2011 жылы 14 желтоқсанда «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға өзгеріс енгізілді. Заңда 1 желтоқсанда атап өтілетін жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні белгіленді.
Артқа шегініс жасап, тарих беттеріне үңілетін болсақ, 1991 жылы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық сайлау нәтижесінде еліміздің Тұңғыш Президенті сайланды. Сайлау нәтижесі бойынша 8681276 адам Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап дауыс берген, бұл – сайлауға қатысушылардың 98,78 пайызы қатысқан. Осылайша, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев барша халық сайлаған Тұңғыш Президент болды.
Елбасы күні қазақ халқының мемлекет болып қалыптасуының маңызды кезеңін айқындайды. Тұңғыш Президент күніне орай аудандық орталық кітапханада «Nur Otan» партиясы аудандық филиалымен бірлесіп ұйымдастырылған «Елбасы – кемеңгер көшбасшы» атты өнеге кешінде бұл туралы кеңінен сөз болды. Шараны кітапханашы Нұрипа Манабаева жүргізді.
– Бар әлемге шын танылдық міне, біз,
Елін сүйген Елбасы деп білеміз.
Тең аталып Қазақстан – Нұрсұлтан,
Нұрсұлтан мен Қазақстан тұр егіз, – деп басталған өнеге кешіне кітапхананың тұрақты оқырмандары, зейнеткерлер Ералы Қуатов, Зикрия Әбдімұтанов, аудан жастары қатысты.
Әуелі оқу залының кітапханашысы Ләйлә Есмұрзаева қатысушыларды Елбасының өмірбаянымен таныстырып, оның еңбек жолына, елдегі елеулі тарихи оқиғаларға тоқталды.
Бұдан кейін сөз алған зейнеткерлер – Ералы Қуатов: «Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет құру жолында үлкен жауапкершілік арқалай отырып, саяси көрегенділігімен болашақ ел үшін жаңа жетістік құра алды, бұл – оңай шаруа емес. Маңызды тарихи кезеңде еліміздің келешек бағытын айқындай алуының арқасында Қазақстан халқы болашақтағы жетістікке негіз болатын табысқа қол жеткізді. Тәуелсіздігіміздің негізін қалап, егемендігімізді бекіткен Нұрсұлтан Әбішұлының тарихи тұлғасы мен саяси қайраткерлігі қашанда зор құрметке ие. Расында да, қазақ ұлтын әлемге танытып, Қазақстан елін дүниенің төріне оздырған – Елбасының парасаты мен әлем сарапшылары «Назарбаев жолы» деп атап кеткен салиқалы саясаты. Содан болар, бұл мереке бір тұлғаның емес, тұтас ұлттың, тәуелсіз жұрттың ортақ қуанышы деп нық сеніммен айта аламыз», – десе,
Зикрия Әбдімұтанов: «Ел басқару оңай іс емес. Елбасы елді 30-жылға жуық басқарды. Біздің елді әлемге танытты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ел үшін қиын болды. Құлдыраған экономика, халықтың басым көпшілігі жұмыссыз, ақша жоқ. Сол қиыншылықтан елді аман алып шығып, дамудың даңғыл жолына салды. Шын мәнінде, Елбасы мен Қазақстан – егіз ұғым. Келесі жыл – еліміз үшін тарихи жыл. Тәуелсіздігімізге – 30 жыл. Бұл мәртебелі мерейтой мемлекетіміз үшін жаңа кезеңдегі ауқымды реформалар аясында аталып өтеді. Мұның өзі жасампаз даму жолындағы ұрпақтар сабақтастығының шынайы өнегесі мен Елбасы саясатының табысты жалғасын дәріптейтін уақыт болмақ», – деді.
Тұңғыш Президент күніне арналған өнеге кеші «Елбасым асқақтатты аяулы елін» атты кітап көрмесімен түйінделді.