Бүгін Жамбыл облысы әкімі аппаратының ғимаратында Жамбыл облыстық мәслихатының кезекті 22 сессиясы өтті. Сессияда Гүлдара Нұрымова төрайым болса, төралқа ретінде облыс әкімі Асқар Мырзахметов, мәслихат хатшысы Бағлан Қарашолақов жұмыс жасады. Жиынның басы жақында ғана дүниеден озған облыстық мәслихат депутаты болған Нұрлан Ортаевты ұнсіздікпен еске алудан басталды. Жиырма екінші сессияның күн тәртібінде 30 мәселе қаралды. Ең маңызды мәселе бойынша жаңа құрылған облыс әкімдігінің туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова «Облыстағы туризм саласының дамуы мен перспективалары туралы» баяндама жасады.
— «Жамбыл облысының туристерді қызықтыра алатын тарихи-мәдени ескерткіштері, аң, балық аулайтын өзен — көлі, тау мен шөл даласы бар. Атап айтқанда: 4 мемлекеттік қорықшалар (заказники «Берікқара», «Аңдысай», «Қарақоңыз», «Ақсу Жабағалы» қорығының Жамбыл облысына қарасты бөлігі, «Меркі» мемлекеттік қорықшасы), сонымен қатар, ЮНЕСКО-нің дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан 5 археологиялық ескерткіштер (Ақтөбе (Баласағұн) (Шу), Құлан (Т.Рысқұлов), Өрнек (Т.Рысқұлов), Ақыртас (Жамбыл) және Қостөбе (Жамукат) (Байзақ) қалашықтары) облысымызды туристер үшін тартымды етеді. Өңірімізде тарихи-мәдени мұра ескерткіштері 3 365 нысанмен анықталған, оның 2 934 — археологиялық, 111 — тарихи, 97 — архитектуралық және 223 — монументалдық»- деп баяндады Қарлығаш Әмірқызы.
«Жамбыл облысының Қоғамдық кеңесінің құрамын бекіту туралы» Жамбыл облыстық мәслихатының 2016 жылғы 12 ақпанындағы № 45-2 шешіміне өзгерістер туралы» шешім қабылданды. Шешім бойынша Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңестің құрамына Қасымхан Төлендиев («Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы Республикалық қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры), Қалыбек Атжан («77TV» коммерциялық телеарнасы директорының кеңесшісі), Жасұлан Әбдіманап («JAMBYL» телеарнасының басшысы), Жұмахан Тәнкібаев (жеке кәсіпкер) енгізілді.
TURANINFO.KZ