Жуалы аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Алпысбай Батихан қызметінен босатылды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың шілде айында аудандық аурухананың қызметкері Ф. Жанбатырова «мекеме әкімшілігі коронавируспен күреске байланысты берілген үстемеақының бір бөлігін қайтаруды талап етіп жатыр» деп шағымданған. Шағымы әлеуметтік желіге жарияланған соң ауданға қызметтік тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия аттанған болатын.
Қызметтік тексеру нәтижесінде, Ф. Жанбатырованың келтірген кей деректері расталды. Ұжым ішінде жайсыз моральдық-психологиялық жағдай қалыптасқаны анықталды. Оған, бірінші кезекте, емдеу мекемесі әкімшілігінің кәсіптік міндеттеріне жауапсыз қарағаны әсер еткен.
Барлық материалдар құқық қорғау органдарына жіберілді.
Тәртіп бұзғаны үшін бас дәрігердің экономика жөніндегі орынбасары А. Байтөреев қызметінен босатылды. Өз кезегінде бас дәрігер А. Батихан денсаулық жағдайына байланысты демалысқа шығып кеткен. Сондықтан еңбек заңнамасына сәйкес, оны қызметінен босату мүмкін болмады.
2020 жылдың 5 қазанында А. Батихан жұмысқа шығып, 20 қазан күні тағы бір рет уақытша жарамсыздық парағын аштырған. Денсаулық сақтау басқармасымен тексеріс жүргізіліп, нәтижесінде емдеу мекемесі басшысының демалысқа негізсіз шыққаны анықталды.
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушының 2020 жылдың 26 қазанындағы бұйрығына сәйкес, А. Батихан тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметінен босатылды