Қарағандыда 100-ден аса күй білетін 85 жастағы Күлмара Рақымбекқызы Ақтоғай ауылының балаларына домбыра шертуді үйретіп жүр.
Хабар24 сайтының хабарлауынша, игі іспен айналысып жүрген әжей осыдан төрт жыл бұрын толықтай жанарынан айрылған. Қария оған қарамастан күніне бір мезгіл домбырасын қолына алып, жақындарын қуантып тұрады.
7 жасында алғаш қолына домбыра ұстаған Күлмара әжейге талант әкесінен дарыған. Ол кезінде белгілі күйші болған. Күлмара әжей 13 жасында алғаш өзінің мектепшілік музыкалық ансамблін құрған. Ол – Аққыз күйшінің шәкірті.
– Әр уақытта күйшінің жанында болуға тырысатынмын. Ол білетін шығармаларды жаттап алдым. Оның батасы әлі есімде: өмірдей нендей жағдай болмасын, домбыраны тастаушы болма, – дейді Күлмара Рақымбекқызы.
– Домбыра әрдайым жанында жүреді. Адамдарға домбыра шертіп беруден рахат алады. Оның 6 баласы да өнерге жақын, домбырада, гитарада, пианинода ойнайды, – деді Ақтоғай ауылының тұрғыны Назигүл Түсенова.
Дереккөз-https://kaz.orda.kz/100-den-asa-k-j-biletin-85-zhasta-y-zhej-balalar-a-dombyra-jretip-zh-r/