Әзірше медаль санымен үшеу. Олимпиадаға жеті боксшыдан біреуі ғана жартылай финалға өтті. Семсерлесушілер алтынша орын алды. Басқа спортшылар финалдық немесе жартылай финалдық сайыстарға өте алмай қайтуда.
ШОЛУ
29 ШІЛДЕ 2024 жыл
Париж Олимпиадасында саблямен семсерлесуден әйелдер арасындағы бәсеке басталды.
Турнирді 1/32 финалдан бастаған Әйгерім Сарыбай алжирлік Чайма Бенадоуданы жеңді.
Есеп — 15:9. Келесі айналымды Сарыбай франциялық спортшы, екі дүркін Олимпиада жүлдегері Манон Брюнемен кездеседі.
Нысана көздеуден Қазақстан командасының мүшесі Александра Ле жекелей сында Олимпиада ойындарын аяқтады.
Спортшы 10 метрге пневматикалық винтовкамен нысана көздеуден финалға шыққан болатын.
Жарыс ережесі бойынша, төмен нәтиже көрсеткен спортшылар турнирден шыға бастайды.
Александра үшінші мүмкіндіктен соң, жарысты аяқтап, жалпы есепте 6-орынға тұрақтады.
Нысана көздеуден Қазақстан командасы Париж Олимпиадасында командалық іріктеуге қатысты.
Никита Чирюкин мен Ирина Юнусметова пневматикалық тапаншамен 10 метрге нысана көздеуден сынға түскен болатын.
Іріктеуде олар 575 ұпай жинап, 11-орын алды.
Финалдық кезеңге алғашқы төртікке енген спортшылар жолдама алды.
Париж Олимпиадасында саблямен семсерлесуден әйелдер арасындағы бәсекелер жалғасуда. Өкінішке қарай, Әйгерім Сарыбай жеңіліс тапты.
Әйгерім Олимпиаданың 1/16 айналымында екі дүркін Олимпиада жүлдегері, франциялық Марин Брюнеге жол берді. Есеп — 12:15.
Садақ атудан Қазақстан ерлер командасы Париж Олимпиадасының 1/8 айналымында жеңіліс тапты.
Ширек финалға жолдама беретін сайыста қазақстандықтар Италия құрамасына 4:5 есебімен жол берді.
Париж Олимпиадасында Қазақстан намысын Ильфат Абдуллин, Александр Еременко және Дәулеткелді Жаңбырбай қорғаған болатын.
Қазақстандық дзюдошы Данияр Шамшаев Париж Олимпиадасындағы бірінші жекпе-жекте жеңіліп қалды.
73 келіде сынға түскен ол өзбекстандық Муроджон Юлдашевқа шидо саны бойынша есе жіберді.
Айта кетейік, бұл Шамшаевтың алғашқы Олимпиадасы.
Жүзуден Қазақстан командасының мүшесі Ксения Игнатова іріктеуден өте алмады.
100 метрге шалқалап жүзуден сынға түскен ол жалпы есепте 26-орын алды. Ал жартылай финалға алғашқы 16 спортшы өтеді.
Париж Олимпиадасында қазақстандық теннисшілер жарыс жолын тегіс аяқтады.
Біздің команда сапынан соңғы болып кортқа шыққан Александр Бублик пен Александр Недовесов жұптық сында жеңіліп қалды.
Олар Бразилия командасына қарсы ойнап, 4:6, 4:6 есебімен қарсыласқа жол берді.
Бадминтоннан Қазақстан командасының мүшесі Дмитрий Панарин 2024 жылғы Олимпиада ойындарының аясында екінші матчын өткізді.
Панариннің қарсыласы – 22 жастағы канадалық спортшы Брайан Янг.
Матч екі геймге созылып, 21:18, 21:10 есебімен қарсыластың пайдасына шешілді.
Қазақстандық спортшы D тобында өнер көрсетті. Алғашқы ойында ол жапониялық Кенто Нишимотодан жеңілген еді.
Келесі айналымға топта жеңіске жеткен спортшы ғана өтеді.
Кирилл Герасименко екінші матчта жеңіске жетті! Неткен матч болды
Үстел теннисінен Қазақстан командасының үздігі Кирилл Герасименко Париждегі Олимпиада ойындарының 1/8 айнаалымына шықты.
Кирилл 1/16 айналымында өте тартысты матч өткізді. Герасименко германиялық қарсыласы Дан Цюге 1:3 есебімен ұтылып жатқан.
