Діндердің пайда болуының барысында, адамзат баласын дұрыс өмір мен руханиятқа үйрете білді. Алайда, бір діннің бірнеше тармақтарға бөлініп, оны ұстанушы халықтардың бір-бірін бірінен артық көргеннің зардабының әсері, қоғамды әсіре діншілдікке итермеледі. Бүгінгі ислам дінінің ағымдарға бөлінуі, екінші бір халыққа ықпал тигізгендігіне тарихи жайттар куә. Жамбыл облысы әкімдігінің «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы Ерзат Жақыповпен жалпы дін турасы мен ислам дініндегі керағар ағымдарға қатысты кең тақырыпта сұхбат жүргізген едік.
-Сәлеметсіз бе, Ерзат мырза! Жалпы дінге ғылыми тұрғыда қандай анықтама береді?
-Е.Ж. –Сәлеметсіз! Дінді мораль, этика және руханият дейміз. Бірақ, ғылыми тұрғыдан алып қарайтын болсақ, дін дегеніміз құдіретті бір күшке деген сенім. Құдіретті күш деп айтып тұрғанымыздай, физикалық тұрғыдан көрінбейтін және оны ұстап көру де мүмкін емес. Осындай көрінбейтін көмескі нәрсеге сенуді біз дін деп атаймыз. Бірақ, діннің бір ерекшелігі бар. Мысалға діни мәтіндер қасиетті кітаптарда баян етілген. Басқа оны дәлелдейтің деректер жоқ. Бірақта, осы дінде жазылғандардың ғылыми тұрғыдан да, өмірде дәлелденіп жатқан тұстары бар. Мысалы, Құран Кәрімдегі ащы су мен тұщы судың араласпайтындығын Жак-Ив Кустоның өзі ғылыми тұрғыда дәлелдеген. Сондықтан да діннің негізгі мағынасына адамдарды осы дүние мен арғы дүниеде де бақытқа жеткізетін рухани бірден-бір жол деп анықтама беруге болады.
-Ежелгі адамдардың санасында дін туралы түсінік болмаса да, әртүрлі құлшылық ететін сенімдері болды. Қасиетті кітаптарды білмегендердікі дін болып саналады ма?
-Е.Ж. –Әлемдік діндер пайда болмай тұрып, адамдар табиғат заңдылықтарын білмегендіктен айға, күнге, найзағайға табынып жатты. Бұны дін деп айтуға болмайды. Өз сенімдерімен табынған дүниелері. Ол кездегі адамдар мифке сенді. Сондықтан ол дәуірдегі мен қазіргі діни сенімнің айырмашылығы көп. Себебі, фетишизм, анимизмнің түрі көп болған. Рухтар мен аң-құстарға табыну деген сияқты. Бұл кезде надандық сеніммен сенген. Ал, бірақта мына әлемдік діндер соның ішінде ислам діні келгенде адамдарға нақты бағыт-бағдарлар берді. Пайғамбарлар келіп дінді үйреткенде, адамдарды дұрыс жолға үндей бастады. Алғашқы діндер мен әлемдік діндердің ерекшелігі де осын да.
-Дін жалпы адамзат баласына келсе де, адамдардың бір діннің ішіндегі ұстанымдары әртүрлі? Ислам дінін алып қарасақ, көптеген мазхабтардың болуы нені білдіреді?
-Е.Ж. –Бұл діндердің ішінен бөлінісі Сауд Арабиясы болсын, Орта Азия болсын діндердің тармақтарға бөлінуі пайғамбарымыздан кейін басталған дүние. Мына араб әлемі VII ғасырға дейін айға, күнге табынды. Және тайпа-тайпа мен ру-руға бөлініп, бір табиғи дүниелер үшін соғысып жатты. Оның ішінде жер, су т.б. Бірақта, ислам діні келгелі бері олардың түсініктері қалыптасып, бүкіл қоғамды біріктіре бастады. Бұны түсіндіріп үйреткен кім? Алланың елшісі Мұхаммед пайғамбар. Осы түсініктердің арқасында, діннің қоғамдағы орны орасан болды. Арабтар өздері бірікті. Яғни өздерінің балаларын тірідей көміп жатқан арабтардың адамгершілік қасиеттері мен әйел затының құндылығы артты. Бұл жердегі ең маңыздысы арабтар Византия империясының отары болып тұрған. Бірігудің арқасында тәуелсіз мемлекетке жетті. Міне, осы кезге дейін араб қоғамында мәдениеті мен ғылымы дамыды. Бірақ, кейін Мұхаммед пайғамбар өмірден өткеннен кейін, неше түрлі ағымдар пайда бола бастады. Құран мен хадистерді өздерінің түсінігінің түсіндіру нәтижелері барысында араб халифаты ыдырады. Ислам діні тек арабтарға ғана емес, күллі әлемге тарай бастады. Кейбір шешімін таппаған мәселе де, ортақ бір мәмілеге келе алмаған тұстар туындап жатты. Осылайша, түрлі ағымдар пайда болды. Мысалға