Ел басқару екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Бүгінгідей алмағайып шақта туған халқымен бірге болып, тамырымен біте қайнасып жатқан азаматтар жүр арамызда. Олардың саналы қадамдары, сындарлы өмір жолы көпке үлгі. Бүгінгі кейіпкеріміз Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов. Бұл қызметке келгеніне 40 күн толған азамат кезінде Жаңатас қаласында қызмет ете жүріп, өзінің соңғы технологияларды шебер меңгергендігімен көзге түскен еді. Тіпті аудандық газеттің де түрлі-түсті болып жарыққа шығуына мұрындық болыпты. Орайы түскен сұқбатты оқырман назарына ұсынамыз.
— Бақытжан Алпысұлы, Сарысу ауданының басшылығына келгеніңізге бүгін 40 күн толды. Жалпы туған ауданға 10 жылдан соң оралыпсыз. Қандай өзгерістер бар екен?
— Бабалардан қалған «ер азаматтың кіндігі тамған жерге, маңдай тері де тамуы керек» деген ұлағатты әрі салмақты сөз бар. Он жыл облыс орталығында еңбек етіп, мемлекеттік қызметтің қара қазанында қайнадық. Қайнадық деуімнің себебі 350 мыңнан асатын халқы бар Тараз қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімін басқару оңай міндет болған жоқ. Білімі де, біліктілігі де жоғары облыс, қала әкімдерімен иық тіресе жұмыс жасап, сол жинаған тәжірибемізді туған мекенге салуға келген жайым бар. Шынымен-ақ қырық күн болыпты. Мұны Сіздер байқамасаңыздар біз есептеп жүрген жоқпыз.
Осыдан он жыл бұрынғы Жаңатас пен қазіргі қаланы салыстыруға келмейді. Өзгерістер көп. Ол кезде мұздай судың өзі сағатпен беріліп, Жаңатас қаласының өз бюджеті де болмайтын. Тіпті қала ішіндегі қоқыстың өзін шығаратын техника жоқ-тын. Ауданда тек ірі кәсіпорын қатарын — «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені ЖШС-нің Қаратау филиалы ғана құрайтын. Қаланың ішкі жұмыстарына сол кездегі жалғыз ірі өндіріс орыны көп көмек беретін.
Ал қазір, Жаңатас өзгерген. Су күндіз-түні беріліп тұр. Қаланың орталық көшелері мен жеке тұрғын үй секторындағы көшелер жарықтандырылып, жолдары жаңартылған. Орталық саябақ пен аллеялар, «Даңқ» монументі жөнделген. Балалар ойын алаңшалары, стритваркауттар салынып, жаңара түскен. Жаяу жүргіншілер жолы мен шағын аудандардағы жолдар асфальтталған. Жастар қаласы жайнап, түлеген. Әрине бұл Тәуелсіздіктің жарқын жемісі деп білемін.
Жаңатас –жастардың, табиғат ананың бергенін өндіріп, нанын тапқан кеншілердің қаласы.
— Жастардың қаласы деп қалдыңыз. Жастарды аудан аумағында тұрақтандыру үшін қандай жұмыстар жасалуда?
— Қазіргі таңда, аудан жастары еліміздің үлкен қалаларында білім алып ауданға келуде. Дипломы бар жас «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмыс жасап, мамандығы бойынша қызметке орналасуға үлкен мүмкіндік алады. Алайда, кейде кадр тапшылығы мәселесі кездесетіні жасырын емес. Олар: медицина, білім және өндіріс салаларына қажетті мамандықтар. Сарысу ауданында жастар саны – 9545. Соның ішінде Жаңатас қаласында – 4869 болса, ауылдық округтерде – 4676 жас. Бұл өңір халқының 21% құрайды. Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жұмыс атқарады. Мекеменің мақсаты мен міндеттері – жастарды және жастар ұйымдарын қолдау, дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, волонтерлік қызметті дамыту және қолдау, әлеуметтік-психологиялық, құқықтық және дін мәселелері бойынша қызмет көрсету.
Жастарды ауданға тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалардың шапағаты көптеп тиуде. Бөлінген мемлекеттік гранттардың негізінде жастардың әлеуметтік жағдайын көтеру, оларды кәсіпкерлікке баулу, өзін – өзі жұмыспен қамту мақсатында беріледі. 2019 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 3 млн-ға дейінгі қайтарымсыз грантты 21 жас иеленіп, қазіргі таңда өз істерін дөңгелетіп отыр. Олар бөдене жұмыртқасы, домбыра жасау, рабица торларын өндіру, құрылыс қолғаптарын өндіру және құлпынай өсіру сияқты жұмыстарды жүргізіп, жемісін көруде. Сонымен қатар, 505 мыңға дейінгі қайтарымсыз грантты 152 жас алып, өз кәсіптерін ашты. Олар мал шаруашылығы, құс шаруашылығы сияқты жемісті жұмыстарды қолға алған. Ал, биылғы жылы қайтарымсыз 530 мың теңге несие алуға 36 жас құжат өткізіп, оның 15-і алды. Қалғандарының құжаттары комиссияда қаралуда.
