Жат ағымның жетегінде кетпейік
Жақында №9 Меркі колледжінде дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды. Білімгер жастармен болған кездесуде «Меркі-Шапағат» жастар қоғамдық ұйымының төрайымы Ә.Исаева қысқаша сөз сөйлеп ашып, одан соң негізгі тақырып бойынша Жамбыл облысы Дін істері басқармасының Меркі ауданы бойынша инспекторы, теолог Б.Жұмасетовке сөз берді. Б.Жұмасетов «Дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу туралы» баяндама жасады.Бақыт Әбдіқадірұлы дәстүрлі емес діни ағымдардың не екені, олардың мақсаттары және олардан сақтанудың жолдары туралы түсіндірді.
-Жат ағымдардың жетегіне еру фактілерінің біздің елімізде де орын алып отырғаны жасырын емес. Бұл – мемлекет пен елдің бірлігі, қоғамның қауіпсіздігі үшін ең қауіпті індеттің бірі болып табылады.Жалпы, зайырлы қоғамды алаңдатып отырған мәселе дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарына жастардың еніп кетуі болып отыр. Дәстүрлі емес діни ағымдарға жастардың кіріп кетуінің бір себебі, еліміздегі жастардың діни сауаттылығының әлі де болса төмендігі, оның дәстүрлі емес діни ағымдардың өз миссияларын орындауына жол беріп отырғаны. Қоғамдағы әлеуметтік жағдайдың әсері, материалдық жетіспеушілік, жұмыссыздық мәселелерінің де жекелеген жастарымыздың осындай адасушылыққа баруына әсер еткені рас. Осы сияқты мәселелер теріс пиғылды діни ағымдардың жастарды өз қармауына түсіруіне басты себеп болып отыр. Мұнымен бүкіл қоғам болып күресу – басты міндетіміз — деді Б.Жұмасетов.
Одан соң баяндамашы Қазақстан Республикасының «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының (2011 жылы) қабылдануы, еліміздегі діни конфессиялар, Қазақстанда тыйым салынған діни ағымдар туралы, дінді қате түсінудің неге ұрындыратыны және т.б. туралы әңгімеледі.Сонымен қатар, интернет-ресуртарды, түрлі сайттарды пайдаланғанда абай болу керектігін, сезікті нәрселерге сақтықпен қарау қажеттігін естеріне салды.
Дөңгелек үстел жиынында колледж білімгерлері теолог-маманға бірнеше сауалдар қойып, өз ойларын ортаға салды.
«Дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу туралы» жиындар мен дөңгелек үстелдер Меркі, Жамбыл, Аспара, Т.Рысқұлов және тағы басқа да ауылдық округтерде болып өтті.
Ә.Әлимансұр,
Меркі