алатын болсақ, пайғамбардың кезінде мазхаб деген болмаған. Тек қана Құран мен сүннетпен жүрді. Кейіннен географиялық, ұлттық, нәсілдік, менталитеттік мәселеге байланысты мазхабтар пайда бола бастады. Мысалы, Орта Азияға кең тараған Әбу Ханифа мазхабы. Ханафи мазхабының ерекшелігі ұлттардың салт-дәстүрін ескере отырып үкімдер шығара бастағандығында. Орта Азияда төрт мезгіл бар. Ал, арабтарда тек қана жаз. Мәсіге мәсіх тарту мәселесі бізде бар. Ал, арабтарға оның керегі де жоқ. Тура осындай мәселелер кейбір мәзһабтардың арасында айырмшылықтар туғызды. Мұсылмандардың дүниетанымының өзгеруіне әсер еткен XVIII ғасырдағы үлкен оқиға еді. Осман империясының отарында болған арабтар өздерінің тәуелсіздіктерін алғысы келеді. Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб деген кісі «Үш негіз», «Китабут-таухид» деген кітаптар жазып шығарады. Бұл кітаптардың негізгі мәні адамның сенімі мен діни түсінігіне байланысты жазылған. Яғни, Осман империясын білесіздер түркілер олардың түсінігі Ханафи мазхабында. Ал, бірақта сол Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб осы сенім мен түсінікті бұрмалап, мүлдем бір исламдық жаңа түсінік алып келеді. Бұл саясиланған діни идеологияны сол сәтте қоғамға таратады. Әрине! Бұл идеология ибн сауд деген жердегі халықтың ұстанымына лайық болды. Олар Мұхаммед ибн Абдул Уаһабты қаржыландырады. Және оның идеологиясын таратқанда надан, қой, түйе бағып жүрген адамдарға түсіндіреді. Бұл идеологиялар таратылып, бұл бәдәуилер радикализацияға ұшырайды. Және артынша ұлтшылдыққа да апарады. Сөйтіп, ең алғашқы олардың әскері Мекке мен Мәдинаға шабуыл жасайды. Қасиетті мекендердегі қаншама мұсылмандардың қанын жазықсыз төгеді. Бірақ, осы соғысты Мұхаммед ибн Абдул Уаһаб қасиетті соғыс деп түсіндірген. Міне, көрдіңіз бе? Ең алғашқы ислам діні қоғамды біріктірген болса, кейінгі саясиланған Мұхаммед Мұхаммед ибн Абдул Уаһабтың Сауд Арабиясындағы әрекеті мұсылмандарға да, арабтарға да зардабын тигізді. Сонымен қоса бұл исламның мөлдір пайғамбарымыздың дінді дұрыс жеткізген жолын ұстанбай, бүгінде мұсылмандар ғылыми тұрғыдан да, технологиялық тұрғыдан да дамымай артта қалды. Артта кеткеннің бірден-бір себебі бұл жоғарыдағыдай ғалымдардың қателігінен. Себебі, XIII ғасырда Ибн Тәймия деген кісі өзінің діни әдебиеттерінде мынандай мағлұматтар келтіреді. Моңғол шапқыншылығы кезінде, мұсылмандар неге жеңіліп қалды дегенге өзі пікірін білдірген. Сонда мынандай шешімді қорытып шығарады. Мұсылмандардың жеңілу себебі таухид, яғни бір Аллаға деген сенімді дұрыс түсінбегендіктен жеңіліп қалды. Барлығымыз бір Алланың сеніміне, яғни құлшылығында болмадықта, сондықтан жеңіліп қалдық дейді. Бүкіл мұсылмандар Құдайдан мешіттен жалбарынып сұраған кезде, біз оларды жеңетін едік деген үкім жазған. Көріп отырсыз ғой? Яғни жеңілуді тек діни тұрғыдан ғана қарап жатыр. Ал, егер де сол Ибн Тәймия шынайы ғалым болса, оны неге тарихи немесе экономикалық тұрғыдан, әскерлерінің қаруы қандай, сол жағынан неге қарамайды деген ой келеді. Осындай түсініктердің кесірінен, қазіргі кезге дейін де мұсылмандар да дамымай отыр. Бірақтан да бір өкініштісі XIII ғасырдағы Ибн Таймияның, XVIII ғасырда ізін жалғастырған Мұхаммед ибн Абдул Уаһабтың идеологиясы, қазіргі таңда да біздің қоғамымызда таралып жүр. Және соны қолдайтын азаматтарымыз да бар. Міне, айырмашылығы осында. Сондықтан да біз мынау Мұхаммед ибн Абдул Уаһабтың, Ибн Тәймияның дүниелерінің бәрін тәрк етіп, таза Әбу Ханифа мазхабы және соның ізін жалғаған ғалымдар Ибн Әлауи, Ибн Сина, Әл-Фараби т.б. бар. Ғылыми тұрғыда осы кісілердің еңбектерін қоғам болып пайдалануымыз керек. Өкініштісі, бұндай бағыт-бағдар толықтай орып алып жатқан жоқ.