Кейін қазақстандық спортшы қарсыласын қуып жетіп қана қоймай, жеңіске жетті. Есеп – 4:3.
Кирилл Герасименко турнирдің 1/8 айналымына шықты
Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды.
Қоңқабаев 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, испаниялық Айюб Гадфа Дриссиге есе жіберді.
Алғашқы раундта Қамшыбек 3:2 есебімен алға шыққан. Екінші кезеңде төрешілер 4:1 есебімен жеңісті қарсыласқа берді.
Ал соңғы, шешуші раундта жеңіс қазақ боксшысына берілгенімен, жалпы жекпе-жекте жеңіс испандық боксшының еншісінде кетті. Осылайша, Дрисси ширек финалға өтті.
30 ШІЛДЕ 2024 жыл
Дзюдошы Абылайхан Жұбаназар Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіліп қалды.
Ерлер арасында 81 келіде сынға түскен ол бірінші кезеңде венгриялық Атилла Унгвариге есе жіберді.
Кездесу қосымша уақытқа дейін созылып, қарсылас маңызды ұпайды алып кетті.
Осылайша, Жұбаназар келесі айналымға өте алмады.
Қазақстандық дзюдошы Эсмигул Куюлова Париж Олимпиадасының бірінші кезеңінде жеңіліп қалды.
63 келіде сынға түскен Куюлова бірінші белдесуде австриялық қарсыласы Любиана Пловесанаға есе жіберді.
Бүгін 81 келіде белдескен Абылайхан Жұбаназар да алғашқы айналымда жеңіліп қалған болатын.
Әзірге, қазақстандық дзюдошылар еншісінде бір алтын, бір қола жүлде бар.
Әділбек Мусин Париж Олимпиадасында 100 метрге шалқалап жүзуден жартылай финалға өте алмады.
Мусин өз тобында сегізінші орын алып, жалпы есепте 41-орыннан көрінді.
Ал жартылай финалға үздік 16 спортшы өтті.
Стенд атудан Қазақстан командасының мүшесі Мария Дмитриенко іріктеудің алғашқы кезеңінен сәтті өтті.
Дмитриенко «трап» бағдарламасында сынға түсіп, іріктеуден 4-орын алды. Ол жалпы есебі 73 ұпай жинаған. Іріктеудің екінші кезеңіне алғашқы 8 спортшы ғана жолдама алады.
Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының ширек финалына өтті!
80 келі салмақта сынға түскен спортшы австралиялық Каллум Питерспен жұдырықтасты.
Алғашқы раундта Нұрбек 5:0 есебімен алға шыққан. Екінші раундта Каллум дәл солай қарқынды жұдырықтасып, Нұрбекті нокдаунға жіберіп үлгерді.
Матчтың жеңімпазы үшінші раундта шешілді. Төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Нұрбекке беріп, қазақстандық боксшы өте қиын кездесуде ширек финалға өтті.
Париждегі Олимпиада ойындарында садақ атудан ерлер арасындағы турнир басталды. Қазақстаннан алғаш болып Ильфат Абдуллин сынға түсті.
Команда үздіктерінің бірі 1/32 финалда канадалық Эрик Питреске қарсы ойнаған болатын.
Аталған кездесуде Ильфат 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Енді спорттың бұл түрінен Дәулеткелді Жаңбырбай мен Александр Еременко сынға түседі. Олар 1 тамыз күні бақ сынайды.
Қазақстандық боксшы Сәкен Бибосынов Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.
51 келі салмақта бақ сынаған Бибосынов бірінші кездесуде 2024 жылғы Еуропа чемпионы Самет Гумушпен (Түркия) кездесті.
Бибосынов алғашқы раундты 4:1 есебімен өз пайдасына жазды. Екінші раундта ол басымдықты толық қолға алып, 5:0 есебімен жеңді.
Осылайша, кездесу соңына дейін басымдықты ұстап, жеңіске жетті.
31 ШІЛДЕ 2024 жыл
Париж Олимпиадасында триатлоннан әйелдер арасындағы бәсеке өтуде.
Бұл сынға қазақстандық спортшы Екатерина Шабалина да қатысқан болатын.
Өкінішке қарай, ол жарысты толық аяқтай алған жоқ. Жүзуден 55-орын алған ол велокезең кезінде жарысты жалғастырудан бас тартты.
Нысана көздеуден Қазақстан командасының мүшелері Ислам Сәтпаев пен Константин Малиновский іріктеуден өткен жоқ.
Спортшылр кіші калибрлі винтовкаамен үш позицияд нысана көздеуден (50 метр) іріктеуге қатысқан болатын.
