Қазіргі таңда мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп, жеке бизнеспен шұғылданам деген азаматтарға көрсетілер қолдау жеткілікті. Тек, кәсіп көзін тауып, төменгі пайызбен несие алып еңбек етсеңіз болғаны. Осыған орай, Байзақ ауданында өткен «ХАЛЫҚТЫҚ ЗАҢГЕР» акциясы аясында кәсіпкерлермен және кәсіп ашуға ниетті азаматтармен кездесу өтті. Өңірдегі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан, аудандық кәсіпкерлік бөлімі және өзге де сала мамандары арнайы қатысып, жаңадан кәсіп ашам деген азаматтарға құқықтық кеңес беріп, мәселелерін тыңдады. Сонымен қатар, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев, кәсібін кеңейтем деген азаматтарға кедергі жоқ екендігін, ал кедергілер кезіккен жағдайда, департамент көмек көрсетуге дайын екенін айтты. Ең бастысы бизнесті таза және заңды жүргізу қажеттігін атап өтіп, бастаған істі соңына дейін жеткізіп, ел экономикасына үлес қосуға шақырды. Ал, тәжірибелі бизнес өкілдері ниетті азаматтарға кеңестерін айтып, қашанда қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.