-Орта Азия мемлекеттеріндегі радикалдану үрдісі тез қарқындаған болатын. Сирия мен Ирактағы және басқа да аумақтардағы лаңкестік топтарға Орта Азияның азаматтары көптеп аттанды. Ендігі кезде әлемдік терроризмге қарсы тұру үшін, қандай шараларды жүзеге асырған дұрыс? Өздерінің дәстүрлі діни ұстанымдарын дамытып қана отырады ма, жоқ әлде басқа да шараларды қабылдауы қажет пе?
-Е.Ж. –Көптеген ғалымдар бұндай мәселелерге өз пікірлерін білдіріп жатады. Бірақ, менің пайымдауымша бірінші сол лаңкестік ұйымдарға кетіп жатқан азаматтардың себебін білуіміз керек. Оның салдарымен емес, себебімен күресе білу қажет. Бірінші себепке 70 жылдан аса Совет Одағының қол астында болғанымызды айтсақ болады. Және XVIII ғасырда патша үкіметінің қол астында болдық. Сондықтан да бізге мұсылмандық діни танымның жоқ болуына осы жайттар себеп болды. Мына адамдардың руханиятқа деген мұқтаждығы қанағаттанбағандықтан болуда. Ал, олар ғаламтордағы шейхтар арқылы қанағаттанды. Міне, солардың дүние танымын саналарына сіңдіріп, мен тура жолдамын ақиқаттамын деп, осы жолда жүрсем менің орным жәннат деген сенім оларды жарға жықты. Осы жарға жығудың себебін білуіміз керек. Ол үшін не істеу керек? Әрине, біріншіден өзіміздің бабаларымыз салып кеткен сара жолды ұстануымыз қажет. Ол сара жол қандай жол деген сұрақ туындауы мүмкін? Исламға дейін Көк Тәңірдің түсінігінде болдық. Көк Тәңірден кейін 751 жылы Атлах шайқасында арабтардың бірігуімен, Таң империясын жеңу арқылы ислам діні біздің қоғамға тез сіңіп бабаларымыз қабылдады. Бірақ, осы жерде тағы бір тарихи фактор еске түседі. Сол сәтте арабтардың дәстүрін қабылдадық па, қабылдамадық па деген? Бабаларымыз дінді үйренгенде қай жерін алып, қай жерін алмады? Біз осыны ұмытып кете береміз. Тек VIII ғасырда ислам тарады, біз қабылдадық деп қана қоямыз. Ары қарайғы мәліметтерге тоқталмаймыз. Біз ислам дінің қабылдадық. Бірақ, ислам дінінің ішіндегі арабтың мәдениетін сырып тастап, исламды түркілік мәдениетпен ұштастырып жібердік. Мысалға, арабтарда жеті атаға дейін қыз алу мен берісу жоқ. Одан кейін біз әрбір рудың батыры мен биіне арнап ас береміз. Бұл арабтарда жоқ, қазақ халқында бар. Өлі разы болмай, тірі байымас деген түркілік елдерде бар. Біз осылай дінмен салтымызды ұштастырдық. Сол сияқты беташар, сәлем салу, қырқы, жүзі барлығын ұштастыра білдік. Міне, осы нәрселерді дұрыс түсіне алмағандықтан, Сирия мен Иракқа кетіп жатқан азаматтарымыз осылай радикализацияға ұшырап жатыр. Олар арабтың дәстүрін үйреніп, қазақтың дәстүріне сай келмейтіндігін көреді. Арабтарда домбыра деген жоқ, қазақтарда домбыра деген бар. Бізде беташар болса, оларда беташар жоқ. Сәләфилер мұны орындамайды. Олар ислам деген кезде, автоматты түрде мен араб болуым керек деген ойға келеді. Сондықтан да оларда араби түсінік қалыптасады. Араби түсінік болған соң, араб елдерінде соғыс болса, менің дінім мен бауырым ғой, менде соған көмектесуім керек деген біріншіден сезімге беріліп, сол жаққа кеткісі келеді. Сондықтан біз бұл радикалдануды тоқтату үшін, жастардың санасына өзінің ата-бабасының дұрыс жолда екендігін, жәннаттық жолда екендіктерін түсіндіріп, бабаларына деген махаббатты, қызығушылықты ұялата білдіруіміз керек. Ал, егер де ондай танымды ұялатпасақ, жастарымыз лек-легімен кететін жағына кете беретін болады. Сондықтан да дінді дұрыс түсіндіру дінтанушы мамандардың парызы.
-Сұхбаттасқаныңызға рақмет!