеткізді. Гвардейск ауылында биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлеріне арналған тағы бір үй бой көтеруде.