ОБЛЫСТА ҚАШЫҚТЫҚТАН ОҚЫТУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
6 сәуірден бастап Қазақстандағы мектептер қашықтықтан сабақ беру форматына кірісіп кетті.
ҚР Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі №123 бұйрығына сәйкес облыстағы 442 мектепте оқушылар сабақты қашықтықтан оқыту жүйесі арқылы жалғастыруда.
Білім саласында алғаш рет қолға алынған жүйе болғандықтан алғашқы күндері қиындықтар кездескені жасырын емес. Дегенмен бүгінгі таңда білім беру мекемелерінің басшыларына түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы мектеп мұғалімдері мен ата-аналар келісімге келіп, еліміз үшін қиын кезеңде бір-біріне қолдау көрсетуде.
Ал оқушылардың сабақты сағынғандары бірінші күннен-ақ байқалды. Оқушылар сабаққа қызығушылық танытып, ерекше құлшыныспен қатысуда.
Жалпы өңірде қашықтықтан оқыту келесі бағыттар бойынша жүргізілуде:
- 235 мектепте 193200 (84%) оқушы қолжетімді интернет-платформалар арқылы сабақтар өтуде. Мұнда кері байланыс Күнделік электрондық журналы және мессенджерлер (WhatsApp, Телеграмм) арқылы жүргізілуде.
- Интернетке қолжетімсіз 207 шалғай елді-мекенде түратын 36748 (16%) оқушы сабақты «Ел Арна» және «Балапан» телеарналарындағы бейнесабақтарды көру арқылы оқуда. Барлық елдімекендерде аталған телеарналар 100% қосылған. Кері байланыс мүмкіндіктері бойынша мессенджерлер (WhatsApp, Телеграмм) немесе ұялы байланыс арқылы жүргізілуде.
Айта кету керек, қашықтықтан оқытуға көшуге байланысты білім ұйымдарының балансында тұрған 12 мыңнан астам компьютер педагогтар мен қажеттілігі бар отбасыларға уақытша пайдалануға берілді.
Бұдан бөлек оқушылар үшін білім басқармасының «YouTube» желісінен «#ОнлайнМектеп», «Катализатор», «IT Club», «Эврика», «Психология әлемі», «Бастау», «Turan», «Континент», «Сөз сыры» каналдары ашылып, онда мұғалімдердің дайындаған арнайы 445 бейнесабақтары жарияланды.
Мұғалімдердің бейнесабақтарын түсіруге жергілікті «Jambyl», «77 тv» теларналары мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті көмектерін көрсетуде. Осындай сын сағаттарда педагогтарға қолдау көрсеткені үшін аталған теларналар мен Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің басшыларына, ұжымына ерекше алғысымызды білдіреміз.
Бүгінгі күні елімізде білім саласында болып жатқан өзгерістер мұғалімдеріміздің табандылық пен ізденімпаздықтарын көрсеткендей. Кез келген жағдайда кедергіден шығудың жолын таба білетін ұстаздарымыз қашықтықтан оқытудың алғашқы аптасын артқа тастады.
Осы ретте ата-аналар тарапынан қолдау көрсетіліп, ұстаздарға ыстық ықыластарын білдіруі — мұғалім мәртебесін одан әрі көтеріп тастады. Білім беру бұл ел болашағы үшін аса жауапты үрдіс екені мәлім. Сондықтан, қазіргі жағдайда ата-ана және мұғалім бірігіп жұмыс істесе ғана болашақ ұрпақ білімді, тәрбиелі болып жетіледі әрі қашықтан оқыту нәтижелі болады. Бірлескен күш-жігердің, талап-ниеттің, ерінбей еткен еңбектің арқасында бұл сынға толы кезеңді де бірге жеңетінімізге сенімдіміз! Жаңа басталған оқу аптасына сәттілік тілейміз!
PS: Тұрғындардың қашықтықтан оқыту және білім саласындағы өзге де мәселелерге қатысты сұрақтарына жедел жауап беру мақсатында білім басқармасында және білім бөлімдерінде 12 САLL-орталық құрылды.