Бүгінгі ақпаратымыз маңызды қызметтің жүгін абыроймен арқалап жүрген полиция қызметкерлеріне арналмақ. Бұл мамандықтың иелері қылмыскерлерді аса сақтылықпен құрықтап қана қоймай, бұлтартпайтын айғақтар арқылы оның ақ пен қарасын айырып, ҚР заңына сүйене отырып, жүйелі қызмет атқарады. Сөзіме дәлел болсын күні кеше қыркүйек айының 27-28 қараған түні Жамбыл аудандық полиция бөліміне Айшабибі ауылында орналасқан «Супер-Фарм» ЖШС- нің басшылығынан зауыт аумағындағы қораптау қоймасынан 50 қорап медициналық халаттар ұрланғандығы жөнінде хабарлама түскен. Келтірілген шығын 1 млн 797 мың теңге. Оқиға орнында қоймаға тиесілі бір ғана бейнекамера бақылауы болған. Қылмыскер камераның бетін бұрып, өз айласын іске асырған. Дегенмен сақшылар қылмыстың ізін суытпай бір күнге жеткізбей ашты. Күдікті 1999 туылған Айшабибі ауылының тұрғыны болып шықты. Ең сорақысы ол осы зауттың жұмысшысы екені анықталды. Осы кезде есімізге атам қазақ айтып кеткен «Іштен шыққан жау жаман» деген сөз еріксіз еске түседі. Қазіргі таңда аталған факті Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тексерудің бірыңғай тізіліміне еніп, тергеу амалдары жүргізілуде. Ал, ұрланған медециналық заттар толығымен серіктестік иелігіне қайтарылды. Бір байқағанымыз аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Талғат Татенов басқаратын жеке құрам әрқашан халық алдындағы жауапкершілікті сезініп, ел тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтау жолында адал жұмыс істеп, әрбір адам жұмысын жан-тәнімен сүйіп, құлшыныспен еңбектіп жатқанына көзіміз жетті. Нәтиже жетерлік. Түйіндей келетін болсақ барлық кәсіпкерлік субьектілері сақтық шараларына бейжай қарайтын сыңайлы. Себебі бейнежазба құралдары мен күзет түгілі дабыл қоюды да білмейді. Соның кесірінен суық қолды адамдар қылмыс жасауын тоқтатпайтынын ескерген жөн.