Сәтпаев 588 ұпймен 18-орын алса, Малиновский 586 ұпаймен жарысты 25-орында аяқтады.
Финалға іріктеу қорытындысы бойынша алғашқы сегіз спортшы жолдама алды.
Бокстан Қазақстан командасының мүшесі Махмұд Сабырхан Париж Олимпиадасындағы алғашқы жекпе-жегінде жеңілді.
Қазақстандық боксшы Олимпиаданың бірінші айналымында испаниялық Хосе Кильеске есе жіберді.
Испандық атлет бірінші раундта 4:1, екінші раундта 5:0, ал үшінші раундта 3:2 есебімен басымдық танытты. Қорытынды есеп — 4:1.
Бұл Париж ойындарын аяқтаған ұлттық құраманың үшінші боксшысы.
Стенд атудан Париж Олимпиадасында бақ сынап жатқан Мария Дмитриенко финалдан сырт қалды.
«Трап» бағдарламасы бойынша іріктеудің алғашқы күнінде Дмитриенко төртінші орыннан көрінген болатын.
Алайда, екінші іріктеу кезеңінде отандасымыз бұл басымдықты ұстап тұра алмады. Ол 120 ұпаймен оныншы сатыға орналасты.
Ал финалдық кезеңге іріктеу қорытындысы бойынша алғашқы алтылыққа енген мергендер жолдама алды.
Аралық нәтиже бойынша, испаниялық Мар Мольне 123 ұпаймен көш бастап тұр.
Үстел теннисінен Қазақстан командаасының үздігі Кирилл Герасименко Париж Олимпиадасының ширек финалына өте алған жоқ
Олимпиаданың 1/8 айналымында Герасименко Египет өкілі Омар Ассармен кездесті.
Алғашқы екі сетте Герасименко 11:8, 11:6 есебімен қарсыласын оңай жеңді. Үшінші кезеңді египеттік теннисші өте қарқынды бастап, қара үзіп кеткен болатын.
Десе де, Герасименко есеп айырмасын қысқартты. Алайда, тап осы сетте жеңіс 12:10 есебімен қарсылас еншісінде кетті.
Содан соң, Омар Ассар тағы да белсенділік танытып, 12:10 және 11:9 есебімен жеңісті жұлып алды.
Осылайша, 3:2 есебімен жалпы есете алға шықты.
Ал шешуші сетте Герасименко таразы басын теңестіре алған жоқ. Жеңіс 4:2 есебімен египеттік Ассардың еншісінде кетті.
Айта кетелік, бұған дейін Кирилл Герасименко германиялық Дан Цюді ұтқан болатын.
Спорттық гимнастикадан Қазақстан командасының үздігі Милад Карим Париж Олимпиадасының финалдық сынын аяқтады.
Бүгін Олимпиадада спорттық гимнастикадан жекелей көпсайыс аяқталды. Карим жалпы есебі 76.065 ұпай жинады.
Төменде оның әр жаттығуға алған ұпайы көрсетілген:
Еркін жаттығу — 13.433
Тұтқалы ат жаттығуы — 8.533
Шығыршықтағы жаттығу — 12.933
Қол тіреп секіру — 14.400
Қоссырықтағы жаттығу — 14.066
Көрмелері жаттығу — 12.700.
Айта кетейік, Милад 3 тамыз күні қол еркін жаттығудан финалда сынға түседі.
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Валентина Хальзова (75 келіге дейін) Олимпиаданы алғашқы кездесуден соң аяқтады.
Хальзова бірінші айналымда панамалық Атейла Байлонмен кездескен болатын.
Алғашқы раундта қазақстандық спортшы 3:2 есебімен алда тұрды. Екінші раундта төрешілер Атейлаға ескерту беріп, ұпайын алып тастады. Соған қарамастан, бұл кезеңде де панамалық боксшы 4:1 есебімен ұтты.
Ал шешуші раунда Байлон тағы да 4:1 есебімен жеңіп, келесі айналымға өтті.
1 тамыз 2024 жыл
Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Нұрлыхан Шархан Олимпиаданың келесі айналымына өтті.
100 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан Шархан алғашқы айналымда бельгиялық Тома Никифоровпен кездесті.
Белдесу барысында бельгиялық балуан үш ескерту алып, кездесу қазақстандық дзюдошының жеңісімен аяқталды.
Нұрлыхан Шарханның келесі қарсыласы — өзбекстандық Мұзафарбек Тұробаев.
