Халықпен тығыз байланыс орнатуды көздеген облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу» тобының жетекшісі Жорабек Баубеков Аса ауылындағы тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылардың үйлеріне арнайы барып, қал-жағдайларын сұрады.
Бір үйден баласы да, өзі де арбаға танылған көңілі қаяу жан Раушан Құрманалиева бірінші топтың құжаттарын әлі күнге дейін рәсімдей алмай жатқанын, сонымен қатар мүгедек арбасын алуға да шамасы келмей отырғанын жабырқап жеткізді. Ал, 20 жасқа толған мүмкіндігі шектеулі баласын бүгінде жуындырып-тамақтандырудың қиынға соққанын көзіне жас алып жеткізген тағы бір ана пәтерге қол жеткізуді армандады. Үй кезегінде 106-шы болып тұрған анаға жауап берген Жорабек Нұрмергенұлы бұл мәселені шешудің жолдарын заң аясында түсіндірді. Ал, атаулы әлеуметтік көмектен бүгінде қол үзіп қалған көпбалалы ана Айгүл Айтбековаға жұмыс тобының жетекшісі құжаттарын қайта рәсімдеуді ұсынды.
Мақсат Жұмабаев,
«Шұғыла».