Дана Нұржігіт – қазақ телевизиясында есімі ерекше аталатын журналистердің бірі және бірегейі. Таразға келген сапары барысында дарынды тележүргізушімен сыр тартып, әңгіме құрудың сәті келді. Оқырманға қызық болар деген ойдамын.
– Әлімге дейінгі Дана мен қазіргі Дананың айырмашылығын атап өтіңізші
– Мен өмірімді Әлімге дейін және Әліммен бірге деп екіге бөлемін. Әлім дүниеге келгеннен кейін менің ер адамдарға деген көзқарасым өзгерді. Өзім ер баланы дүниеге әкелдім ғой. Ер азаматтарға жанашырлықпен қарайтын болдым. Оларды тереңірек түсінгендей болдым. Өзімнің баламның бойында ер азаматқа тән қандай қасиеттердің болуы керектігін анық түсінетін сияқтымын. Олардың мойнындағы жүктің қаншалықты ауыр екенін түсіндім. Сырттағы майданнан келгенде азаматымның жараларын таңып беретін әйелдің қандай болу керектігін ұғындым.
– Таразда дегенде ойыңызға бірден не келеді?
– Тараз деген Айша бибі, Қарахан. Тараз деген Шоханның ерлігі. Тараз мен үшін Бауыржан. Тараз мен үшін Шерхан, Асанәлі, Тұңғышбай.
– Қазақта Зейнеп, Күләш Ахметовалар бар. Артынан өзіңіз, Қымбат Досжан сынды ізбасарлары келе жатырсыздар. Хабардан кейін неге Ұлттық арнаға ауыстыңыз?
– Мен дәл осылай болады деп ойлаған жоқпын. 17 жыл хабарда істедім. 24 жасымда Хабарға келіппін де, 41 жасымда кетіппін. Өмірдің ең қызықты кезеңдерін сол арнада өткізіппін. Қазір одан осал кезең деп айта алмаймын. Дегенмен, баламды өмірге әкелген соң үш жылдай декреттік демалыста болдым. Келген соң үлкен өзгерістер орын алды. Хабардағы біраз әріптестерім Астанаға көшіп кеткен. Амандасатын адам қалмады. Содан өзімнің үйірімнен адасқандай күйде қалдым. Ұлттық арнаға ұсыныс келіп түскеннен кейін кетәрі болған жоқпын. Осылайша Астанаға көштім. Нұржан Мұхамеджанова шақыртып, «Дара жол» бағдарламасының тізгінін қолыма ұстатты. Маған журналист ретінде шығармашылық еркіндік беріп, күллі қазақ елі тамашалайтын тағылымды бағдарламаны сеніп тапсырғаны үшін Нұржан Жалауқызына алғыз білдіргім келеді.
– Кімді сағынасыз?
– Әкемді сағынамын. Мен 17 жасымда әкесіз қалдым. Бірақ осы күнге дейін ол кісі үнемі жанымда. Әруағы үнемі маған көмектесетін сияқты. Желеп-жебеп жүретін сияқты. Тығырыққа тіреліп, қиын жағдайға душар болғанымда ол кісі менің түсіме енеді.
– Сізді қазақ қайсар Дана ретінде таниды. Бұрын бойжеткен деп қараса, қазір ақ жаулықты анасыз. Тәжірибесі мол маман ретінде, ана ретінде телеарнада жүрген жас қыз балаларға қандай кеңес бересіз?
– Жалпы қазақ «қыздың жолы жіңішке» деп үлкен көрегенділікпен айтқан. Әкем 7 сынып оқып жүргенімде журналистика саласына барам дегенімді естіп «журналистика қыз балаға қол емес» деп қарсы болған. Неге екенін мен қазір жақсы түсінемін. Себебі, расында, тележурналистикада жүрген қыздар, біз, өмірге параллель өмірді жасаймыз. Қарапайым өмірмен қатар экрандағы өмірді жасаймыз да сол өмірдің ішіне кіріп кетеміз. Уақытымыздың кетіп бара жатқанын өзіміз де түсінбей қаламыз. Өйткені бізге біреудің өмірі, түсіретін кейіпкерлеріміз қызық. Эфирге ол кейіпкерлерді өзіміздің драматургиямыз бойынша шығарғанға қатты қызығып кетеміз. Соның қызығына тоймай жүріп қалатын қыздар өте көп.Оның бірі мен деп те айта аламын. Әрине, ол кезде солай жасамасам бүгінгі Дана болмас едім ғой. Егер басқа жолды таңдап, журналистикадан қол үзіп қалсам ендігі 3 баланың анасы болар ма едім. Бірақ мен бүгінгі Дана болмас едім ғой. «Бір кем дүние» дейді ғой Шерхан ағамыз. Ал, қыздарға айтарым, бұл мамандықта ең бастысы –уақытты оздырып алмау. Қалай болғанда да әйел адамның ең басты бақыты – ана болу. Шүкір тәуба Әлімімнің дүниеге келгені мен үшін зор бақыт. Өйткені балаңмен бірге екінші рет дүниеге келу, әлемді ашу, – ғажаптың ғажайыбы. Баланың өмірге келуімен тылсым дүние ашылады. Мен ұлымды саналы, ақыл тоқтатқан ана болып дүниеге әкелдім. Мүмкін мен ғана осылай қабылдайтын шығармын. Басқа аналар басқаша ойлайтын болар. Бірақ, менің ойымша, әйел үшін ана бақыты, жар бақыты – өте маңызды мәселе. Егер қасыңызда сіздің жолыңызды түсінетін, журналистикадағы, оның ішінде телевизиядағы қарбаласты түсінетін жан болса, сіз ең бақытты адамсыз. Ол сіздің серіктесіңіз. Ол сіздің жанашырыңыз. Онда сіз өзіңізді бақыттымын дей беріңіз. Ал егер сізді түсінбейтін, жолыңыздан қалдырып отыратын, үнемі таңдаудың алдында қоятын азамат болса сіз не үйді, не дүзді таңдайсыз. Сондықтан әркімнің таңдауы өзінде болуы керек.
– Бір сұқбатыңызда 30 жасқа дейін бір ер адам көзіме тік қарап сөз сала алмады депсіз. Сіз сияқты әйелдің жүрегін жаулау үшін Мұрат ағамыз қандай әрекет жасады?
– Ер-азаматтарға мен сияқты мінезді не болмаса үнемі ізденісте жүретін перфекционист әйелмен өмір сүру өте қиын шығар. Бірақ жолдасым менің осы мінезімді мойындайды. Ер азамат әйелге сөз айтады. Тамсанады. Бірақ мәселенің екінші жағы бар. Олар әйелді басып, өзіне тәуелді етіп қояды. Екінің бірі сондай. Бірақ әйелмен серіктес болу, әйелмен санасу, ақылына мойынсұну, кеңесін тыңдау кез келген еркектің қолынан келмейді. Кемеңгерге де кеңес керек екенін көп адам түсінбейді. Қабырғасынан жаралған әйелге мойын бұрып қарап, ақыл сұрауға батылдары бармайды. Бірақ Хадиша анамыздың өзі де Пайғамбарымыздың бірінші кеңесшісі болды емес пе. Соны ұмытпау керек.
– Сүбелі әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан: Исламбек ДАСТАН