Садақ атудан Қазақстан командасының мүшесі Дәулеткелді Жаңбырбай Париж Олимпиадасындағы жекелей сынға қатысты.
Дәулеткелді 1/32 финалда колумбиялық Хорхе Энрикемен кездескен болатын. Аталған кездесу 7:3 есебімен қарсылас пайдасына аяқталды.
Айта кетелік, бұған дейін Дәулеткелді Жаңбырбай Қазақстан сапында командалық жарысқа қатысып, Италиядан 4:5 есебімен ұтылды.
Жекелей сында тағы бір қазақстандық спортшы — Ильфат Абдуллин канадалық қарсыласына есе жіберіп, жарысты аяқтаған еді.
Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Нұрлыхан Шархан Париж Олимпиадасының екінші айналымында ұтылды.
100 келіге дейінгі салмақта сынға түскен спортшы өзбекстандық балуан, 2022 жылғы әлем чемпионы Мұзафарбек Тұробаевтен жеңілді.
Кездесу 1:1 есебімен өрбіген, алайда, белдесу соңына қарай Шархан қарсыластан таза ұтылды.
Осылайша, қазақстандық дзюдошылар жекелей сында Париж Олимпиадасын аяқтады. Енді олар аралас командалық сында өнер көрсетеді.
Александра Ле мен Арина Алтухова Париж Олимпиадасындағы іріктеу сынынан өте алмады.
Екі спортшы 50 метрге үш позицияда нысана көздеуден сынға түсті. Өкінішке қарай, екеуі де финалға өте алмады.
Александра Ле 10, Арина Алтухова 13-орында. Финалға алғашқы сегіз спортшы өтті.
Париж Олимпиадасында әйелдер боксынан ел намысын қорғап жатқан Назым Қызайбай ширек финалға жолдама алды.
50 келі салмақта бақ сынаған Назым 1/8 айналымда бразилиялық Каролин де Алмейдамен кездескен болатын.
Қызайбай алғашқы раундта 5:0, екінші раундта 4:1 есебімен алға шықты.
Үшінші раундта да төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Назымға берді.
Осылайша, қазақстандық боксшы Олимпиаданың ширек финалына шықты. Оның ендігі қарсыласы — колумбиялық Валенсия Виктория Ингрит Лорена.
Париж Олимпиадасында бокстан 92 келі салмақтағы ширек финал бәсекелері өтуде. Өкінішке қарай, қазақстандық Айбек Оралбай жартылай финалға шыға алмады.
Турнирдің 1/4 айналымында Айбек Оралбай Әзербайжан атынан жұдырықтасатын кубалық боксшы Лорено Альфонсо Домингеспен кездескен болатын.
Жекпе-жектің алғашқы раундында Айбек 4:1 есебімен алға шықты. Ал екінші және үшінші раундта төрешілер жеңісті Домингеске берді.
Осылайша, Қазақстан командасының тағы бір боксшысы жарысты аяқтады.
Садақ атудан Қазақстан командасы Олимпиада ойындарын аяқтады. Қазақстандықтар сапынан ең соңғы болып Александр Еременко сынға түсті.
1/32 финалда Еременко франциялық Баптист Аддистен ұтылды. Есеп – 6:2.
Айта кетелік, бұған дейін Ильфат Абдуллин мен Дәулеткелді Жаңбырбай жарыс жолынан шығып қалған болатын.
Бокстан Қазақстан командасының тағы бір мүшесі Олимпиаданы жүлдесіз аяқтады.
Ерлер арасында 63,5 келіде сынға түскен Мұхамедсабыр Базарбайұлы турнирдің ширек финалында грузиялық Лаша Гурулиден жеңіліп қалды.
Алғашқы раундта Базарбайұлы 5:0 есебімен алға шыққан. Алайда, төрешілер екінші раундтағы жеңісті 0:5 есебімен Гурулиге берді.
Шешуші кезеңнен соң қазылар 3:2 есебімен Лаша Гурулиді жеңімпаз деп таныды.
2 тамыз 2024 жыл
Бүгін дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында жекелей сындағы соңғы жарыс күні өтіп жатыр.
Өкінішке қарай, қазақстандық спортшы Камила Берліқаш бірінші белдесуде қарсыласқа есе жіберді.
+78 келіде сынға түскен атлет моңғолиялық Адиясурен Амарсайханнан ұтылды. Камила кездесу барысында үш рет ескерту алды.
Нәтижесінде, жеңіс Моңғолия балуанына берілді.
