Облыс әкімі болып Асқар Мырзахметов тағайындалғалы бері өңірде түрлі кадрлық ауыс-түйістер орын алғаны бәрімізге мәлім. Олар қоғамға қалай әсер етіп жатыр? Аймақ жұртшылығымен кері байланыс орната алды ма? Әлде баяғы жартас, сол жартас па? Осы сауалдарға жауап табу мақсатында əлеуметтік желі пайдаланушылары арасында «үздік басқарма басшысы», «қолжетімді басқарма басшысы» және «қоғаммен байланысы жоқ басқарма» деген критерийлер бойынша сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде үздік көрсеткіш білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали, мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевқа тиесілі болды. Мүлдем таңдалмағандар қатарына ветеринария, еңбек инспекциясы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы, сəулет және қала құрылысы басқармасы, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшылары еніп отыр.
Екінші сұрақ бойынша үштікке ауыл шаруашылығы басқармасы, дін істері басқармасы, экономика және бюджетті жоспарлау басқармалары қосылды. Ал қоғаммен байланысы жоқ басқармалар ветеринария, денсаулық сақтау, еңбек инспекциясы, жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, қаржы, туризм, тілдерді дамыту, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сәулет және қала құрылысы басқармалары болып отыр.
Нәтижені саралап көрейік. Үздіктер неге үздік? Білім басқармасы фэйсбук аккаунтында тікелей эфирлерімен қоса, ақпараттандыру жұмысы жолға қойылған, ал ішкі саясат басқармасына Берік Уәлиұлы келгеннен кейін басқарма жаңадан тыныс алып жатқандай. Сонымен қатар өзінің жеке аккаунты арқылы жасалып жатқан жұмыстарын жұртшылыққа көрсетіп келеді. Мәдениет, архивтер жəне құжаттама басқармасында да фэйсбук парақшасынан мәдени іс-шаралар турасында ақпарат тез таралып, жүйелі жұмыстар халық назарына ұсынылып жатқаны белгілі. Ортада келе жатқан басқармалардың жұмыстары енді жолға қойылып келе жатқаны көрініп тұр. Бірақ әлі де жетілдіретін тұстары аз емес. Əсіресе ақпараттандыру саласында көптеп еңбек ету қажет.
Аутсайдерлер қатарына жұмыс ауқымы аз басқармалар ілігіп отыр. Одан бөлек бюджет жағынан үлкен, күнделікті сервис жəне қызмет көрсетумен айналысатын денсаулық сақтау басқармасына берілген баға тек басқармаға ғана емес, қоғаммен жұмыс жасайтын баспасөз қызметінің де жұмысының нәтижесі екенін ескеру қажет. Мұндай нəтиже жаңа форматтағы медициналық қызметтерді халыққа таныстырудың төменгі деңгейде екендігінен болуы мүмкін.
Айта кететін жәйт, бұл рейтингке жастар саясаты мәселелер басқармасы техникалық ақауларға байланысты енбей қалды.
Сонымен, басқармалар рейтингісі төмендегідей:
1. Білім басқармасы
2. Ішкі саясат басқармасы
3. Мәдениет, құжаттама және архивтер басқармасы
4. Ауыл шаруашылығы басқармасы
5. Дін істері басқармасы
6. Жер қатынастары басқармасы
7. Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы
8. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы
9. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы
10. Дене шынықтыру және спорт басқармасы
11. Тілдерді дамыту басқармасы
12. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы
13. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы
14. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы
15. Туризм басқармасы
16. Қаржы басқармасы
17. Жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау
18. Денсаулық сақтау басқармасы
19. Сәулет және қала құрылысы басқармасы
20. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы
21. Еңбек инспекциясы басқармасы
22. Ветеринария басқармасы
*Жастар саясаты мәселелер басқармасы техникалық ақауларға байланысты енбей қалды
TURANINFO.KZ