Сексен жылдық тарихы бар Жамбыл облыстық соты әділдікті ту етіп келеді.
Облыстық соттың тарихы Жамбыл облысы жаңадан құрылған 1939 жылдың қарашасынан бастау алады. Жергілікті билік органдары құрылып бітпей жатып, өз алдына шаңырақ көтерген облыста бірінші болып өз міндеттерін атқаруға судьялар кіріскен. Сол жылы 3 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының қаулысымен Жамбыл облыстық сотының бірінші құрамы бекітіліп, сот басшылығына Атамқұл Жаңабаев тағайындалды. Облыстық соттың бірінші құрамына алты судья кірді.
Бұдан соң облыстық соттың төрағасы қызметін Тәңірберген Әділбаев, Әбілқай Жұмабеков, Меңдияр Давлетов, Демеуғали Демесінов, Берген Баталов, Дабыл Жұбанышев, Абдуахап Садуақасов, Борис Кенжебаев, Мақсұт Романбекұлы Әбілқайыров, Мұсабек Тұрғынбекұлы Әлімбеков, Эдуард Александрович Иовов, Нұрғожа Қыдырханұлы Чиняев, Марғұлан Жұбанышұлы Бектұрғанов мінсіз атқарды. Бұл азаматтардың әрқайсысы сот жүйесінің қалыптасуы мен отандық сот әділдігі жолында қалтқысыз қызмет етті.
Жоғарғы Соттың төрағалары болған Мұсабек Тұрғынбекұлы мен Бектас Әбдіханұлы сияқты ағаларымыз Жамбыл облыстық сотында қызмет істегендігінің өзін үлкен мақтанышпен айтуға болады. Бұл тұлғалар тек облыста емес, республика аумағында мәртебелері биік.
Жамбыл облыстық сотында ұзақ уақыт қызмет етіп, ауыр жүкті бірлесе көтере білетін ардақты аға-апаларымыз аз емес. Олардың ішінде ерекше атап өткім келетіні – А.И. Дармурзаев, А.А. Нарматов, Л.В. Романова, Л.П. Калентьева, Қ.Б. Баймолдин, К.А. Утеулина, З.М. Жумахметова, Н.И. Мұратова, Е.Г. Лозовецкая, Г.А. Тер-Томасова, Н.Б. Байкенжеева, Қ. Жасұзаққызы, У.Қ. Қайманова, Н.С. Садыгулов, А.Ш. Агулешова, М.Ж. Мырзакулов, Ұ.Н. Жаржанова, Д.А. Қазкенов нағыз өз ісінің мамандары, келесі ұрпаққа өнегелі жолын көрсете білген азаматтар.
Жамбыл облыстық сотында қызмет етіп, үлкен белестерді алып, Жоғарғы Сот судьясы атанған Асқар Спартакұлы мен Ғазиза Шәмшидинқызын атап өтпеуге болмас. Жоғарғы Соттан құрметті демалысқа шыққан Дүйсен Абдрахманұлы Тумабеков пен Алтынай Баймұратқызы Баймуратованы мақтан етіп, үлгі тұтамыз.
Тәуелсіздік алғалы елімізде сот жүйесі түбегейлі өзгерді, оның қызметі жаңа сипатқа ие болды. Азаматтардың сотқа деген сенімі артып, судьялар мен судьялыққа кандидаттарға қойылатын талаптар күшейтілді. Соттың қоғамдағы орны да өзгерді. Бұрын билік те, қоғам да сотты жазалаушы орган ретінде қабылдап келсе, ендігі жерде сот жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын институтқа айналды. Жергілікті соттардың ролі артты, судья кадрларын іріктеу мен тағайындаудың жаңа моделі жасалды. Соңғы жылдары соттар мен судьяларды одан әрі мамандандыру, инновациялық технологияларды кеңінен қолдану, сот жүйесіне татуластыру рәсімдері мен медиацияны енгізу шаралары батыл жасалуда. Негізгі мақсат – еліміздегі сот-құқықтық реформаны одан әрі жетілдіру.
Бүгінде 100 нақты қадам – Ұлт жоспары шеңберінде жүргізілген реформалар сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігіне оң ықпал етіп отыр. Бұл тұрғыда судья лауазымына елеулі кәсіби және өмірлік тәжірибесі бар тұлғалардың тағайындалатынын атап өткен жөн. Соңғы жылдары отандық сот жүйесі дамуының маңызды кезеңі болды. Ұлт Жоспары аясында соттарды одан әрі жаңғыртудың маңызды құралы болып табылатын «Сот жүйесінің жеті түйіні» басым бағыттарын жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. Тиімді судьялар корпусын қалыптастыру, судьяларды артық жүктемеден арылту, соттардағы жұмыстың жаңа форматтарын енгізуге бағытталған 17 заң жобалары дайындалды. Сот процестері түсінікті, қолайлы және ақылға қонымды болып, соттардың жайлылығы артты, облыс соттарында қазіргі заманғы және келушілерге қолайлы фронт-офистар ашыды.
Қазақта «Билік айту оңай, біліп айту қашан да қиын» деген сөз бар. Еліміздің сот саласында жүргізіліп жатқан құқықтық реформаларды өз деңгейінде жүзеге асырып, сот төрелігін дамуы мен сот әділдігінің кәсіби деңгейін көтере білген ел ағалары мен қайратты қызметкерлері бар Жамбыл облыстық сотының құрылғанына бүгінде 80 жыл толып отыр.
80 жылдық тарихы бар соттың бүгінде жұмыстарын жандандырып келе жатқан судьялар корпусы мен мемлекеттік қызметкерлерінің алдағы уақытта еңбектері еленіп, жемісті жетістіктерге жетіп, еліміздің жарқын болашағына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуын қамтамасыз етуге, халықтың сенімін арттырып, сот жүйесіне көптеген жаңалықтар алып келетіндеріне кәміл сенемін!
«Қазақстан Республикасы
Судьялар Одағы» РҚҚ-ның
Жамбыл облыстық
филиалының төрағасы Ғ.Б. Кулекеев