Айта кетелік, осымен жекелей сындағы қазақстандық дзюдошылар бәсекесі аяқталды. Енді Қазақстан құрамасы аралас командалық сында өнер көрсетеді.
Жүзуден Қазақстан командасының мүшесі Әділбек Мусин Париж Олимпиадасының жартылай финалына өте алмады.
100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден сынға түскен Мусин өз тобында бесінші орын алса, жалпы есепте 29-сатыдан көрінді.
Ал жартылай финалға алғашқы 16 спортшы өтетінін естеріңізге саламыз.
Айта кетелік, бұл Әділбек Мусиннің соңғы жарыс күні. Осымен қазақстандық атлет Олимпиада ойындарын аяқтады.
Жеңіл атлеттер Надежда Дубовицкая мен Елизавета Матвеева Олимпиаданы аяқтады. Нәтижелерін іріктеуден соң хабарлаймыз.
Қазақстандық жеңіл атлеттер Елизавета Матвеева мен Надежда Дубовицкая Олимпиада ойындарын аяқтады.
Олар биіктікке секіруден іріктеу сынына қатысқан болатын. Финалға өту үшін оларға алғашқы 12 спортшының қатарынан көріну керек болды (197 сантиметрді бағындыру немесе одан да жоғары орыннан көріну).
Дубовицкая 183 сантиметрге секірді (ол 188 сантиметрді бағындыраа алмады).
Матвеева 188 сантиметрді бағындырған, алайда, үш мүмкіндігінде де 192 сантиметрді еңсере алмады.
Іріктеу қорытындысы бойыншаа Надежда Дубовицкая 28, Елизавета Матвеева 19-орында.
Олар финалға жолдама алған 12 спортшының қатарына қосыла алмады.
Семсерлесуден Қазақстан құрамасы командалық сында Венгриядан жеңіліп қалды
Бокстан Қазақстан ерлер құрамасының мүшесі Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының жартылай финалына жолдама алды. Оның еншісінде кем дегенде қола медаль бар.
80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Нұрбек ширек финалда әзербайжандық Мурад Аллахбердиевпен кездескен болатын.
Тартысты матчта төрешілер жеңісті қазақстандық боксшыға берді. Осылайша, Нұрбек Оралбай Қазақстан құрамасынан жартылай финалға шыққан алғашқы боксшы атанды.
Айта кетелік, бұған дейін Асланбек Шымбергенов (71 келі), Қамшыбек Қоңқабаев (+92 келі), Махмұд Сабырхан (57 келі), Айбек Оралбай (92 келі) және Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі) жарысты аяқтаған болатын.
Семсерлесуден Қазақстан командасы Париж Олимпиадасын алтыншы орынмен аяқтады.
Бесінші орынға таласта қазақстандықтар Италия құрамасына есе жіберді.
Париж Олимпиадасындағы командалық сынның ширек финалында қазақстандықтар Венгрияға жол берген болатын.
Кейін 5-8 орынға таласу құқығын алып, алдымен Египетті жеңді. Алайда, италиялықтардан ұтылып қалды.
Айта кетейік, Қазақстан командасының намысын Эльмир Алимжанов, Руслан Курбанов, Ерлік Сертай және Вадим Шарлаимов қорғады.
Батуттағы гимнастикадан Қазақстан командасының мүшесі Данил Мұсабаев Париждегі Олимпиада ойындарының финалына шыға алмады.
Ол іріктеу кезеңінің бірінші айналымынан сәтті өтті. Ол өз бағдарламасы үшін төрешілерден 58.070 ұпай алды. Осы аралықта 8-орында тұрған.
Екінші кезеңде ол 55.550 ұпай жинау, өзінің алғашқы нәтижесін жақсарта алмады. Ал бірінші кезеңде қазақстандық спортшыдан төмен тұрған атлеттер әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті. Нәтижесінде, Мұсабаев финалдан сырт қалды.
Айта кетейік, жарыстың финалдық кезеңінң 8 спортшы шығады.
Қазақстандық боксшы Карина Ибрагимова Париж Олимпиадасын 1/8 айналымда аяқтады.
Ибрагимова ширек финал жолдамасы үшін Пуэрто-Рико өкілі Эшлиян Лосада Моттомен кездескен болатын.
Өкінішке қарай, төрешілер жеңісті қарсыласқа беріп, қазақстандық боксшы жарысты жүлдесіз аяқтады.
Бокстан Қазақстан құрамасының мүшесі Сәкен Бибосынов ширек финалда жеңілді.
51 келіде бақ сынайтын боксшы өзбекстандық Хасанбой Досматовтан жеңілді.