Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» алаңында облыс әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатырованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Жәмилә Елеуқызы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін облыс мектептеріне енгізу туралы баяндап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Облыстың барлық мектептерінде 1,2,3,5,6,7,8 сыныптары НЗМ бағдарламасына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұнына көшті. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін тарату мақсатында облыста 40 білім мекемесі базалық алаң ретінде жұмыс атқаруда.
2018 жылы 5434 мұғалім курстан өтті (Жалпы 2016, 2017, 2018 жылдары – 15840 мұғалім курстан өтті). Осы мақсатта білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың (16 391 пед.ставка) лауазымдық жалақысын 30 пайызға көбейтуге 2018 жылға республикалық бюджет есебінен 3 млрд 540 млн. 799 мың теңге бөлінді.
Облыс педагогтарына білім мекемелеріне Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық тәжірибесін енгізуде әдістемелік қолдау көрсету мақсатында облыстық білім басқармасы, педагогикалық шеберлік орталығы, Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен біріккен жоспар жасалды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің іс тәжірибесін тарату мақсатында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ басқармасы мен облыс әкімі Меморандумға қол қойды.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ тәжірибесін орта білім мекемелеріне енгізу бойынша желілік кестесі әзірленді. Әр аптада 2018-2019 оқу жылында 1 мектепте озық іс тәжірибені тарату бойынша тәжірибе алмасу шаралары өткізілуде.
Жалпы білім беретін мектептердің тәжірибесіне Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім бағытындағы критериалды бағалау, оқушылардың жобалық және зерттеу қызметін ұйымдастыру, тәрбие бағытындағы «Шаңырақ» оқушылар қауымдастығы жобасы бойынша «Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициялары, «Оқуға ұсынылатын 100 кітап», Интеллектуалды және онлайн интерактивті ойындар жарысы (олимпиадалар), «Флеш-моб», «Мектеп түлектерінің күндері», «Денсаулық күні», «Өнер күні», «Вookсrossing» жобалары енгізілуде.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің алдынғы қатарлы педагогикалық тәжірибесін жүйелі түрде тарату мақсатында әрбір аудан орталығында базалық мектептер желісін кеңейту жұмысы жалғастырылады.
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің озық іс тәжірибесі 2019 жылы мектептердің 50%-на, 2020 жылы 100%-на енгізіледі.
2019 жылы НЗМ бағдарламасына сәйкес жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 6179 педагог біліктілігін арттыру курстарынан өтеді.
НЗМ тәжірибесін тарату аясында үш тілде білім беруді кезең-кезеңімен енгізу үшін Жамбыл облысында жалпы білім беретін мектептерде жаратылыстану ғылымдары пәндерін ағылшын тілінде оқытуды енгізудің Кестесі және Картасы әзірленді.
2018-2019 оқу жылында 277 мектепте физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде оқытылады (768 сыныпта 19200 оқушы қамтылды). Оларға барлығы 755 мұғалім сабақ береді. Бұл мұғалімдерге пәндерді ағылшын тілінде жүргізгені үшін 35 мың теңге қосымша қаржы төленуде.
2018 жылы облыста ІТ лицей-интернаты, 14 IT-сыныптары ашылды. 152 (34%) мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталды. 2018 жылы мектептерді робототехника кабинеттерімен жабдықтауға жергілікті бюджеттен 522 млн. 227 мың 500 теңге қаралған.
94,8% мектеп жоғары жылдамдықтағы интернет желісіне қосылды (4 мбит/с жоғары). 10 908 оқу кабинетінің 7158-і (65,6%) компьютермен жабдықталды. 2018 жылы оқу кабинеттерін компьютерлік техникамен жабдықтауға 861 млн 402 мың 300 теңге бөлінді (интерактивті құрылғыларға 190 млн 603 мың 800 теңге, дербес компьютерге – 191 млн 223 мың 500 теңге, жаңа модификациялы кабинеттермен жабдықтауға (химия, физика, биология) – 479 млн 575 мың теңге)