Ауданда NEET жастар үлесі 2019 жылы — 52 жасты құраса, 2020 жылы – 10 жасты құраған. Жастар ресурстық орталығынан жаңадан бір бөлім іске қосылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында «Сарысу адалдық алаңы» жобалық кеңсесі өз жұмысын бастаған. Жастар ресурстық орталығының өз ғимараты бар. Юиыл жөндеуден өтуде.
Жаңатас көпсалалы колледжінде 2018-2019 жылдардағы оқу жылында 107 студент білім алып, оның 92 пайызы жұмыспен қамтылса, 2020 жылы 221 студент білім алды. Қазіргі таңда, олардың жұмысқа орналасуы бойынша база жасақталып жатыр.
№ 11 Жаңатас колледжінде 2019 жылы 79 студент білім алып, оның 69 –ы, тұрақты жұмысқа орналасса, 2020 жылы 93 студент білім алып, олардың жұмысқа орналасуы бойынша база жасалуда.
№ 5 Жаңатас колледжінде 2019 жылы 73 студент білім алып, оның 17 –сі, тұрақты жұмысқа орналасса, 2020 жылы 61 студент білім алды.Биылғы «Еріктілер» жылы аясында жастарды ауданда тұрақтандыру және акцияларға белсене тарту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілген.
Ауданда барлығы 205 еріктінің базасы жасақталған. «Жаңатас жастары» (құрамында 103 ерікті) мен «Біз Сарысуданбыз» (құрамында 102 ерікті) 2 волонтерлық ұйым жұмыс атқаруда.
COVID-19 пандемиясы өршіп, елімізде төтенше жағдай орын алған кезде, ауданымыздың еріктілері де үнсіз қалмады. Олар бетперделерді тігумен айналысты. Аз қамтылған отбасыларына — 9 250 бетперде тегін үлестірілді. Сонымен қатар, жастар болып бірлесіп пейілі кең азаматтардың демеушілігімен Жаңатас қаласындағы аз қамтылған, көпбалалы, көмекке мұқтаж отбасыларына арнайы азық-түлік пакеттерін таратты. Акцияға қаламыздың кез-келген тұрғыны қатысуға мүмкіндік алды. Нәтижесінде аудандағы 630 отбасына — 9 954 000 теңгеге азық-түлік таратылды. Мекеме қызметкерлері қала және ауылдық округтерде қойылған блок-посттарда кезекшілік атқарып, өз белсенділіктерін танытып, нәтижелі жұмыстарын көрсетсе, блок пост күзетшілеріне бір мезгіл ыстық тамақ әзірленіп, ерікті жастардың көмегімен таратылды.
Жалпы айтқанда жергілікті атқарушы органның негізгі міндеті жастарды тұрақтандыру үшін мемлекет тарапынан жасалған жағдайды жергілікті жерлерде іске асыру.
— Аудандағы ірі кәсіпорындар қатарын құрап отырған «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-і мен «Қаратау» ТКӨК қандай әлеуметтік көмектер беруде? Жалпы қала мен ауданның дамуына қосып отырған үлестері бар ма?
— Жаңатастың жаңарып, жасаруына үлкен үлес қосып отырған әуелі «Қаратау» ТКӨК екендігін айтуымыз керек. Бұл кәсіпорын ауданды қандай дағдарыс, қандай төтенше жағдай болмасын тығырықтан шығуына берген көмегі жетерлік десек артық айтпаймыз.
Қазіргі уақытта «Қаратау» ТКӨК-інде 1500-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың көпшілігі аудан тұрғындары. М.Сәрсенов басшылық жасайтын «Қаратау» тау кен-өңдеу кешені әлем бойынша тараған COVID-19 індетінің алдын алу шараларын яғни күнделікті қала ішіндегі көп қабатты үйлер мен ғимараттарды, көшелер мен аллеяларды залалсыздандыруға қажетті техника бөліп отыр. Сонымен бірге өз қатарларында жұмыс жасайтын аз қамтамасыз етілген, көпбалалы отбасыларына және мүмкіндігі шектеулі балалары бар азаматтарға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.
Маусым айында ғана «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені бойынша 170, «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені бойынша 48 отбасының әрбірі 50 келі ұнмен, 25 келі қантпен және 25 келі күрішпен қамтамасыз етілді. Сол отбасылардың барлығына тағы да 25 келіден күріш берілді. Сонымен қатар, «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені бойынша 41, «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешені бойынша 13 отбасына 50 келі ұн мен 50 келі күріш үлестірілді.
Бұл Мұратқали Бақыткерейұлы сынды кең жүректі азаматтың бастамасы. Мұндай игілікті істерді жасауды кешен басшысы өзінің азаматтық борышы деп санайды. Сарысулықтардың қашаннан алғысына кенелген Сарсенов мырза бұл жолы Құрбан айт мерекесі күні де көптің алғысына кенелді. Қасиетті мейрам қарсаңында кешендіктер 180 отбасына ет таратып, құрбандық шалды.
«ЕвроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-і жыл сайын кен орындарына қажетті білікті мамандардың тапшылығын жою мақсатында Жаңатас қаласында мектептерден үздік оқушыларды және ниет білдірген мектеп бітірушілерін Ресей Федерациясындағы Новочеркаск қаласындағы М.И. Платов атындағы Оңтүстік Ресей мемлекеттік политехникалық университетінде білім алуларын қамтамасыз етіп отырады. Қазіргі уақытта 2019 жылдан бері білім алып жатқан 12 сарысулық студент бар.
Бұл әрине мектеп бітірген ұл-қыздарын жоғары оқу орнына түсіруге жағдайы жетпейтін отбасыларына үлкен көмек. Одан бөлек қайырымдылық акциялары кезінде Ресей компаниясының Сарысудағы филиалы үнемі қолғабыс беріп отырады. COVID-19 пандемиясымен күрес кезінде демеушілік көмек ретінде Сарысу аудандық орталық ауруханасының провизорлық бөлімшесіне өкпені жасанды тыныс алу ИВЛ аппараты мен қорғаныш киімдерін және басқа да қажетті құралдарды алуға 28 млн. теңгеге демеуші ретінде көмек көрсетті.
2018 жылдан бастап, Түркістан ауылдық округінің аумағына жел электр бағаналарын қойып жатқан «Жаңатас-Жел-Электр-Станциясы» ЖШС-і де 19 млн. теңгеге демеушілік көрсетіп, Жаңатас қаласының Әулие ата көшесінің бойындағы жаяу жүргіншілер жолы мен абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, көп балалы және жалғыз басты аналардың пәтерлерінің жөндеу жұмыстары мен үй шатырларын жаңартуға қолғабыс беруде.
Аудандағы бұл үш ірі кәсіпорын әлі де аймақтың дамуына өз үлестерін қосады деп сенім білдіргім келеді.
— Қазіргі таңда аудандағы күрделі 3 мәселені атасаңыз?
— Жамбыл облысының батысында орналасқан Сарысу ауданының бүгіні берекелі, болашағы баянды. Аймақта Елбасы Жолдауларының негізінде өмірге келген мемлекеттік бағдарламалар сәтті жүзеге асып, жаңа жұмыстары ашылуда. Келесі жылы аудан тұрғындары көптен армандаған табиғи газдың келетіні қуантады. Тоғызкент, Досбол, Майлыкөл және Әбілда ауылдарына газ өткен жылы кіргізілген болатын.
Қазіргі таңда аудандағы 25 ауылдың 15 ауылында ауыз су бар. Алдағы жылдары қалған 10 ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыратын боламыз. Сонымен қатар, ауданда жалпы саны 227 көше болса, оның 145-інде жарық орнатылған. Биыл 39 көшенің жолы орта жөндеуден өтіп, 6 ауылға кіре беріс жолдар жаңартылды. Бұл деректерді айтып отырғанымның себебі бұлар да басты мәселелер қатарында.
Десек те, аудан тұрғындарының көкейінде жүрген маңызды мәселелер баршылық.
Олар: біріншісі, ауданға медицина мамандарын тартып, әр ауылдағы фельдшерлік пункттерге білікті дәрігерлердің қажеттігі. Екіншісі, Байқадам ауылдық округі маңындағы 5 ауыл мен Жайылма, Тоғызкент және Досбол ауылдық округтерін суармалы сумен қамтамасыз ету. Үшіншісі, ауданның шеткі округі саналатын Қамқалы ауылдық округімен арадағы-92 шақырымдық Досбол-Шығанақ үлкен жолын күрделі жөндеуден өткізу.
Аудан әкімінің негізгі міндеттерінің бірі инвестиция тарту мен жұмыссыздықты азайту. Биыл «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-інің екінші өндіріс орынының құрылысы басталса 200-ге жуық адам, ал Тоғызкент ауылдық округінің аумағынан салынатын жылдық қуаттылығы 400,0 мың тоннаны құрайтын кальцийлендірілген сода өндіру зауытының құрылысына 500 адам құрылыс жұмыстарына тартылатын болады. Инвестор- «Yildirim Holding Kazakhstan» компаниясы. Инвестиция көлемі- – 325 000 000 АҚШ доллары. Құрылыс жұмыстарын -2021 жылдың 1-ші жартыжылдығында бастау жоспарлануда. Зауыт толық іске қосылған уақытта250 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетін болады.
Ал, жыл санап жаңарып келе жатқан аудан орталығы – Жаңатас қаласы үшін тұрғын үй қатарын көбейту күн тәртібінен түспейтін мәселелердің бірі. Себебі, жұмыс орындары ашылып, адам саны да көбеюде. Табиғи өсімнің де барын жасырмаймыз. Қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде -1807 азамат тұр. Тұрғын үй қажеттілігін толық шешу мақсатында жыл сайын кемінде 2 үйден бұрынғы бос үйлер қалыпқа келтірілуде, биылғы жылы 180 пәтерлік көп қабатты үй жөнделуде. Жыл соңына дейін аяқтап, кезекте тұрғандарға жаңа пәтер кілттерін тапсыру ойымызда бар.
Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларды, жас отбастарын баспаналы ету –басты мақсаттарымыздың бірі.
-Сұқбатыңызға рахмет!
Исламбек Дастан